Жанашыр «бала»
Жанашыр «бала»
16.09.2015 12:09
3310
0

Бір қария мешітке намаз оқу үшін келе жатады. Әбден қартайған, әлі жоқ болғандықтан екі рет сүрініп құлап қалады. Сонда да қайтпай, қайткенде де намазға үлгеріп, Алланың разылығын алу үшін жүріп келеді.

       Бір кезде қайдан сап ете қалғаны белгісіз бір бала кеп, қолтығынан демеп:
       - Мен сізге көмектесейін. Жүріңіз, - деп жетектей жөнеледі.
       Қарияның ризашылығын білдіріп: 
       - Рахмет, балам! Өркенің өссін! Алла разы болсын. Кімнің баласысың, шырағым?! - деп мейірлене әңгімеге тартады.
       - Мен шайтанмын, - дейді «бала».
       Қария шошып кетеді. Сосын таң қалып:
       - Олай болса, неге маған көмектесіп келесің? - дейді.
       - Сенің Аллаға жан жүрегіңмен беріліп, осынша ауыр халде болсаң да мешітке барсам деген ниетің үшін Алла саған жәннат сыйламақ. Сен жолда екі рет оңбай құладың. Енді сүрінсең өліп кетуің мүмкін. Өлсең жәннатқа кетесің. Сондықтан мен сенің бұл күйіңде өлуіңе жол бермеймін. Жер басып, жүре тұрғаның жақсы. Әйтеуір бір қате қадам жасап, күнә жасап тозаққа барғаныңды қалаймын. Сол үшін мен әлі де жұмыс жасауым керек. Абайла, құлап қалма! - депті.

0 пікір