Бауыржан ұстаздың жазбаларынан...
Бауыржан ұстаздың жазбаларынан...
12.02.2018 15:45
504
0

1.Бір ғұлама біреудің: «Дүниеге қызықпайтындар қайда? Ақіретке қызығатындар қайда?» деп жар салып келе жатқандығын естиді. Дереу әлгінің тұсына келіп: «Екеуінің (яғни, дүние мен ақіреттің) орнын ауыстырып, кез келген адамды мынау деп нұсқай берсең болады» деген екен. 

P/S Мына сөз айтылғалы бері еш нәрсе өзгермеген секілді. Қайта көбейіп кеткен секілді.. Күндеріңіз сәтті өтсін!

2.Біреу халифа Һарун Рашидтің бас уәзірі Жағфар ибн Яхияға сауалхат жолдайды. Алайда уәзір оған жауап жазбайды. Әлгі кісі сауалхатын қайта жолдайды. Уәзір: «Жауап бермеу – жауап» деп жазып жіберген екен.

P/S Біреулер есіме түсіп отыр.))

3.Әбул-Асуад әд-Дуалидің (Алла оны рақымына бөлесін) Басра қаласында бір үйі болған екен. Алайда көршісі көп мазасын алады екен. Шыдай алмаған Әбул-Асуад әд-Дуали үйін сатып жібереді. Үйін сатқаннан кейін көрген адамдар: «Үйіңді сатып жіберіпсің ғой»,-дейді. 
Әбул-Асуад әд-Дуали: «Мен үйімді сатпадым. Көршімді саттым»,-деген екен. 

P/S "Көршілік" қазіргі таңда көп адам мән бермейтін дейгейге жетті. Кейін бала айтқанды тыңдамайды деп ренжиді. Қазақ "Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол" деп нендей керемет айтқан.

4.Сахаба Муғауия (Алла оған разы болсын) сахаба Амр ибн Асқа (Алла оған разы болсын): «Қандай деңгейге қол жеткіздің?»деп сұрайды. Амр: «Қандай шешімі қиын іске тап болсам да, ол істен шыға алатын дейгейдемін» деп жауап береді. Муғауия: «Ал мен шығудың жолын іздейтін шешімі қиын іске тап болмаудың жолын білемін» деген екен. 

P/S Алла Тағала сіз бен бізге сахаба Муғауиядай, тым құрығанда сахаба Амрдай жолдас нәсіп етсін!

5.Сахаба Муғауия (Алла оған разы болсын) даналықпен аты шыққан Ахнафтан (Алла оған разы болсын) заман жайында сұраған екен. 
Ахнаф: «Сен өзің замансың! Сен түзелсең заман да түзеледі. Сен бұзылсаң заман да бұзылады»,-деген екен. 

P/S Заманды түзеу үшін әуелі өзімізді түзейік! Өзгеге кінә артуды азайтсақ, өзімізді түзетуге уақыт табылады.

6.Ахмед ибн Юсуф шайыр Хураймиге қарап: «Мұхаммед ибн Мансұрға тірі күнінде арнаған мадақ-арнауың бүгін дүниеден өткенде арнаған жоқтау-арнауыңнан артық екен» дейді. Хурайми: «Біз ол кезде сый-сыяпаттан үмітті едік. Ал бүгін арадағы адалдықты көрсеткелі келдік. Арасында парық бар емес пе?» деген екен.

7.Халифа Мәмун билікті тартып алуды көздеп қол жинап бас көтерген туысы Ибраһим ибн әл-Мәһдиді қолға түсіреді. Артынша уәзірі Ахмет ибн Әбу Хулд әл-Ахуалмен туысын қалай жазалайтындығы жөнінде кеңеседі. Халифаны ден қойып тыңдаған уәзір: «Уа момындардың әміршісі! Егер оны өлім жазасына кессеңіз, сіздің теңдестеріңіз көп болмақ. Ал оған кешірім жасасаңыз, сіздің теңдесіңіз болмайды» деген екен. 

P/S Кез келген адам қателіктің жазасын бере алады. Алайда көпшілік жан кешіре алмайды. Арамызда орын алған қателіктерді кешіре білейік!

8.Бір мәжілісте бір кісі сахаба Амр ибн Асқа (Алла оған разы болсын): «Уаллаһи! Бір ауыз сөз айтсаң, менен он сөз естисің» дейді. Амр: «Алайда сен он сөз айтсаң да менен бір ауыз сөз естімейсің» деген екен. 

P/S Сізге қарсы айтылған әрбір сөзге жауап берудің қажеті жоқ. Әрбір сөзге жауап бергенді ауылдағы шалдар бәдік әйелге теңейтін)))

9.Юсуф пайғамбарға (алейһис-сәлам) біреу келіп: «Жердің бүкіл қазынасы қолыңда бола тұра, неге аш жүресің?»деп сұрайды. Юсуф: «Тойып жүрсем ашыққандарды ұмытып кетемін бе деп қорқамын» деп жауап берген екен. 

P/S Біреудің жағдайын түсіну үшін, сол жағдайды бастан кешкен дұрыс. Қазақ "Аш бала тоқ баламен ойнамайды. Тоқ бала аш болам деп ойламайды"деп нендей керемет айтқан.

10.Халифа Омар ибн Абдулазиздің ұлы Абдулмалик қайтыс болады. Көңіл айтып келген кісіге халифа: «Біз бұл істің болатындығын күтіп жүргенбіз. Басымызға келгенде қарсы шықпай қабыл еттік» деген екен.

 P/S Жақсылықтың да жамандықтың да Алладан екендігіне иман келтірген жан осындай болмақ.

11.Сенімді кісі өсек айтады ма?

