Мұсылман нәжіс болмайды немесе тазалықшы апайдың әңгімесі
Мұсылман нәжіс болмайды немесе  тазалықшы апайдың әңгімесі
25.08.2017 00:05
4219
0

Қай сапарымда болмасын, орайы келіп жатса, сол жердің мешітіне бас сұқпай кетпеймін. Алланың үйіне адам қашан да ынтық тұрады емес пе?!

Өткен аптада Түркістанға барған сапарымда қаланың түркі сәулетінде салынған жаңа мешітінде болдым. Ондағы әжелер, әйел, қыз-келіншектермен сұхбаттасып, ұстаздарымен пікір алысудың да сәті түсті. Алайда, дәл осы сапарда маған кездейсоқ кезік болған орта жастағы әйел менің ерекше есімде қалды.

Мешіт төңірегіндегі тазалыққа жауапты апаның екі бірдей ұлы бар. Қашан да баласының қамы үшін шырылдап жүретін барлық аналар секілді ол да осынан алатын азын-аулақ жалақысынан жырып, басқа қаладағы ұлына ара-кідік көмек жіберіп тұрады екен.

Мешіт маңынан өтіп бара жатқанымда әлгі кісі маған жолай кез болды. Түскі үзіліске шыққан екен. Сүннет бойынша сәлемді жайып, танысқаннан кейін апаммен әңгімеміз жараса кетті. Отбасылық жағдайын айтып, ашық сөйлесіп отырғанымызда кенет сөзінен бір жаңсақ ой байқап қалдым. Мұсылманның жарты иманына теңелген тазалықты қамтамасыз етіп, үлкен сауапты іс жасап жүрген апамыз керісінше бұған кемшілік деп қарайды екен. Өз аузынан: «Тазалықшы болып күніге күл-қоқыстың арасында жүргендіктен болар, жұмысымның ластығы себебінен өзімді де таза емес секілді сезінетінмін» дегенін естідім. «Мұсылман еш уақытта нәжіс болмайды!» деп пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтпақшы, оның дереу бұл ойының жансақ екендігін жеткізіп, мұсылманның таза жүріп-тұруының өзі иманнан, исламда бар дүние екендігін ескерттім. Бұл сөзім жанына шипа дарытқандай, әлгі кісінің жүзі шуақтанып, қоштасқанымызда ерекше алғыс айтты. Дәл осы жағдайды әйгілі сахаба Әбу Хұрайраның мысалына ұқсаттым. Оқиғаны сахабаның өзі былай деп жеткізеді:

«Бір күні Мәдина қаласында бір көшенің бойында Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) қарсы келіп қалдым. Мен (Пайғамбарымызға көрінбей) көшенің басқа жағымен бұрылып кеттім. Сөйтіп үйге барып, ғұсыл алып, (содан кейін ғана) Пайғамбардың жанына келдім. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.):

- Ей, Əбу Хұрайра, сен қайда болдың? - деп сұрады.

- Мен ғұсыл алып келдім, сіздің жаныңызда дəретсіз (жүніп күйде) отыруды қаламадым, - дедім.

Сонда Пайғамбар:

- Субханалла. (О не дегенің), мұсылман еш уақытта нəжіс болмайды, - деді». (Бұхари риуаяты).

 

Бұл жердегі нəжіс (жүніп), яғни ластық хақиқи емес, хукми. Яғни жүніп болса да, ол кісімен қарым-қатынас жасаудың, амандасудың, т.б еш сөкеттігі жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да осыны меңзеген болатын.

Мұсылманшылығымызды еш уақытта кір шалмасын! Жұма мүбәрак болғай!

 

Диляром Бектаева,

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

ұстазы

0 пікір