ИМАНИ ГҮЛ
ИМАНИ ГҮЛ
28.08.2018 13:11
519
0

«Махаббатпен жаратқан адамзатты»,-деп басталатын Абайдың афоризмге айналып кеткен сөзін көзі қарақты оқырман білетін болар. Иә, сол өлең жолдарын жатқа айтып жүрсек те Абайдың не айтпақ болғанын аңдадық па?

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жол осы деп әділетті».

Абай иманның ләзәтін татам деген адамға үш түрлі шарт көрсетеді. Сені өзге жаратылыстардан ақыл беріп ардақты еткен Жаратушыны өзіңнен артық сүюдің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ал жалпы адамзатты сүюге, «жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат» көрсең де солардың  бәріне ыстық ықылас танытуға, қиянат жасағанды кешіруге екінің бірінің жігері жетер ме?! Бізге мұның үлгісін ардақты Пайғамбарымыз ﷺ көрсеткен болатын.

Алла елшісінің мейірімділігін Құранда Раббымыз да растап:

«Біз сені барша әлемге рақым ретінде ғана жібердік»,-деген аят келтіреді.

Ардақты елшінің ﷺ адамдықтың биігіндегі бұл мінезін меңгерген жандар сахабалардан, ізгілерден, олардың жолын ұстанған мұсылмандардан да шықты. Шариғатты ту еткен бабаларымыз да Расул ﷺ көрсеткен ақ жолдан айнымай ғасырлар бойы елдің береке-бірлігін, ынтымағын сақтап келгеніне қарт тарих куә. Соның жарқын мысалы – туралығымен үш жүзге танылған Қазыбек бидің басынан өткен мына бір оқиға.

 

Қазыбек бидің парасаттылығы

Қазыбектің аталас ағайындары Бертіс би мен Тілеуке би мұның ел ішіне танылып бара жатқан абыройын көре алмай, жастарының үлкендігін малданып, мұны бір күні оңаша шақырып алады. Әуелі Бертіс би тұрып:

"Ақылы елден артылған,

Ақылың болса, мақтан.

Ынтымағы жұрттан асқан,

Жақының болса, мақтан.

Сенің жасың кіші ғой,

Ағаңның алдына шығудан сақтан!",-деп ескертеді.

Сонда Қазыбек оларға:

"Бір бала бар – атаға жете туады.

Бір бала бар – атадан өте туады.

Бір бала бар – кері кете туады!",-деп жауап береді.

Мұның айтқанын ана екеуі кек тұтып күні бұрын дайындап қойған адамдарына белгі беріп сабатқалы жатқанда бидің інісі Бөдене батыр, әлгіде ағасын оңаша алып кеткенінен секем алып, артынан іздеп келіп қалған  екен.  Бөдене атынан түсе салып, қылышын қыннан суырып ана екеуіне сілтемекке ұмтылса керек. Оны Қазыбек тоқтатып:

"Шырағым, бір қолың ұрысшы болса, бір қолың арашашы болсын. Жатқа сілтер қаруыңды ешқашан жақыныңа сілтеме!",-деп тыйып тастаған екен.

Өзіне қастық ойлаған жандарды кешіре білу – жүрегі мәрт, пайымы терең адамдардың ісі. Ашу үстінде үкім кескелі тұрған інісін тоқтатып ақылға жүгінткен есті ағалар тарлан тарихымыздың беттерін парақтасақ көптеп табылатыны шүбәсіз. Хат танымаған, «қой баққан ел» болса да адамдық пен адалдықтың, ізгілік пен әділдіктің туын тік көтеріп, ұлдарын жаужүрек, қыздарын ибалы етіп тәрбиелеген, иен далада том-том кітаптарға жүк болатын есті сөздерді айта білген бабаларымыз бен аналарымызға мың алғыс. 

 

Әділетті сүю

Шынында, әділеттілік деген не? Шынайы әділ адам – өзіне қалағанды өзгеге қалап, өзіне қаламағанды өзгеге қаламайтын жан.

Пайғамбарымыздың ﷺ заманында бір жас жігіт келіп:

"Уа, Алланың елшісі! Маған зина жасауға рұқсат бер",-деп Пайғамбардан ﷺ ең арсыз іске рұқсат сұрады. Жанында отырған сахабалар жігіттің тілегінен шошып кетіп  түрлі сөздерді айта бастады. Пайғамбарымыз ﷺ әлгі жігітке: "Сен осы нәрсенің анаңа жасалғанын қалайсың ба?",-деді. "Жоқ, уа, Алланың елшісі! Әрине, қаламаймын",-деп жауап берді. "Мұны ешкім анасына қаламайды. Сен осыны қызыңа қалар ма едің?",-деп сұрады.

"Жаным жолыңда құрбан болсын! Әрине, қаламаймын".

"Мұны ешкім қызына қаламайды. Сен біреудің қарындасыңмен зина жасағанын қалайсың ба"?,-деп сұрағанда әлгі жігіт: "Жо-жоқ, қаламаймын, уа, Алланың елшісі!",-деп жауап берді. Сонда пайғамбарымыз ﷺ:"Ешкім әпкесімен, қарындасымен зина жасалғанын қаламайды",-деді де әлгі жігіттің жүрегіне қолын қойып Алладан арлы болуын сұрап дұға еткен еді.

Адамзаттың ардақтысы ﷺ өзінің ет жақындарын өзгелердің орнына қойып көрсету арқылы жігітке өлмес ғибрат ұқтырды.

Егер әр мұсылман, жұмыр жердің бетін басқан ақыл иелері толық әділеттілікке ие болғанда зұлымдық, зорлық-зомбылық, қылмыс атаулының түр-түрі болмас  еді. Әр мұсылман Алланы сүйеді, бірақ бар мұсылман адамзатты сүйіп, өзге түгіл өзіне әділеттілік танытуда табандылық  таныта бермейді.

 

Әбу Бәкірдің әділдігі

Пайғамбарымыздың ﷺ ардақты досы Әбу Бәкір мұсылмандардың қалауымен бірауыздан халифа болып сайланды. Басшылық қызметке кіріскенде мұсылман жұртшылығына қарата:

"Уа, халайық! Міндетімді өз деңгейінде дұрыс атқарсын десеңіздер маған жәрдемдесіңіздер. Мен Алла мен оның елшісінің жолынан ауытқымасам, сіздер де маған бағыныңыздар. Алла мен Оның елшісінің әмірлеріне қарсы келсем, маған бағынбасаңыздар да болады. Өзім және сіздер үшін Алладан кешірім тілеймін!",-деген.

Өзінің қарамағындағыларды бір шыбықпен айдауға басшының құзіреті жететін шығар, бірақ сынды өзінің қол астындағылардан естіп, оны қабылдауға екінің бірінің жігері жетпейді. Қателікті мойындау – оны түзетуге алып барады.

Ендеше, мұсылман ең әуелі өзіне ағаттықтарын айтып, оны түзетуге күш салғаны жөн. Сынаптай сырғып жатқан тірлік біздің алдымызға жасаған жақсылығымызды да, жамандығымызды да жартасты ұрып, кері қайтқан толқындай қайта ұсына береді.

Әр мұсылманға өзіне қалағанын өзгеге де қалап, өзіне қаламағанды өзгеге тілемейтін «имани гүлді» бойына сіңірген шынайы әділет иесі болуды нәсіп қылсын!

                                                                     

Шынәділ Салтанат  

0 пікір