ЖҮНЕЙД БАҒДАДИДЕН «СІЗ ЫҚЫЛАСТЫ КІМНЕН ҮЙРЕНДІҢІЗ?» ДЕП СҰРАПТЫ... (ҒИБРАТ-ХИКАЯ)
ЖҮНЕЙД БАҒДАДИДЕН «СІЗ ЫҚЫЛАСТЫ КІМНЕН ҮЙРЕНДІҢІЗ?» ДЕП СҰРАПТЫ... (ҒИБРАТ-ХИКАЯ)
18.11.2022 10:06
409
0

Ертеде Жүнейд Бағдади хазреттен бір кісі келіп:

- Сіз ықыласты кімнен үйрендіңіз? – деп сұрапты. Сонда Жүнейд Бағдади оған:

- Мен әуелі басымнан өткен бір жағдайды айтып берейін. Сауалыңның жауабын соңыра айтамын, - депті де бастан өткен жағдайын былай әңгімелеп беріпті:

«Баяғыда бір Мекке Мүкәррамада оқып жүргенімде қаражатым таусылып, тиін санап қалдым. Басра қаласынан (Ирак) ақша келу керек еді, кешігіп, біраз күн келмеді. Шашым өсіп, мұрт-сақалым ұзарып кетті. Содан шашым мен мұрт-сақалымды ретке келтірейін деп шаштаразшыға бардым. Бірақ қалтамда берер ақшам болмағандықтан оған:

- Бірден айтайын, менің қазір көк тиінім жоқ. Алла ризалығы үшін шашымды ретке келтіріп берші, - деп өтіндім.

Шаштаразшы сол сәтте бай, үлкен қызметтегі бір кісінің шашын алып жатыр екен. Онікіні қоя салып, менің шашымды алуға кірісіп кетті. Жаңағы адам қарсылық танытқан еді, шаштаразшы оған:

- Айыпқа бұйырмаңыз, мырзам! Мен сіздің шашыңызды ақыға алып жатырмын. Ал, мына жігіт «Алла ризалығы үшін» деп отыр, - деп жауап берді.  

Шашымды алып болғаннан кейін шаштаразшы қалтама ақша салып, шығарып салды.

Содан біраз күн өткеннен соң көптен күткен дүнием де келіп жетті. Бір қалта алтынды алып шашымды тегін қысқартып, онымен қоймай қалтама ақша салып берген шаштаразшыға бардым да қолына ұстаттым. Ол болса ат-тонын ала қашып:

- Еш алмаймын. Әуре болма. Алланың ризалығы бұдан да қымбат, - деп бір қалта алтынды қайтарып берді.

Міне мен ықыласты сол шаштаразшыдан үйрендім» - депті Жүнейд Бағдади[1].

Жүнейд Бағдади кім? 

Толық аты-жөні: Әбілқасым Жүнейд ибн Мұхаммед әл-Хаззаз ән-Нәһәуәнди әл-Қауарири әл-Бағдади. Шамамен милади 830-909 жылдары өмір сүрген дін ғалымы, ойшыл, Исламдағы сопылық мектебінің танымал өкілдерінің бірі. Жібек мата саудасымен айналысатындығына қарап жұрт оны «Хаззаз» деп те атап кеткен деседі (الخَزَّازُ ). 

Жүнейд Бағдади жас кезінде фиқһ, хадис т.б. шариғи ғылымдарын жетік меңгеріп, одан кейін сопылық жолына түскен кісі. Тіпті оның алғашқы тариқат ұстазы, әрі көкесі сопы Сәрри әс-Сақатыйдың (سريّ السقطي) оған (Жүнейдке) былай деп бата бергендігі айтылады: «Құдай Тағала сені сопы хадисші емес, хадисші сопы қылсын» деп бата берген. Яғни, әуелі хадис ғылымын жетік меңгерген ғалым қылсын, одан кейін сопы қылсын деген мағынада. 

Жүнейд Бағдади хижри 297 жылы Құранды хатым етіп отырған сәтінде жан тәсілім етеді. Денесі Бағдат қаласындағы «Шунузия» мазаратына -  көкесі Сәрри әс-Сәқатыйдың қабірінің жанына қойылады. Рахимаһуллаһ! 

 

А. Қасым

 

 

0 пікір