ДҰШПАННЫҢ ПАЙДАСЫ
ДҰШПАННЫҢ ПАЙДАСЫ
14.09.2020 12:42
785
0

Мен дұшпандарымды жақсы көрем. Өзімді табуға көмектескені үшін, биік асулардан сүрінбей өтуіме ықпал еткендері үшін, адам тануды үйреткені үшін.

Шығыс даналығы

Баяғы бағзы заманда бір хандық болыпты. Олар Тәңірдің қалауына сенгені соншалық, мынадай әдет-ғұрыптары болыпты: өлім жазасына кесілген әр қылмыскерге жеребе тарту мүмкіндігі берілген екен. Қапшықта тек «Өмір» мен «Өлім» деген екі жазу бар. Қылмыскер қайсысын таңдаса, сол үкім орындалады екен. Өмір шықса, еркіндікке жіберіп, Өлім шықса, сол мезетте басын шабады. Сондықтан әр қылмыскердің соңғы демі үзілгенше Тәңірдің көзі түзу болсын деген дәмесі болады. Соттың үкіміне Тәңір араласса екен деп тілейді екен.

Бір адам өз кәсібімен шұғылданады. Бірте-бірте ісі оңға басып, байып кетеді. Байыған адамға қастық қылатын көреалмаушылар көбейеді. Арыз айтып жүріп кәсіпкерді түрмеге отырғызады. Ақырында ол өлім жазасына кесіледі.

Қылмыскердің құтылып кетуге мүмкіндігі барын білген дұшпандары қапшықтағы өмір деген жазуды екінші өлім деген жазумен алмастырады. Дұшпандары бейкүнә жанға тірі қалуға еш амал қалдырмайды. Енді бұл кісі қай жазуды тартса да, өлетінін сезеді.

Бірақ ол адамның достары да баршылық боп шығады. Дұшпандарының жасаған қиянатын естіп, түрмедегі достарына бұл жаманат хабарды жеткізеді. Қапшықтағы сөздердің бірдей екенін ескертеді. Бұны дереу сотқа айту керек деп шуласады.

Бірақ қылмыскер атанған жан бұл жаңалыққа қатты қуанып кетеді. Ол достарына ешкімге тіс жармауын сұрайды. Бұл жайт оның құтылуына көмектеседі дейді. Достары ажалы жақындағаннан есінен алжасты ма өзі деп уайымдайды. Дегенмен айтқанына көніп, үндемей қалысады.

Келесі күні қылмыскер жеребе тартты. Сол сәтте бостандыққа шығады.

 Достары да, дұшпандары да таңғалысады. Екі тарапта бір сөз салынғанына қанық еді. Қалай ғана аман қалды дейді.

Ал, адам былай еткен: қапшықтан кез келген қағазды тартып алады да, аузына салып жұтып қояды. Сот сасқаннан қапшықта қалған сөзді қарайды. Онда «Өлім» деген сөз шығады. Онда, бұл қылмыскер «Өмір» деген қағазды жеп қойған деп есептеп, еркіндікке шығарады.

Осылайша дұшпандары қанша жерден ор қазса да, Тәңірдің әділдігі өз дегенін істейді. Әлгі бейкүнә жан ақталып шыққан екен.

Дұшпандар мен залымдар күнін көре алмай жүргендерде болмайды екен. Егер дұшпаның бар болса – онда саған жұрт қызығарлықтай, қызғанарлықтай болғаны. Кез келген талантты адамның дұшпаны болуы заңды – ондайлар өздері талантты бола алмағандықтан іштері күйеді.

 

Аударған Шынар Әбілдә

0 пікір