Батысқа Шығысты мойындатқан қаламгер
Батысқа Шығысты мойындатқан қаламгер
25.01.2019 10:22
1162
0

Штюрмерлер халыққа жақын болды, ол қарапайым халық­тың жанды тіліне кеңінен жол ашты. Неміс драматургиясын жаппай шекспирлендіру тенденциясы басталды. Лессинг бұл бағытты ешқашан алдына мақсат етіп қойған жоқ. Алайда «Дауыл мен шабуыл» деп аталған қозғалыс неміс драматургиясын шекспирлендіруден бас тартқан жоқ. Осы қозғалысты жастар жағы жаппай қолдады. Солар­дың арасында Иоганн Воль­ф­га­нг Гете де болды.  Ол ауқатты отбасында дүниеге келді. Лейпциг, Страсбург уни­вер­­­­ситеттерінде білім алды. Страс­­бургте жүрген кезінде ол «Да­у­ыл мен шабуылдың» аса көр­­некті өкілі Иоганн Гердермен таны­сады. Гердер оған қатты әсер етеді. Гердердің үгіттеуімен ол Веймар қаласына қоныс аудара­ды. Гердер дүниеден өткенше ол осы қалада тұрақтап қалады. 1775 жылы герцог Карл Август Веймарскийдің шақыруын қабыл алып, көп ұзамай Бірінші министр боп тағайындалады. Бұл жылдар Гете шығар­ма­шы­лығының біршама тоқыраған кезеңі болды. Ол бірнеше жыл бойы ештеңе жазбады. Тек, Италияға барған кезінде ғана ол шығарма жазуға қайта кірі­сіп, 1775 жылы басталған шы­ғар­ма­сын аяқтады. Испан герцогі Альба өлтірген Эгмонт жайлы ол «Эгмонт» атты трагедиясын бі­тірді.

 

«Фауст»

 

 Гете «Фаусты» жазуға бүкіл өмі­рін арнады. Сондықтан да оны жазушы өмірінің белгілі бір кезеңіне жатқызу қиын. 1790 жылы басталған шығарма 42 жылдан соң, яғни 1832 жылы жазы­лып бітті. Бұл – оның соңғы шығар­масы еді. Шығарманың тақырыбы – адам тану, әлем тану, табиғат тану. В.Г.Белинский бұл шығарманы ерекше зор бағалаған. «Бір адам бейнесіндегі бүкіл адамзаттың жиын­­­­тығы» деді ұлы сыншы Фаус­­­­ты. Шығарманың басты қа­һар­­маны өмірде болған адам де­ген әңгіме бар. Фауст ту­ралы жазу көп­теген ақын-жазу­шы­лар­дың арманы болған. Фауст кім? Оны неге қолына қалам ұстаған адам­дардың бәрінің жазғысы келді? Германиядағы реформа кезеңі мен Шаруалар соғысы кезінде ел ішін доктор Фауст деген атпен әлдебір адамның тынымсыз ара­лап жүргені белгілі болады. Бір­ақ, ол кім? Ғалым ба? Дәрігер ме? Жаратылыс танушы ма? Жи­һанкез бе? Әлде, көзбояушы ма? Ол жағын ешкім білмейді. Әлде аңыз, әлде шындық. Әйтсе де, Фауст туралы лақап елдің санасына ерекше әсер еткен тылсым оқиға болды. Фауст осы ойға тірелгенде, оның дәл осылай шарасыз күй­ге түс­кенін күтіп тұр­ған­дай Мефис­то­фель кіріп ке­ле­ді. Әлем­нің сырын ашуға кө­мек­те­се­тінін айтады. Қоятын талабы біреу – Фауст оған жанын сатуы керек. Фауст кім? Ең әуелі осыны түсініп алайық.

