КӨЗ ТОЙМАЙДЫ ҒОЙ
КӨЗ ТОЙМАЙДЫ ҒОЙ
10.04.2020 10:49
1482
0

Бір кедей бір адам теңіз жағалауында толқынмен жағаға түскен балықтарды ілмекпен теріп жүрді. Сол жағамен өтіп бара жатқан хан кедейді көріп оған мейірімін көрсетпекші болып: 

- Дәл қазір ілмегіңе не түссе, соның салмағындай саған алтын беремін, - дейді. 

Біраздан кейін кедейдің ілмегіне ортасы тесік бір сүйек ілінеді. Хан балықшыға: 

- Не істеймін енді, нәсібің осыншалық екен, ілмегіңе жеп жеңіл нәрсе ілініпті, - деп кедейді алтын беру үшін сарайына алып барады. 

Сарайға жеткен соң, хан көмекшілеріне балықшының қолындағы сүйегі салмағындай алтын берілуін әмір етеді. Сүйекті таразының бір жағына қойып, екінші жағына алтын қоя бастайды. Бес, он, жиырма, елу деп алтындарды қоя беріпті, бірақ сүйек орнынан еш қозғалмады. Бір қарағанға төрт-бес алтын салмағындай ғана болған сүйек, қаншама алтыннан да ауыр болып шықты. Таразының бір жағына алтындар тола береді, тіптен алтындар таразы кесесінен асып жерге шашыла бастайды, сүйектің ауырлығы сонда да басым болады. Мұнда бір жасырын құпия бар деп, бір ойшылды шақыртады хан. Ойшыл сүйекті қолына алып, оған ұзақ уақыт қарады да: 

- Бұл сүйек бір адамның көз шұңқыры. Сіз оны тарту үшін барлық қазынаны қойсаңыз-дағы, ол сонда да орнынан жылжымайды. Өйткені көз тоймайды. Оны тек қана топырақ тойдырады, - деді. 

Осыны естіген хан сүйектің үстіне бір уыс топырақ құя салады. Сол сәтте сүйек тұрған таразы басы қақшаң еті бірден жоғары көтеріледі.

 

0 пікір