Ілім үшін...
Ілім үшін...
02.10.2018 10:40
429
0

Хафыз ибн Кәсир табиғиннің үлкені буынынан болған Медине Мұнаууараның ғалымы Сағид бин әл-Мүсәййәб (һ. 13-94 жж.) жайлы былай деген: «Мәлик Яхья бин Сағидтен Сағид бин Мүсәййәбтің былай айтқанын жеткізеді: «Жалғыз бір хадис үйрену үшін күндіз-түні сапарларға шығатын едім».

(Ибн Кәсир, «Әл-Бидая уән-Ниһәя»)

Абдуллаһ бин Мүбәрак жайлы бір риуаятта былай келген: «Әли бин Хасан бин Шақиқ: «Абдуллаһ бин Мүбәракпен бірге суық бір түні мешіттен шығар кезде ол маған есіктің жанында бір хадис риуаят етті. Мен де оған бір хадис риуаят еттім. Азаншы келіп, таң намазының азанын шақырғанға дейін ол маған хадис риуаят етуді жалғастырды»,- деді.

(Зәһәби, «Тәзкиратүл-Хүффәз»)

Хафыз Зәһәби Ибнүл-Мұқри Мұхаммед бин Ибраһим (һ. 285-381 жж.) жайлы былай айтты: «Әбу Бәкір бин Әлиден Ибн Мұқридің былай дегені риуаят етілген: «Мен, Табарани және Ибн Хаян үшеуіміз Мединеде болған едік. Сол кезде қаражат жағынан қиналған жайымыз болды. Сол үшін ауыз ашпай екі күн ораза (саум-уисәл) тұтуға мәжбүр болдық. Ауызашар уақыты жақындағанда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) зиратының басына барып: «Ей, Алланың елшісі! Қарнызымдың ашқандықтан жанымыз алқамымызға келді»,- деп айттым. Табарани: «Күтейік. Не ризық келер, не өлім келер. Шағымдана бермейік»,- деді. Мен Ибн Хаянмен бірге намаз оқуға тұрдым. Есікке Хазірет Әлидің бір ұрпағы келді. Оған есікті аштық. Қасында іші тағамдарға толы екі себетті көтеріп тұрған екі бала бар еді. Ол бізге былай деді: «Мен туралы Пайғамбарымызға (с.а.с) шағымданған екенсіздер. Түсімде көрдім. Ол сіздерге жейтін бір нәрсе алып келуімді әмір етті».

(Зәһәби, «Тәзкиратүл-Хүффаз»/«Сияр-Әләмин-Нүбәлә»)

Мұхаммед бин Юсуф: «Бір күні Бұхаридің үйінде қонған едім. Түнделетіп жазған сабақтарын жақсылап меңгеру үшін ұйқысынан тұрып, шырақты 18 рет жаққанын көрдім»,- деп айтқан.

(Нәуәуи, «Тәһзибүл-Әсмәи уәл-Лұғат»/«Тәжүс-Сүбки», «Тәбәқатүш-Шәфиғиятил-Күбра»)

Фәқиһ, мәлики мәзһабының имамы Мұхаммед бин Ибраһим бин Әбдус әл-Қайрауани (һ. 202-260 жж.) туралы былай деген: «Әбу Бәкір Мұхаммед бин Аббадтың айтуына қарағанда, Мұхаммед бин Әбдус он бес жылын іліммен, он бес жылын ғибадатпен өткізді, жалпы отыз жыл бойы құптан намазының дәретімен таң намазын оқыды».

(Қады Ыйяз, «Тәртибүл-Мәдәрик»)

Хафыз, имам, ғұлама, хафыздардың мұрагері Табарани (һ. 260-360 жж.) жайлы былай айтылған: «Зауқани айтуынша, Табараниден көп хадис риуаят етуі жайлы сұралғанда, ол: «Отыз жыл бойы кілемде ұйықтадым»,- деді.

(Зәһәби, «Тәзкиратүл-Хүффаз»)

Хадис саласындағы Мүміндердің әмірі болған Имам Бұхари (һ. 194-256 жж.) туралы былай айтылады: «Өзіне сапар шегу мүмкін болғанша басқа мемлекеттердегі хадис шейхтеріне сапар шегіп отырды. Мыңнан астам шейхтен хадис көшірді».

