ЖЫЛАННЫҢ ҰСТАЗҒА БЕРГЕН ДӘРІСІ
ЖЫЛАННЫҢ ҰСТАЗҒА БЕРГЕН ДӘРІСІ
22.06.2020 11:14
1720
0

Баяғы өткен заманда бір патша болыпты. Әлгі патша елінің барлық бақсы-балгерлерін жинап алып: «Мен бір түс көрдім. Алайда көрген түсімді ұмытып қалдым. Түсімді бәрің тауып келіңдер. Таба алмасаңдар, бастарың кетеді», – деп әмір беріпті.

Бақсы-балгерлердің есі шығып, әлгі патшаға мұның мүмкін емес екенін қанша түсіндіруге тырысса да, патша дегенінен қайтпапты.

Сол қалада бір қарт ғалым өмір сүріпті. Айналасы әлгі қартты «әулие» деп сенеді екен. Бақсы-балгердің бәрі жиналып кеп, әлгі әулиенің есігін қағыпты. «Патшамыздың бір бұйрығы бар еді. Түс көріпті, алайда көрген түсін ұмытып қалыпты. Егер түсін таба алмасақ, бәріміздің басымыз кетеді. Бізге жәрдем ет, патшаның түсін тауып берейік», – депті.

Ғалым да: «Мен мұндай тірлікпен айналыспаймын. Бұған берер жауабым жоқ», – депті. Бақсы-балгерлер жата-жастана жалбарына бастайды.

Амалсыздан жұрт әулие санаған ғалым қарт өтініштерін қабыл алыпты. Сөйтіп бір орманның ішіндегі үңгірге оңшалануға кетіп қалады. Сол жерде дұға етіп, тәфәккүр етіп, Алладан жәрдем сұрайды.

Екі күннен кейін үңгірге бір жылан келеді де әлгі қарт ғалымға: «Аллаһ Тағала дұғаларыңды қабыл алды. Мені саған жіберді. Патшаға бар да: «Түсіңде қасқыр көргенсің. Қасқыр көру – дүние малына ашкөздік танытудың, бұзылудың нышаны.

Халқың бұзылған екен. Салықты екі есеге арттыр», – деп айт. Патша да саған 40 алтын береді. Оның жартысы сенікі, жартысы менікі, келістік пе?» – депті. Қарт ұстаз да сөз беріп, патшаға тартып отырады. Патшаның құзырына шығып, жыланның айтқанын айтып береді. Патша да: «Иә, түсімде қасқыр көрген едім, демек жоруы осы екен ғой», – деп салықты екі есеге арттырып, ұстазға да 40 алтын береді.

Қарт алтындарды алып үйіне келеді де, «жылан алтындарды не қылсын, жартысын берудің не қажеті бар» деп жыланға берген сөзінде тұрмай, үйінде қала береді.

Арадан біраз уақыт өткеннен кейін патша тағы да түс көреді. Бірақ бұл жолы да түсін ұмытып қалады. Бақсы-балгерлерді жіберіп, әлгі қарияны алып келуге әмір береді. «Бір рет тілегін орындадым, екінші рет мұны орындай алмаймын» депті.

Бақсы-балгерлер де: «Келмесең, патшаға қарсы шыққан боласың, босқа басың кетеді», – депті. Қарт та ұялып, қысылып әлгі үңгірді бетке алыпты. Бес күн бойы әлгі үңгірде жалына-жалбарына мінәжат етеді.

Баяғы жылан тағы да шыға келіп: «Дертіңді түсіндік. Патшаңа бар да: «Түсіңде түлкі көріпсің. Бұл халқыңның қулығына ишарат. Салықты ең жоғарғы дәрежеге дейін көтер», – деп айт. Патша да саған екі кесе алтын береді.

Оның біреуі маған, ал біреуі саған болсын. Келістік пе?», – депті. Ұстаз да: «Келістік, келістік», – деп, сөз беріп шығып кетеді. Патшаға келіп, жыланның айтқандарын баяндап береді. Патша да түсін есіне түсіріп, «солай екен ғой» деп салықтың ең жоғарғы дәрежеге дейін көтеріп, қартқа екі кесе алтын береді.

Қарт та баяғы арам ойына қайта басып, «жылан бұл алтындарды қайтсін» деп тағы да алтындарды жыланға апарып бермей, өзіне алып қалады. Арадан тағы да біраз уақыт өткеннен кейін патша тағы да түсін ұмытып қалғанын айтады.

Ұстаз бұл жолы да ұяттан кірерге жер таппаса да, жыланға баруға мәжбүр болады. Бармаса, басы кетеді. Сол үңгірде бұл жолы он күн бойы мінәжат етеді. Он күннен кейін жылан тағы да шыға келіп: «Патшаңа айт: «Бұл жолы түсіңде қозы көрген екенсің.

Бұл халқыңның түзелгенін білдіреді. Қозыдай болған халқыңның салығын ең төменгі деңгейге дейін түсір», – деп. Саған екі қашыр жүгіндей алтын береді. Оның біреуі саған, екіншісі маған, келістік пе?» – дейді жылан.

Қарт ұстаз үңгірден шыға сала патшаға барып, жыланның айтқандарын баяндап береді. Патша да екі қашыр жүгіндей алтын береді. Қарт та алтындарды ала сала, бірден үңгірге тартады. Жыланға келіп:

– Жылан мырза! Сенің алдыңда өте ыңғайсыз жағдайға қалдым. Осыған дейін берген сөзерімде тұрмадым.

Сол үшін мына алтындардың барлығы сенікі болсын. Бірақ, бір түсінбегенім, не себепті менің бұл қылығыма еш ашуланбадың, қашан келсем де, өтінішімді орындап шығарып салдың? – дейді. Сонда жылан:

– Қарт ұстаз! Мен бір жыланмын. Не қыламын ол алтындарды. Мен тек сені сынадым. Соңында мынаны түсіндім: бір мемлекетте қоғамның ахлағы, мінез-құлқы бұзылса, ұстаздары да бұзық болады екен. Ал қоғам дұрыс болса, ұстазы да түзеледі екен, – депті.

Міне, қиссаның ғибратын өздеріңіз түйіндей жатарсыздар.

Гүлнар Абдильдина.

 

0 пікір