Ислам көтермеледі, батыс батыра берді батпаққа
Ислам көтермеледі, батыс батыра берді батпаққа
27.04.2016 12:18
2105
0

Ислам әз ана деп қадірлесе, батыстың жалаң мәдениеті әйелдерді «Әлемдік ару», «Жыл аруы», «Эстрада ханшайымы» т.б. әртүрлі «атақ» беру қатарлы әзәзіл амалдармен алдап аздыруда.

             «Келіннің шашына күн тисе, кіндігіне у тиеді»-деген терең түсініктегі атам қазақ үшін арулар сайысының да, «День Валентинаның» да бәлен тиын пайдасы жоқ екені белгілі. Ғашықтар күні деп  жалаулатқан ұран жасықтар мен ашықтар күніне айналып жатқанын айтпай-ақ қоялық...

             Ұлтымыз ең нәзік есімнің барлығын қыздарымызға қойды. Ал қасиетті дініміз   «Аналардың табанының астына ұжмақты қойып», «Әйелдеріңізге үнемі ізгі үгіт насихат айтыңыздар. Өйткені олар сіздердің жандарыңыздағы аманат болып табылады»,  «Алланың әйел құлдарын,  Алланың үйі болған мешітке баруларына бөгет жасамаңыздар»,  «Жақсылықты анаңа, тағы анаңа, тағы анаңа сосын әкеңе жаса»-дегенін қаншама естіп, оқып, біліп жүрсек те мәні мен мағынасына ден қойматынымыз рас.

              Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.)  тағы бір ерекшелігі жол-жөнекей кездескен әйелдерге де сәлемдесіп өтетіні. Түйені желдірте жетектеген Әнжәша атты құлға күймедегі әйелді меңзеп: «Әй, Әнжәша! Абайла, әйнектер сынбасын!», «Маған дүниеде әйел және әдемі иістер сүйдірілді, намаз да көзімнің нұры етілді» -дегені қараңғылық дәуіріндегі түсініктің күлін көкке ұшырумен қатар нәзіктіктің шыңына шырқағаны да болар.

           Ислам әйелді еркектен бөліп жарып жатпайды. Әйел мен еркектің айырмашылығы дінімізде екі қолға киетін қос қолғап секілді. Екеуіде қолғап болғанымен ауыстырып кие алмайсыз, себебі ауыстырғаныңмен икемсіз әрі жөнсіз болатыны белгілі.

           Әйелдерге ізгі өсиет айтуға шақырған ардақты Елші(с.ғ.с.) өмір бойы аналарымызға қол жұмсағаны,тіл тигізгені туралы ешбір дерек кездестірмейсің.  Бүгінде  Пайғамбарымыздың  (с. ғ.с.) сүннетін тірілтіп жүрміз дейтіндер ұру соғу одан қалса ажырасуды құтылудың оңай жолы жасап алатынын көріп естудеміз. Әрине, өте өкінішті.

            Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  Хадиша анамыз дүниеден өткен соң көптеген әртүрлі себептерге байланысты көп әйел алғаны және еш біреуіне қол көтермек түгілі бірде-бір рет тіл тигізбегені ақиқи шындық. Сонымен қатар өзіне ең қатты ұқсайтын сүйкімді қызы Фатиманы ерекше құрметтейтіні үйіне келгенде тұрып, маңдайынан иіскеп өз орынына отырғызатыны және де сол қызының жары хз. Әлиге басқа әйел алуға разы болмағанын көреміз.

         Құранда төрт әйел алу бар, ол дегенің парыз деп жерден жеті қоян тапқандай жар салғанымызды қайда апара тұрсақ екен деген ой келеді.

           Бұл жерде көп әйел алу парыз міндет емес тек рұхсат екені айтылып та жазылып та жатыр. Ол әлеуметтік жағдайдың еншісіне тиесілі әңгіме.

         Жаратқан Иеміз асыл дінімізді ұлттық санамызды тереңінен түсінетін сапалы ұрпақтар қатарынан табылуымызды нәсіп етсін! Ел іргесі тыныш болып, үй босағасы берекеге толсын!

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

Павлодар «Әбу Бәкір сыддық» медресесінің ұстазы)

0 пікір