КӨЗГЕ ТҮСКЕН ТЕСІКТІ БІТЕ!.. (Әпсана)
КӨЗГЕ ТҮСКЕН ТЕСІКТІ БІТЕ!.. (Әпсана)
05.08.2020 12:16
332
0

Бір адамды "қайығымды бояп бер" деп жалдапты. Ол бояуын, асай-мүсейін әкеп, жұмысқа кіріседі. Иесі өтінген соң қайықты алқызыл түске бояйды.

Қайықты бояп бастағанда түбінде кішкене тесік барын байқап қалады. "Мұны бітеп тастау керек" деп ойлап, бояу біркелкі түсу үшін тесікті бітеп, сосын білдірмей бояп жібереді. Жұмысын тәмамдап, келіскен ақысын алып, үйіне қайтады.

Келесі күні қайықтың иесі үйіне іздеп келеді. Кеше берген ақысынан екі есе ақшаны ұсынады. Бояушының аузы ашылып қалады. "Сіз маған кеше төледіңіз ғой. Мұныңыз не?" деп таң қалады. "Кеше сізге қайығымды бояғаныңыз үшін төледім. Бүгінгі ақша қайықты жөндегеніңіз үшін" дейді ол.

"А, сол ма? Ол ақы төлейтіндей жұмыс емес қой. Тесік өте кішкентай еді. Бояу біркелкі түссін деп білдірмей жіберуге тырыстым. Ол үшін ақы сұрағаным ұят" дейді.

"Сізге бәрін түсіндірейін. Кеше қайықты бояп бер дегенімде сол тесікті ескертуді ұмытыппын. Қайық кебе салысымен балаларым балық аулауға кетіпті. Олар қайықта тесік барын білмеген еді. Ал мен үйде жоқ едім. Кешке келсем, қайық та жоқ, бала да жоқ. Зәре-құтым қалмады. Қайықта тесік барын мен ғана білуші ем. Балық аулап, аман-есен келгендерін көргенде қуанышымда шек болмады.

Қайықты қарап шықтым. Тесігін бекітіп қойыпсыз. Не істегеніңізді енді түсіндіңіз бе? Балаларымның өмірін сақтап қалдыңыз! Сіздің кішкентай ғана көрегенділігіңіздің ақысын өтейтін ақы менде жоқ боп тұр. Барым осы!"

Кім үшін, қашан, неліктен деп бас қатырмай өз ісіңді шын ниетпен істеп, адам баласына пайдаңды тигізе бер. Қолда, тыңда, көз жасын сүрт. Көзге түскен тесікті біте. Кім саған қай сәтте мұқтаж боп қаларын білмейсің. Біреуге пайдаң тисе, Тәңір де алдыңнан тосынсыйларын дайындай қояды.

Өмір жолында өзің байқамастан талай тесікті бүтіндеген шығарсың. Қаншама өмірді құтқарғаныңды ойлаудың өзі тамаша...

 

Аударған Шынар Әбілда

 

0 пікір