(Ибн Кәсир, «Әл-Бидәя уән-Ниһәя»)

Әбу Мұхаммед Әбділғазиз бин Мұхаммед әл-Қарауи әл-Фаси жайында Ибн Кәтіп әл-Константинидің айтуынша: «Фақиһтердің бірі маған: «Әбділғазиздің жанына келгенімде ол жейдесіне оранып отырды, фиқһ кітаптары алдында ашық тұрды және бет терісі сол кітаптарға тамызып тұрды. Үстіндегі киімі де кір болды. Оның үстіне мен оған: «Өзіңе қарашы. Киіміңді жу»,- дедім. Ол да маған: «Алты ай бойы жуғым келіп жүр, бірақ ілім мәселелерімен шұғылданғандықтан мүмкіндік таба алмадым»,- деген соң таңғалып, сол жерден кеттім»,- деп айтты.

(Ғұлама Ахмет баба әт-Түнбүкти, «Нәйлүл-Ибтиһаж би Тадризид-Дибаж»)

Имам Әбу Юсуфтың шәкірті Ибраһим бин Жарраһ әт-Тәмими (һ. 217 қ.б.): «Әбу Юсуф ауруға шалдыққанда оны көріп қайтуға барғанмын. Ол ауру халде жатқан еді. Ол сауыққан кезінде маған: «Әй, Ибраһим! Шайтанға тас лақтырғанда қайсысы абзалырақ? Жүріп пе, әлде атқа мініп пе?»,- деп сұрақ қойды. «Атқа мініп» дегенімде ол «Қате айттың» деді. Мен: «Жүріп» деп айтқанда да ол «Қате айттың» деді. Сол мен: «Алла сізге разы болсын, жауабын айтыңызшы» дедім. Ол: «Егер адам дұға ету үшін тоқтайтын болса, тасты жүріп ату абзалырақ. Ал егер дұға ету үшін тоқтамайтын болса, онда атқа мініп ату абзал»,- деді. Кейін үйден кету үшін үйдің есігіне жеткенімде үйден оны жоқтап жатқан дауыстар естілді. Ол қайтыс болды»,- деп түсіндірді.

Хатиб әл-Бағдади «Тарих-и Бағдат» атты еңбегінде Омар бин Хафс әл-Ашқардан келген Имам Бұхари туралы бір оқиғаны түсіндіреді: «Бір күні Бұхариді Басрада хадис сабағынан таппадық. Үйіне барғанымызда киімсіз отыр екен. Киетін киімі болмағандықтан бізбен есіктің артынан сөйлесті. Қаражаты бітіп, жағдайы нашар болды. Ол үшін ақша жинап, киім сатып алдық. Киімді киіп, бізбен бірге асығыстықпен хадис жаза бастады».

         Яхья бин Мағинге әкесі жүз елу мың дирһем мұра қалдырған еді. Барлығын хадис үйренуші үшін жаратты. Аяғына киетін бір ластық сатып ала алмайтын халге түсті.

(Әл-Бағдади, «Тарих-и Бағдат»)

         Әбу Бәкір бин Хамдан: «Ибн Хираш былай дегенін естідім: «Ілім үшін бес рет зәр ішуге мәжбүр болдым. Ол өз заманының хадис хафызы еді. Ілім үшін алыс сапарларға шығып, жанұясынан ұзап, шөлде жүргендіктен осындай халге түсті»,- деп айтты.

(«Әл-Ғибар фи Хабари мин Ғабар»/«Мизәнүл-Иғтидәл»)

         Халиф бин Хишам әл-Әсәди әл-Баззар әл-Бағдадидің қысқаша өмірбаяны: һижри 150 жылы дүниеге келді, 229 жылы қайтыс болды. Қырағат ғалымы, мұхаддис, фазыл (көркем мінезді) және ғабит (ғибадат етуші) бір ғалым еді. Имам Мүслім, Әбу Дәуіт, Ибраһим әл-Харби және сол буындағы шәкірттердің ұстазы. Ол бір сөзінде былай деген: «Нахудан бір мәселені шешуден қиналған едім. Жақсылап үйренгенге дейін сексен бір дирһем жараттым».

«(Мағрифатүл-Қари әл-Кибәр әләт-Тәбәқати уәл-Әсәр»)

         Әли бин Харб: «Зейіт бин Хубабқа барған едік. Бізді қарсы алатындай бірде-бір киімі жоқ еді. Есікті біз бен өзінің арасына перде қылды да есіктің артынан бізге хадис риуаят ете бастады»,- деді.

(«Сиярү Әләмүн-Нүбәлә»)

 

Әбділфәттәх Әбу Ғұдданың «Сафәхат мин Сабрил-Ғұлама әлә Әдәидил-Илм уәт-Тәхсил» атты еңбегінен іріктеліп, аударылды.

Әзірлеген: Кизиров Алмас

  Павлодар, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің

2-шікурс шәкірті

0 пікір