 

Аңыз бен ақиқат

 

ХVІ ғасырдың басында Гер­ма­ния­­­ның барлық қала­ла­ры­ның көшелерімен Иоганн Фауст деген адам емін-еркін серуендеп, өзін ең білгір доктормын деп таныс­тырып жүріпті. Ол туралы жұрт гу-гу әңгіме айтып, бі­реулер оны шын мәніндегі біл­гір доктор десе, енді біреулер оны шын мәнінде сиқырды то­лық меңгерген қара ілім иесі, ол хи­мик, астролог, адам біт­кен­ді арбаушы, қысқасын айт­қан­да, пері деп таныды. Фаустың өзі де мұндай әңгімені теріске шы­ғар­майтын, қайта, табиғаттың бар­лық құпиясы ол үшін ашық екеніне мақтанышпен қарайтын. Өзі­нің айтуынша, оның біл­мей­ті­ні, қолынан келмейтіні жоқ, қорғасыннан алтын жасай алады, адамдарды кез келген кеселден айықтыра алады, жұлдыздарға қарап адам тағдырын болжап бере алады, ең бастысы – мәңгілік өмірдің эликсирін жасаудың да құпиясын біледі. Шын өмірде Иоганн Фауст меди­цина университетін бітір­ген соң мамандығы бойын­ша дәрігерлікпен айналыспай, ол кәсі­бін мүлдем тастап кетеді. Дәу­летті адамдардың қараң­ғы­лы­ғы мен аңғалдығын пайдала­нып, олардың қалтасындағы ал­тын­дары мен ақшаларын қағу­ға машықтана бас­тайды. Ол – білімді көзбояушыға айналады. Ел ішінде ғұлама доктор, сиқыр­­шы, көзбояушы, жер мен көк­тің сырын білетін құдірет иесі туралы лақап қалыптасып, оның сайтанға жанын сату арқылы онымен құпия одақ құрған адам деген сөз жұрт санасынан берік орын ала бастайды. Аңызы мен шындығы біте қайнасып кеткен осы тарих Гете­ні толғандырмай қоймады. Ол өзі­­нің ең атақты «Фауст» атты поэма-трагедиясын жазуға кіріс­ті. Ал өмірдегі Фауст болса Еу­ро­па тарихынан біржола ғайып болды. Ол қайда кетті, немен ай­налысып жүр, ешкім біле алмады. Әйтсе де, оның 1540 жылы қайтыс болғаны белгілі, бірақ оның өліміне ешкім сенген жоқ. Ол жанын шайтанға сатқан соң, соның еркіне біржола еніп, өліп қалса да тіріліп кеп, адамдар арасын аралап қайтады екен, тіпті қара плащ, қара шляпа киіп, ит жетектеп жүрген оны көрген адамдар да болыпты. Жетектеп жүр­ген иттері ит емес, бір кезде өзі жек көрген адамдарын итке ай­налдырып, ертіп жүреді екен деген лақап сөз тарады. Дүниенің барлық құпиясын білмек боп, қанша әрекетке барса да, Фауст ол әрекеттерінен еш­те­ңе шықпайтынына көзі жетеді. Барлық амалы таусылған Фауст ақыл-ойдың тұңғиығына тіре­ліп, «Адам баласы өз ақыл-ойымен дүниенің сырын біле алмайды» деген қорытындыға келеді. Оның осындай ойға тірелуі мұң екен, қара плащ, қара шляпа киген Мефистофель кіріп келеді. «Сен дүниенің барлық сырын білгің келсе менің шартыма көнесің. Ол үшін жаныңды маған сатуың керек» дейді Мефистофель. Фауст келісім береді. Фауст пен Мефистофель құпия одақ құрған соң, ол Мефистофельдің екі аждаһа жеккен сиқырлы арбасына мініп қалалар мен далаларды, тау мен тасты, көк пен жерді қалауынша шарлап шығады. Тіпті құдіретті сиқырмен Троян соғы­сын да бері жылжытты, сол кез­дегі адамдардың арасынан Елена Прекраснаяны көріп, оған өзі ғашық та боп қалады. Поэма сюжеті бойынша, аңыз кешіп жүрген Фауст та қар­тая­ды. Жасы келген соң ол өмір­­дің мәні жайлы, өзінің сайтан­мен байланысып арам одақ құр­ғанына өкініш білдіреді. Сайтан­ның азғыруымен адал жанын са­тып, өз өмірінің түбіне өзі же­т­кені үшін өкініп, дүниенің с­ы­рын ашпақ түгілі, күннің бат­уы мен шығуының, бұлт пен найзағайдың пайда болу құ­пия­­сын бәрібір аша алма­ған­ы­на өкініп, ұйқысыз жатқан түні Мефистофель келіп: «бәріне өзің кінәлісің. Сатқындық жолға өзің түсіп, азғыруға оңай көндің» дегенді айтады да ғайып болады. Түн ішінде Фауст үйінің төбе­сін­де алапат құйын тұрып, бөлме ішінен жыланның ысқырған үні естіледі. Таңертең қызметшілер Фаус­тың өліп жатқанын көреді.

