Күндеріңіз сәтті өтсін!
Күндеріңіз сәтті өтсін!
28.06.2019 14:24
383
0

1.Жүзік тасы...

Ақын Хасыржы-Заде Мехмет (1803-1887) әзіл-қалжыңға жүйрік кісі болған екен. Замандасы бас уәзір Фуат пашамен (1814-1868) жақсы қарым-қатынаста болады. Бір күні ақын пашамен бір мәжілісте кездеседі. Ақынның көзі пашаның қолындағы жүзікке түседі. Көз айырмай ұзақ қарап қалады.

Мұны байқаған паша:
- Тасына қарап тұрсыз ба?
- Иә, пашам!
- Алмас қой. 
- Қандай пайдасы бар?
- Тастың қандай пайдасы болушы еді?!
- Менің әкемнен қалған екі тасым бар. Жылына жүз алтын пайда әкеледі. 
- Солай ма?! Ол қандай тастар екен?
- Диірмен тастары пашам!» деген екен. 

Түйін: Пайдасыз заттарды жинағаннан гөрі дүниеде яки ақіретте пайдасы тиетін заттарды жинай жүрейік.

2.Бір мың бір алтын... 

Бір күні сұлтан Сүлеймен аң аулауға шығады. Табан астынан нөсер жауынға тап болып, малмандай су болады. Белшеден суға малынған сұлтан қатты тоңады. Сол маңайдағы шаруалар тұратын жұпыны үйлердің бірін паналауға мәжбүр болады. Үй ішіндегі ошаққа жақын отырып бойына жылу жүгіреді. Жанындағы нөкерлеріне қарап: «Шынында мына оттың құны мың алтынға татиды екен» дейді. Сонымен барлығы ұйқыға бас қояды. Ертесіне таңертең жолға шықпақшы болған сұлтан үй иесінен: «Қанша төлеуіміз керек?» деп сұрайды. Үй иесі: «Бір мың бір алтын төлейсіздер» деп жауап қайырады. Сұлтан таңырқап қапелімде аузына сөз түсе қоймайды. Сұлтанның қатты таңырқағандығын байқаған шаруа: «Кешегі ошақтағы оттың мың алтынға татидындығын сіз өзіңіз айттыңыз. Ал үйге түнеу ақысы бар болғаны бір алтынды құрайды. Соншалықты көп ақша ма?!» деген екен. 

Күндеріңіз сәтті өтсін!

3.Қойын дәптер үліп отырайық)

Осман тарихында ерекше жыр-жазбаларымен танылған әйгілі шайыр Хашметтің (1768) өзі «ақымақ» деп санаған адамдарды түртіп жүретін қойындәптері бар екен. Қандай да бір кісі ақылға сыйымсыз, ақымаққа тән іс жасаса дереу жазып қояды екен. Шайырдың осындай қойын дәптері бар екендігін білген сұлтан Мұстафа III (1717-1774) аталмыш дәптерді ретін тауып қолына түсіреді. Сұлтан ерекше ден қойып қойын дәптерді оқуға кіріседі. Ақымақтардың тізімінде өзінің де есімінің жазылғандығын көреді. Ашуға мінеді. Дереу Хашметті сарайға алдырады. Оны көрген бетте: «Бұл не деген менмендік! Сен қалайша менің есімімді ақымақтардың тізіміне енгізгенсің?!» деп айқайға басады. Шайыр: «Мырзам! Ашуланбаңыз! Сабыр етіңіз! Сіз өткенде бас сейіске (атбегіге) қомақты қаржы беріп, асыл тұқымды араб атын сатып алуды бұйырдыңыз. Арабистанға жібердіңіз. Сондай үлкен көлемдегі қаражатпен Арабистанға кеткен адам қайтып келеді деп ойлайсыз ба?! Міне осы себептен сіздің есіміңіз ақымақтардың тізіміне еніп кетті» дейді. Сұлтан: «Мұның дұрыс қой. Бірақ бас сейіс қайтып келсе ше?» дейді. Шайыр: «Оның жолы жеңіл мырзам! Сіздің есіміңізді тізімнен өшіріп, тізімге әлгі сейістің есімін жазып қоямыз» деген екен. 

Күндеріңіз сәтті өтсін!

 

Бауыржан Алиұлының фб-дағы парақшасынан

 

0 пікір