"Жас шағыңда жігіттер, ойна да күл,
Бұл дүние көзді ашып, жұмғандай-ақ".
Осындай ән бар.Осы ән әуеніне балқыған жастар жер теуіп билейді. Жасамыстар "ойна да күлді" өзінше түсінеді. Жасы келгендер "Жиырма бес қайта айналып келмес саған" деп, сонау бір дауылды кезді көзі жасаурап еске алып отырады.
Мән берсек, әуелгі әуенде Кеңестік дәуір идеологиясы басым. Кейінгі 25 - философиялық мәнге ие. Ол әннен кім нені қаласа, соны табады. Иә, арман болған 25 жастың қайта айналып келмесі белгілі. Негізінен ол жасты егде тартқан адамдар көксейді. Егде болған соң, әрине, мына өмірден көргені, білгені, түйгені жетерлік. Біз солай ойлаймыз. Сонда ол адам мына өмірден не түйіпті? Оны білу үшін... Иә. Әлгі біз көксеген 25 жас қайта келді делік.
Сонымен біз 25-теміз. Сонша ақылмен, сонша тәжірбиемен біз қолымыз қайта жеткен 25-імізді қалай пайдаланамыз? Мешітке барамыз ба? Жоқ әлде... Басын ашып айтайық. Мешітке бармаймыз. Әлгі әуен, "Жас шағыңда жігіттер, ойна да күл" дейтін әуен, бізді қайта баурайды. Алла Құран Кәрімде "Өмірге қайта келсем тек Аллаға құлшылық етер едім" деп жалбарынатын тозақтықтардың өмірге қайта келгенімен уәделерінде тұрмай, бұрынғы әуендеріне қайта басатындықтары ескертілген. Сондықтан қазіргі сәтті, оның ішінде жастық шағымызды Алланың бізге берген қайталанбас мүмкіндігі деп түйсінгеніміз жөн. Ал ол мүмкіндікті кім қалай пайдаланады, жалпы пайдалана ала ма?
Мынандай бір тәмсіл бар. Бір жігіт көрші үйдің қызына ғашық болады. Әлгі қыздың сұлулығы... Шынында ондай сұлулық тек ертектерде ғана болады деседі. Әлгі қызды бір көру үшін көрші елдерден де жігіттер ағылып келіп жатады екен. Бірақ ол қыз өзіне сөз салған бұған да, өзге жігіттерге де қарамай қояды. Зымырап уақыт өте береді. Бұл жігіт те арман қуып өзге қалаға кетеді. Арада қаншама жылдар өткеннен кейін баяғы қолы жетпей қалған ғашығына кездейсоқ кездесіп қалады. Ол қыз гүл өсірумен айналысады екен. Ал күйеуі болса... Басы таз, бойы бір қарыс, домаланған біреу. Таңданысын жасыра алмаған жігіт қызға: "Таңдағаның осы болды ма?" дегенде қыз: "Сен мына гүлзар бақтың ішінен маған ең әдемі гүлді таңдап әкел. Бірақ кейін бұрылмай, тек алдағы гүлдің бірін таңдайсың" дейді. Жігіт гүл таңдауға кіріседі. Бір гүлден екіншісі әсем көрініп, одан үшіншісі өзіне баурап, не керек, гүлді алқаптың шетіне де тақап қалады. Көздің жауын алған гүлдердің бәрі қайырылып баруға болмайтын арт жағында қалады. Амалсыз, солып қалған бір өлмелі гүлді алып келеді. Сонда қыз: "Мен де тап сен сияқты гүл атқан шағымды артта қалдырдым" дейді.
Ол гүзар бақтан біз де өттік. Сіз де өттіңіз. Біз армандай беретін 25-іміз де сол кез. Бұл тұрғыда Имам Раббани былай дейді:
"...Жастық шақ - табыс табу уақыты. Нағыз ер жігіт осы уақыттың қадірін біліп, бұл мүмкіншілікті қолдан шығарып алмайды. Қарттық әркімге нәсіп бола бермейді. Нәсіп болса да раxат, қолайлы уақыт табыла қоймайды. Уақыт табылғанымен де қуатсыздық, әлсіздік кесірінен пайдалы іс атқарылмайды. Бүгін барлық жағдай бар кезде, шарттар орынды, ыңғайлы кезінде, үлкен нығмет болған ата-анаңның бар кезінде, күн көру қиыншылығының жоқтығында, күш-қуатың бойыңда болғанда, осыншама мүмкіншілік қолда бола тұра қандай үзірмен, қандай себеппен бүгінгі жұмыс ертеңге қалдырылуы мүмкін?
...Адамды жастық шағында діннің үш дұшпаны - нәпсі, шайтан және жаман адамдар алдауға тырысады. Бұларға қарсы тұрып аздаған ғибадат ету өте құнды болады. Ал кәрілікте жасаған ғибадаттар, бұдан қанша есе көп болса да мұншалықты құнды болмайды. Дұшпан шабуылдаған кезде әскердің аз ғана әрекеті өте құнды болады. Тыныштық заманында жасалған үлкен жаттығулардың айла-әрекеттердің мұншалықты құндылығы болмайды".
Жарайды. Өткенге салауат. Ал бүгін... Бұл күн де ертең қайталанбайды. Демек... Иә. Әр күнімізді біз үзе алмай қалған гүл деп білейік. Алаулаған гүл.
Құдияр БІЛӘЛ