 

Гете және Шығыс әдебиеті

 

Гетенің «Батыс-Шығыс диваны» атты кітабынан соң Еуропа «Әлем әдебиеті» дегенді ғылыми айналымға ендіре бастады. Гетенің бұл кітабы Шығыс мә­дениеті мен әдебиетіне деген зор құрмет пен сүйіспеншілікке толы. «Құжыра» деп аталатын кітаптың алғашқы беті мынадай жолдармен басталады:

«Север, Запад, Юг в развале,

 Пали троны, царства пали.

На Восток отправься дальный

Воздух пить патриархальный,

В край вина, любви и песни,

К новой жизни там воскресни».

Бұл өлеңнің әрбір жолында Шығысқа ұмтылу, Шығысқа бас ию, қирап бара жатқан Батыстан, Солтүстіктен, Оңтүстіктен шы­ғып, Шығысқа беттеңіз деген ойды айта келіп, «Воздух пить патриар­хальный» деп Еуропаға кеңес береді. «Батыс-Шығыс ди­ва­нына» рецензия жазушылар «Воздух пить патриархальный» де­ген жолдың ескілікті қоғамда емес, бағзы замандағыдай та­би­ғат тазалығы мен жан тазалығын айтып отырғандығын жете түсін­ді­ріп өтеді. Гете одан әрі Ислам мен Пай­ғам­бар жайлы да өзінің ерекше ілти­фатын, ыстық ықыласын жар­ия етеді.

 «Там, наставленный пророком,

Возвратись душой к истокам,

В мир, где ясным, мудрым слогом

 Смертный вел беседу с богом».

Пайғамбар өсиетіне адал берілген адамдардың ақиқат жолын анықтауда Жаратушының өзімен еркін тілдесе алатынын да ерекше ынтызармен жырлайды.

«Слей четыре эти силы

В первобытной их природе –

И Хафизу ты подобен,

И бессмертен ты в народе».

Ерлік, азаматтық, сұлулық пен адамдық сияқты төрт қасиетті бойыңа сіңірсең, сен де Хафиз секілді ел есінде мәңгі жасайсың деп, Хафиз шығармаларын жо­ға­ры бағалайтынын білдіреді. Бұдан кейінгі мақалаларының бірінде Гете Хафизді өзіне ұстаз санайтынын, формалық, маз­мұн­дық, стильдік жағынан одан көп нәрсе үйренгенін мақтанышпен жария­лайды.

 

«День угас, но с этой верой

Я несу Хафиза людям».

 «Хафиз-Наме» деп аталатын 12 кітаптан тұратын «Батыс-Шы­ғыс диванының» алғашқы кітабында Гете Хафиздің барлық шы­ғармашылығына деген сүйіс­пен­шілігін асқан шабытпен талдап, оған бірнеше өлең циклдарын арнаған.

Иоганн Гете Фирдоуси, Саа­ди, Низами, Энвери, Руми, Жәми жайлы да тебіреніске толы ойларын кітапқа түсірген. Олар­дың әр­қайсысына тоқталып жату мүмкін емес, ол үшін «Гете-на­ме» деген арнайы сабақ өтіп, зерт­теу еңбек жазу керек. Гетенің арабтар, араб хали­фа­ты жайлы, әсіресе Мұхаммед Пайғамбарға арналған «Ма­го­мет» деген мақаласы ислам діні­нің шығу тарихы, оның қуда­лау­ға түсуі, Мұхаммед ілімінің бірте-бірте адамзат санасында бүтін бір ілгерішіл ілім ретінде қалыптасуы жайлы толық айтылып, ақиқатқа апарар бірден-бір ілім – Ислам ілімі деген ойға меңзейді. Бірақ бұдан кейін, Гете Христиан дінінен қол үзді деп айтуға болмайды. Ол өз ді­нін сыйлап өтті, әйтсе де, ис­лам­ға бүйрегі бұратынын жасыра алмады. Иса Пайғамбар мен Мұхаммед Пайғамбардың ілімін салыстыра қарап, кей тұста осы екі ілімнің де бір-біріне ұқ­сас екеніне, әсіресе «Көне өсиет» пен Құран сүрелерінің мазмұн-мәндері бірін-бірі қайта­лай­ты­н­ын да ажыратып айта білген.

