Дүниеде өзгелер қызыға қарайтындар – жомарттар
Дүниеде өзгелер қызыға қарайтындар – жомарттар
02.12.2019 11:51
1383
0

Құранда: «Кім бойындағы сараңдықтан сақтанса, міне, солар нағыз құтылушылар»,–деген аят бар. Қанағатсыздық пен тойымсыздықты тізгіндеу үшін жомарттық қажет. Бай-кедей болсын, дүние-мүлкі мейлі аз, мейлі көп болсын. Негізі, кедей күнінде біреуге бір нәрсе бере білмеген адам байығанда да уысынан ештеңе шығара алмайды.

Бір күні Пайғамбарымыздан: – Уа, Алланың елшісі, садақаның қайсысы жақсы?, – деп сұрағанда: – Пақырдың жомарттығы, – деген екен.

Сондықтан садақа беру, жақсылық жасау қандай да бір мөлшерге емес, көңілге байланысты. «Шынайы байлық – жүрек байлығы». Алайда, адам өзі зәру кезінде қолындағысын бере білу ерік-жігерді қажет етеді. Бұл тікелей ниеттен туындайды. Жомарттық – рух байлығы. Ол адамды мұқтаж жандарға беруге, жақсылық жасауға жетелейді. Мұндай рухқа ие болған кісі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз жақсылық жасауды көңілі үнемі қалап, жеке және қоғамдық салада қажет нәрселерге тегіс қол ұшын береді.

Ондай жандар «Ризық беруші – Алла» түсінігі бойынша амал еткендіктен жүректері пәк әрі көңілдері бай болады. Қалай болғанда да басқалар үшін пайдалы болуға тырысып бағады. Тіпті, өзіне тапшы, зәру нәрсесін басқа адамға беруді қалайды. Бұл –кез келгеннің қолынан келе бермейтін – сақы жомарттық. Адамды «Тірнектеп жиғанымды неге басқасына шашуым керек?», «Басқаға беріп, өзім зәру кезде қиналып қалармын» деген пасық ой жомарттықтан алшақтатады. Ислам бұл түсінікті толығымен жоққа шығарады. Ислам бойынша барлық нәрсенің шынайы иесі – Алла. Құранда жиырмаға жуық аятта бұл жайында баяндалған. Дүние-мүлік Алланыкі болса, онда оның Иесінің жолында жұмсалғаны иманды адам үшін ең дұрыс шешім болып табылады.

Мұсылманның жомарттық сезімі осы түсініктен туындайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) «Алла үшін надан да болса өзі жомарт пенде құлшылық етуші сараң құлдан жақсы», «Дүниеде өзгелер қызыға қарайтындар – жомарттар»дейді. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз адамның қол-аяғы бүтін, дін аман, сау-саламат кезінде жомарт болуға шақырып, бұл істі өлгеннен соң кейінге қалдырмауға кеңес береді. «Садақаның абзалы – өзің берген садақа. Садақа тірі, қолыңда бар кезде қалаған адамыңа қалауыңша бергенің. Әйтпесе, жан алқымға тірелген кезде кеш қаласың. Сендерден кейінгілер өз қалауынша жасайды».

Сондықтан адам баласы өкінбеу үшін, Алла айтқандай «Сендерден біреулеріңе өлім таяп: – Уа, Раббым, мені жақын бір заманға дейін кешіктірсең, садақа беріп ізгілерден болсам» деуден бұрын, өздеріңе берген несібемізден (Алла жолында) жұмсаңдар»,- деу арқылы Алланың берген несібесін тірі кезінде Оның разылығы үшін жұмсауды нұсқайды.

0 пікір