Көңіл ауаны, немесе Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай...
Көңіл ауаны, немесе Пайғамбарымыз  (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)   айтқандай...
21.11.2016 12:39
1951
0

Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бір адам келіп: "Айналадағы адамдардың бәрі кәпір екен" дегенде, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  оған: "Дұрыс айтасың" дейді. Сол кезде тағы бір адам келіп: "Айналамыздағы адамдардың жартысы мұсылман, ал жартысы кәпір екен" дейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған да: "Дұрыс айтасың" дейді. Ұшінші келген адам: "Адамдардың бәрі мұсылман екен" десе, Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған да: "Дұрыс айтасың" дейді. Бұл жайды көріп отырған саxабалар Пайғамбарымыздан үшеуіне де бірдей жауап беруінің мәнісін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Олар өздері қандай болса, адамдарды да тап солай көреді. Бірінші адам кәпір, сондықтан оған адамдардың бәрі кәпір сияқты көрінеді. Екінші адам әлі мұсылмандықты толықтай қабылдай қоймағандықтан оған адамдардың бірі кәпір, ал екіншісі мұсылман сияқты әсер қалдырады. Үшінші адам мұсылман болғандықтан ол кездескен адамның бәрін мұсылман деп ойлайды" дейді. 

Иә, біз әрқилымыз. Заман бір, қоғам бір, тегіміз, түріміз бір. Рас, табысымыз бірдей емес. Бірақ... Иә. Көз жасы тыйылмай жүрген байлар да баршылық. Мына қоғамда оларды да қапа қылар жәйттар жетерлік. Себебі... Иә. Пайғамбарымыз айтқандай, өздері сондай. Бірақ біз кінәні ылғи өзге біреуге аударуға бейім тұрамыз.

Бірде Еуропа елдерінің бірінде пойызға мінген екі адам бір купеде келе жатады. Екеудің біреуі - арық, екіншісі - толық екен. Арығы тоңа бастаған соң "ыстық" деген түймешені басады. Сәлден соң оның бойы жылиды да, ал толық адам терлей бастайды. Сосын ол "суық" деп жазылған түймешені басады. Сол-ақ екен бұның бойы салқындап, ал арық кісі тоңа бастайды. Осылайша екеуі түймешені кезек-кезек басып, бір мәмілеге келе алмаған соң жолсерікке барып шағымданады. Сонда жолсерік: "Бекер-ақ жанжалдасқансыздар, пойыздың салқындатып-жылытатын құралы бұзылып, істен шыққан" дейді. 

Иә, көңіл ауаны адамға кәдімгідей-ақ әсер етеді. Сол сияқты біз де өзгеге әсер етеміз. Кейбіреуге жуыссаң жылынып, кейбіреуден тоңып отырасың. Шынтуайтына келгенде кінәрат онда емес, өзімізде. Ол әсерден арылу үшін өзіміз өзгеруіміз керек. Сонда "Айналадағының бәрі мұсылман екен" дейтін боламыз. Онсыз түксиген қабақтар әсерінен әсте арыла алмаймыз. Себебі... Дұрыс. Ол көңіл ауаны өзімізде тұрады.

 

 Құдияр Біләл

0 пікір