Кімнен, не үйрендім?
Кімнен, не үйрендім?
14.11.2019 10:29
2346
0

Хасан Басри кез келген жәйттан бірнәрсе үйренуге болатындығы жайында былай дейді:

«Біреудің мінін қазбаламауды қызтекеден үйрендім. Бір күні солардың бірін байқап, жиіркене қарап едім, әлгі:

- Молдеке, менен жиіркеніп қайтесіз. Кімнің анық қызтеке екені ақиретте білінер, - деп айтқанда тілім күрмеліп қалды.

Ғылым тілімен жұмбақтап сөйлеп, құрғақ уағыз айтудың ерсі екенін шырақ көтерген жас баладан үйрендім. Үш ай бойы уағыз айтатын адам таба алмай жарылайын деп келе жатқанымда, жолда кездесе кеткен әлгі баладан:

- Мына шырақтың оты қайдан пайда болды, - деп уағыз бастай беріп ем, әлгі бала оны үрлеп өшірді де, - Әуелі оттың қайда кеткенін түсіндіріп беріңізші, - дегенда аузыма құм құйылды.

Кеуде кермеуді кәдімгі маскүнемнен үйрендім. Бір күні шалшықта жатқан масты көріп:

- Ей, бейшара батып кетпе! - дегенінде әлгі маскүнем:

- Уа, Хасан Басри! Мен батпаққа батып кетсем, адамзаттың саны бір маскүнемге азаяр. Діннің басында тұрған сіз батып кетсеңіз, артыңыздағы миллиондаған мүміннің халі не болмақ? - деді.

Ал, ғашық болуды бетіме телміріп қарап қалған бір әйелден үйрендім.

- Ей, қарындасым! Құдайдың парызын ұмытып, жүзіңді ашық қалдырғаның не? - деп айыптай бастап едім, әлгі келіншек:

- Мен Құдайдың құлына деген махаббаттан басымның ашық қалғанын аңғармай қалдым. Құдайдың өзіне ғашық сіз қайтіп оны байқадыңыз? - деп қарсы сұрақ қойды.

0 пікір