Мойныңа жауапкершілікті алу – үлкен кісілік
Мойныңа жауапкершілікті алу – үлкен кісілік
11.09.2017 13:14
356
0

«Мойныңа жауапкершілікті алу – үлкен кісілік. Өз басым жасымнан еңбекпен өстім. Ал, авиацияда әдеттегі бір жыл екі жылға есептеледі. Оның үстіне ғарыш саласының өлшемі мүлдем бөлек. Әрқашанда шешімді өзің жеке қабылдауың керек және ол мемлекетіңнің игілігіне жараса ғана. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ете алмайтын адам өз Отанына қарсы жұмыс істеп жатыр деген сөз. Қоғамдағы түрлі пәленің шығып жатқаны осындайдан басталады»,-депті  ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

 

 

– Сіздің «Спорт шебері» деген атағыңыз тағы бар. Арқаның алты ай қысында шаңғы теуіп, коньки байладыңыз. Бокс пен волейбол да ойнадыңыз. Бүгінгі таңда, әсіресе, ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін не жетпей жатыр деп ойлайсыз?

– Біріншіден, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруымыз керек. Ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін ірі-ірі ұлттық және шетелдік компанияларға талап қойып, демеушілік мәселесін реттеп алғанымыз жөн. Бізде қазір осы мәселе ақсап тұр. Мектептердегі дене шынықтыру пәніне де ерекше мән берген дұрыс. Кейбір жерлерде еңбек, бейнелеу, дене шынықтыру сияқты пәндерге екінші кезектегі пән ретінде қарайды. Бұл дұрыс емес.

Нәті спортпен айналыспаған ауыл баласы болмаған шығар, болмауы да керек. Керек десеңіз, ертелі-кеш ат үстінде жүру мен бұзау қуып, қой тоғытқанның өзін спорт дер едім. Шіркін, бала кезімде атқа мінуге қатты әуес едім. Мен Арқаның қазағымын. Бұл жақтың қысы сегіз айға дейін созылады. Соның бес айында қар жатады. Мұндай ауа-райында ең қолайлысы шаңғы мен коньки спорты. Мен де бала күнімнен аяғыма шаңғы байлап, осы спортпен шұғылдандым. Қарқаралыда өткен аудандық жарыстарда жүлде алған кездерім де болды. Жалпы шаңғы спортынан белгілі бір деңгейге жеттім деп айта аламын. Волейболмен де бір адамдай айналыстым. Тіпті бірінші разрядты волейболшымын. Қиыр шығыста әскери қызметте жүрген кезімде жеңіл киіммен волейбол ойнайтынбыз.

Сондай-ақ, мектепте жүрген кезімде бокс үйірмесіне бардым. Ірі жарыстарға қатыспасам да, ауыл арасындағы сайыстарда өнер көрсетіп жүрдім. Бірақ әрі қарай қуған жоқпын. Өйткені бокста ауыр соққылар алып, денсаулығыңа зақым келеді. Ал, мен бала күнімнен ұшқыш болуды армандаған адаммын. Ол үшін ең басты талап – мықты денсаулық. Сондықтан арманыма қол жеткізу үшін бокстан ерте кеттім. Ғарышкер болғысы келетін жастарға айтарым да осы,  спортпен шұғылдану арқылы мақсаттарыңыз орындалады. Себебі, біздің салаға екінің бірі келе бермейді.

 

–  Жылқыны туралы айтып қалдыңыз…

– Жаны да, жалы да сұлу жылқы жануар о бастан киелі қазақтың сенімді серігі, қуатты қанаты болған. Әттең, менің жас күнiмде үйде жылқы болмады. Бірақ, көршi-қолаңның үйіріне барып, одан құлынын ұстайтынбыз. «Өскенде менің үйімде мiндеттi түрде жылқы болады» деп мақсат қойдым. Міне, ол да орындалды… Мен сәйгүліктерді ата-бабамыздың дәстүріне сай өте жақсы көремін, кербез жануарларға қарап сүйсінемін, менің қазіргі ермегім де сол. Жылқылардың құйрық-жалдарын төгілтіп, шауып жүргенін тамашалауды мен ғана емес, балаларым да ұнатады, бұл дегеніңіз – тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулық қой. 

 

– Бір жерден «Өзін-өзі дәріптеушілік – өз күші мен қабілетін тым асыра бағалаушылық» дегенді оқып едім. Нағыз халықтың қалаулысы, ұлттың құндылықтардың ұйтқысы дерлік кейбір көкелерімізден сол қасиетті көріп қалып жатырмыз. Бұған не дейсіз?

– Бұл пендешілік, одан басқа ештеңе емес. Үнемі аттың жалында, түйенің қомында жүрген соң ондай-ондайлар бола береді. Бұл жоғарыда айтқан тәрбиеге байланысты нәрсе. Тіпті, бүгіндері қарапайым қазақи тәрбиенің де «қабырғасы» сөгіліп, қадірі тая бастағанына қынжыласың. Әркім өзіне-өзі есеп бергені дұрыс. Мынаны айтайын, ертеде малшы болса да, басың байдың алдында имеген. Биге жүгінген. Бұл – қазақи тәлім-тәрбиенің күретамыры.

 

Мойныңа жауапкершілікті алу – үлкен кісілік. Өз басым жасымнан еңбекпен өстім. Ал, авиацияда әдеттегі бір жыл екі жылға есептеледі. Оның үстіне ғарыш саласының өлшемі мүлдем бөлек. Әрқашанда шешімді өзің жеке қабылдауың керек және ол мемлекетіңнің игілігіне жараса ғана. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ете алмайтын адам өз Отанына қарсы жұмыс істеп жатыр деген сөз. Қоғамдағы түрлі пәленің шығып жатқаны осындайдан басталады.

 

Қасқырбай Қойшыманов

0 пікір