 Иса Пайғамбарды да, Мұхам­мед Пайғамбарды да Гете ақын­мен са­лыс­­тырады. Салыс­ты­ра ке­ліп, үзілді-кесілді көз­қа­рас­­қа тоқта­лады. Мұхаммед ақын емес, ол Пайғамбар деп ойын бекі­тіп алады да, ақын мен Пай­ғам­бардың айыр­ма­шы­­­лы­­ғына тоқтайды. Ақын се­зімді жырлап, содан ләззат алады, қуанады, масат­­танады, ша­быт­танады. Пай­ғам­бар – ілі­мін уағыз­дайды, ол эмоцияға беріл­мейді. Өйткені Алланың сөзі шаттануды, масаттануды, әсіре­леу­ді көтермейді, ол сананы ақи­қатпен билейді. Адам баласы ақи­қат жолын өз ақыл-пара­сатымен шеше алмайды, ақиқат жолы – жаратушыға деген сенім жолы. Гете бұл идея­сын өзінің «Фауст» атты шы­ғар­ма­сында көтеріп, доктор Фауст пен Мефистофель арасындағы жан алмасу әдісін пайдаланған.

 «Батыс-Шығыс диваны» 1819 жылы жарыққа шықты. Бұған дейін Гете ұзаққа созылған да­й­ын­­дық жолынан өтті. Әуелі Құ­ран­ды оқып шықты, сонан соң араб өмірін зерттеді, атақты «Мың бір түнді» оқып, ол туралы мақа­лалар сериясын жазды. Араб халық­тарының 400 жылдық тари­­хын қарап шықты. Сонан соң Шы­ғыстың жеті жұлдызы атан­ған жо­ғарыда аты аталған араб-парсы тілінде жазылған ғұ­лама ақындардың өлеңдерін неміс тіліне аудартып, оларды егжей-тегжейлі зерттеді. Шығыс әдебиетіне Гете сияқты тия­нақ­ты түрде көңіл бөліп, оның поэти­калық құндылықтарын терең­нен тербеп зерттеген Батыс әдебие­­тін­де бірде-бір ақын, не зерт­теу­ші жоқ. Библиядағы «Время разбрасы­вать камни, время собирать камни» деген қағидаға сәйкес, әрбір ақын не жазушы шығармашылық фантазиясы жалындап тұрған жастық шағында өз шығармаларын жазады, ал есейе келе эмоциядан байыпты ойға көшеді, жасы егде тартқанда өткен өмірін санасында қайта таразылап, бұрын өзі мән бермей келген құндылықтарға сараптама жасауға кіріседі.

 

Үндемейтін кез, айтатын кез деген ұғым тағы бар.

