КЕҢ ДҮНИЕГЕ СЫЙМАҒАН ТАР КӨҢІЛІМ-АЙ...
КЕҢ ДҮНИЕГЕ СЫЙМАҒАН ТАР КӨҢІЛІМ-АЙ...
27.01.2023 10:51
398
0

Аялдамаға 38-ші автобус кеп тоқтады. Өзі де екі автобусты біріктірген ұзын бір автобус қой. Артқы есігінен сыймадым. Келесіне жүгірдім. Ол да лықып тұр. Үшіншісіне жүгірдім. Ол да жетісіп тұрған жоқ. “Құрысын, шопыр мені күтіп тұрмайды ғой бүкіл есігіне жүгіріп шыққанша”, – дедім де үшінші есіктегі елді ішке итеріп, сығып, мінгесіп алдым. Сөйтіп есікке қырындап, ентігімді басып тұр едім, артымда тұрған елуді еңсеріп қалған “сұр сақал” біреу:

– Сөмкеңді түсіріп тұрсаңшы, – деп айқайды салып кеп жіберді.

Сөмкемді қолыма алып, ішке еніп тұр едім ту сыртымнан “ақ жаулықсыз” бір апамның:

– Сөмкеңді құшақтап тұрмайсың ба! – деп шап ете қалған дауысы шықты. Есікке қарай жылжып бара жатқан біреудің қолына ұстаған сөмкесі аяғын сырып кетсе керек.

Е-е-е дедім, өзің автобусқа сыймайсың. Өзің сыйғанымен сөмкең сыймайды.

Автобустан түсіп, көлікпен жүрейін десең, көшеге ол сыймайсың. Кептеліп жатыр…

Үйде отырып істей беретін жұмыс жоқ па?

Ай қайдам, біраз уақыттан кейін үйге де сыймайтын секілдісің ғой.

Е-е-е, кең дүниеге сыймаған тар көңіл-ай…

Сен қайда сияр екенсің…

“Мен жерге де, көкке де сыймадым, мен тек мүминнің жүрегіне ғана сыйдым” дейтін Алланың сөзіне телінетін сопылар сүйетін хадис бар еді ғой, бұны хадис дейін десем, хадисшілеріміздің миына сыймайды ғой қазір, сол сөздегі көңіл қандай көңіл екен, айтыңыздаршы…

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

 

0 пікір