Бір кісі әйгілі Ахнаф ибн Қайсқа келіп: «Бір сенімді кісі сен жайында маған жаман, жағымсыз деректер жеткізді»дейді. Ахнаф оған қарап: «Сенімді кісі өсек айтпайды» деген екен. 

P/S Жаныңызда әрдайым жайсаң, сенімді жандар көп болсын! 

12.Бойындағы бар күш-жігерін құлшылыққа жұмсап жүргендердің өзі кемелдікке қол жеткізе алмайды. Себебі "кемелдік" тек бір Аллаға тиесілі. Осы ақиқатты пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сəлемі болсын): " Күллі адамзат баласы қателік (күнə) жасайды. Алайда қателік жасаушылардың ең жақсысы тəубе ететіндер"деп жеткізген. Шейх Шағрауи. 

Р/S Үлкенді-кішілі күнəларымызды тəрік етіп, тəубе етейік.

13.Иманды жан...

Иманды жан басына келген алуан түрлі жайттарды қуатты жүрекпен қарсы алады. (Таразыға салады) Егер қателік өзінен болса, Алламен арадағы қатынасын түзейді. Ал əлгі жайт Алла Тағаладан екендігін ұғынса, Жаратқан иесінің хикметіне (даналығына) сенеді. Бұл ақиқатты Алла Тағала: "(Уа, Мұххаммед! Оларға) Барша нəрсе Алладан деп айт" деп жеткізген.

 Шейх Шағрауи. 

14.Зұлымдың ең жаманы қандай?

Зұлымдықтың ең жаманы - кісінің өзіне жасаған зұлымдығы. Мəселен кісінің өзге біреуге жасаған зұлымдығы ақылға сияды. Ал өз-өзіне зұлымдық жасауы ақылға сыймайды. Намаз оқымайтын немесе намаз оқуға ерініп жүрген жанға айтарымыз: " Сен намаз оқымай "өзіңді рақатқа бөледім" деп жүрмісің. Қатты қателесесің. Сен намаз оқымай өзіңді мəңгі-бақилық бақытсыздыққа душар еткелі жүрсің" болмақ. 

Шейх Шағрауи (Алла оны рақымына бөлесін).

15.Құлшылық уақыты келгенде...

Халифа Мәмун фақиһ-ғалымдармен мәжіліс құрып күн тас төбеден ауғанға дейін отырады. Ғалымдардың ішінен Бишр әл-Мәриси (һижри 218) намаз оқуға ыңғайланады. Мұны байқаған Али ибн Салих: «Халифа әлі орнынан тұрған жоқ. Сен орныңнан неге тұрасың?» дейді. Бишр оған қарап: «Бұл уақыт – пендеге бағынышты болатын уақыт емес» деп жауап қатады. Екеуінің бір-біріне айтқан сөздерін естіген халифа Али ибн Салихқа қарап: «Онымен шаруаң болмасын» деген екен.

P/S Ешбір нəрсеге алаңдамай құлшылық жасауды Алла Тағала баршамызға нəсіп етсін!

16.Ақымақтық айықпас дерт

Шахзада Мұса әл-Һади (146-170/764-786) бір жағымсыз іс жасайды. Мұны байқаған шахзаданың тәрбиесіне қарайтын атабек : «Ей, ақымақ!» деп тіл қатады. Бұл сөз шахзаданың шамына тиіп, атабектің мұрнын бұзады. Әкесі халифа Мәһди шахзаданы шақыртып алып себебін сұрайды. Шахзада: «Ол маған «Ей, ақымақ!» деп тіл қатты. Ал ақымақтың дауасы, емі жоқ. Сондықтан сөзін көтере алмадым. Мұрнын бұздым. Егер ол маған «Ей, жынды! деп айтса сөзіне төзер едім. Себебі жындылықтың емі бар» деген екен.

17.Сөз қайтару әдебі...

Жақ ашпай үндемеуім - тектілігімнен. Негізінде айтылған әрбір сөзге берер жауабым бар. Бірақ әуелі айтылған сөзге қараймын "татымды сөз" бе деп, екіншіден сөздің иесіне қараймын "адам" ба деп...

Мәулана Жәләлуддин әр-Руми.

18.Шегедей адам...

Түрік ойшылы Сақалды Жəлел (1962) бір мəжілісте бір танысын "шегедей" адам деп сипаттайды. Мəжілісте отырғандар оның танысын жағымсыз тұрғыдан жақсы білгендіктен "шегедей" деп сипаттағанына тосырқап қалады. Ол оны дереу байқап: "Меніңше, сөзім түсініксіз болды-ау деймін. Оны "шегедей" деп айтқанымда оның "өткірлігін, мықтылығын" меңзеген жоқпын. Ол міндетін "басынан ұрмасаң" дұрыс атқармайды ғой. Сонысын меңзеген едім" деген екен.

19.Əкемді ешкімге ауыстырмаймын...

Əйгілі ақын Кумейт ибн Зəйд əл-Куфи (һ.126) балалық шағында араб əлемінің танымал ақындарының бірі Фараздақты бір жиында көреді. Фараздақ жиында өлең оқиды. Кумейт оған жақындай түсіп, есі кете тыңдайды. Мұны байқаған Фараздақ: "Уа, балақай! Мендей əкеңнің болғанын қалайсың ба?" деп масаттана сұрайды. Кумейт еш кідірместен: "Əкемді ешкімге ауыстырмаймын. Бірақ сендей шешемнің болғанын қалар едім" деп жауап қатады. Мұндай жауапты күтпеген Фараздақ қатты қысылып: "Мынадай жағдай басымнан өтпепті" деген екен. 

P/S Қазақта "Əке - асқар тау" деген сөз бар. Əкеміздің қадірін көзі тірісінде біліп жүрейік!

 

Бауыржан Алиулы

0 пікір