Ібілістің 3 кеңесі
Ібілістің 3 кеңесі
05.12.2018 16:42
2798
0

Күндердің күнінде Мұса (а.с.) пайғамбарға Ібіліс келіп:

— Менің жағдайым Алланың алдында белгілі. Мен өз ісіме тәубе етіп Аллаың рахымына бөленгім келеді. Сен – Алланың таңдаулы елшісісің. Маған дұға жасап көмегіңді бере гөр!-дейді. Мұса (а.с.) дәрет алып, Раббысына жалбарынып, Ібіліске жәрдем сұрайды. Сонда Алла Тағала оған:

— Мен Ібілісті кешіремін, егер ол Адам атаның жатқан жеріне барып, оған сәжде ететін болса. Мұны естіген Ібіліс Мұсаға:

— Мен Адамға тірісінде сәжде етпеген енді өлгенде сәжде етейін бе?-деп бас тартады. Кейін сөзін жалғастырып:

— Ей, Мұса! Сен мен үшін Алладан дұға сұрадың. Енді мен саған қарыздармын. Саған сол үшін 3 кеңес берейін, құлақ сал!-дейді.

1) Сен қатты ашуланғанда мені есіңе ал. Себебі, адам ашуланғанда оның қаны басына шабады, ал, мен жүрегіне шабамын да, айтқанымды істетемін.

2) Алла жолында дінді сақтау үшін соғысқа шығатын болсаң, мені есіңе ал. Себебі, мен соғысқа шыққан адамдарға оның отбасын, бала-шағасын есіне түсіріп, кері шегінуіне ықпал жасаймын.

3) Ешқашан әйел адаммен жалғыз қалма. Себебі, мен екеуіңнің араңда сезім мүшесін оятуға әрекет жасаймын,-деген екен.

  Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы

 

0 пікір