 Бұл – Гете­нің қағидасы. Шығыс мәдениеті мен әдебиеті жайлы Батыс елі үн­де­мейтін кезеңді артқа тастап, айта­тын кезге жеткенін Гете бәрінен бұрын сезінді. Осы сезіну­дің нәтижесіне ол «Батыс-Шы­ғыс диванын» жазып шықты.  Бұл кітап жарыққа шыққанда неміс зиялы қауымының арасын­да бір-біріне кереғар пікір­лер айтылып жатты. Әрі драма­ту­рг, әрі сыншы Адольф Мюль­нер 1820 жылы Гетенің бұл ең­бегіне қатты сын көзбен қа­рап, үмітінің ақталмағаны туралы жазды. «Қысқасын айт­қан­да, – деді Мюльнер, – Гете­нің бұл кітабы оның барлық кітап­тары­ның ішіндегі мағынасы жат ең­бек­терінің қатарына жатады. «Батыс-Шығыс диваны» – біздің тал­ғамы­мызға мүлдем сай емес. Мұнда сезім бар да түсінік жоқ, жұм­бақ бар да, оны шешетін кілт жоқ». Мюльнердің бұл пікіріне Гете қатты налып жүргенде, атақты философ Гегель «Батыс-Шығыс диваны» жайлы үлкен мақала жазып, «Гетенің бұл кітабы – оның бар­лық кітаптарынан жоға­ры тұр» деп бағалады. Осы пікірін атақ­ты философ универ­си­тет­терін­де оқыған лекцияларында кең­ей­тіп, толықтыра түсті. Иоган Вольфганг Гете Шығыс поэ­зия­сына Батыс қақпасын ай­қара ашқан, ислам дініне фило­со­фия­лық тұрғыдан зерттей қар­ап, араб мәдениеті мен парсы, түркі поэзиясын Еуропа еліне зор ілти­патпен танытып кеткен ұлы ақын.

Шығыс әдебиетін батыс әлемі­не зор сүйіспеншілікпен таныс­ты­рып өткен Гетенің ұлы еңбегі жайлы айта отырып, оның «Түнгі жолаушының әні» деп аталатын қысқа ғана өлеңі жайлы сөз етпей кету қиянат болар еді. Осы бір қысқа ғана өлең жолдары орыс әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де «Фаустан» кем сөз болған жоқ. Өлең 1780 жылы жазылып, оны 1840 жылы Лермонтов орыс тіліне аударды.

 Арада бір ға­сыр­­дай уақыт өткенде бұл өлең жол­дары М.Әуезовтің сөзімен айт­қанда «Ақшоқыға, Абай ауы­лы­­на» жетті. Лермонтов аудармасы арқылы Абай бұл өлеңді «Қараңғы түнде тау қалғып» деп қазақ тіліне аударды. Неге екені белгісіз, В.Белинский Лермонтов аударған бұл өлеңді «пьеса» деп атап, «...біздің ақынның ау­да­руын­да аптапты күннен ке­йін адам жанын әлдилейтін қоңыр­жай түнгі сезім мейлінше әсер­лі беріліпті» десе, Лермонтов шы­ғар­машылығын зерттеуші Ирак­лий Андронников «Гете – бірте-бірте маужыраған табиғат туралы, онан соң ұйқыға кетер адам туралы айтқан, ал, Лер­мон­тов болса, тіршілік күй­бе­ңі­­­н­ен шаршаған адамның мәң­­гі де­ма­латын тыныштық құша­­ғына енетіні жайлы өзінше бұрылыс жасаған».

Белгілі жазушы Ма­риэт­­та Шагенян өлең маз­мұ­н­ын нақтылай түседі. «Гете бұл өлең­ді алты жыл бұрын кенеттен қайтыс болған Корнелияға деген сағыныш сезімінің әсерінен жазған болар. Ауыр еңбектен қажы­ған адам жаны да табиғат секіл­ді тыныштық құшағына ене­тін болса керек». Ал біздің заман­дасымыз, үш тілді жетік мең­гер­ген Герольд Бельгер болса, Абай аудар­масын Лермонтов аударма­сы­­нан артық болмаса кем емес деп әділ бағасын берді. Батыс әдебиет зерт­теу­ші­ле­рінің арасында Гете Шығыс ақын­дарын батыс әле­мі­не наси­­хаттау барысында өзі де Хафиз­­ден көп үйреніп, кейбір өлең­де­рі­нен Хафиздің ойларын кездес­ті­руге болады деген пікір қылаң бе­ріп қалса, енді біреулері: «Гете­нің «Түнгі жолаушының әні» атты өлеңі әдебиетте жаңа­лық емес, дәл осындай өлеңді ежел­гі грек ақыны Алкман жазып кет­­кен» деп өздерінше дәлел­де­мек болады. Алкманның бұл өлеңі В.Вересаевтың орыс тіліне аударған нұсқасындағы бастапқы жолдары шын мәнінде Гетенің өлеңімен сәйкес келеді.

«Спят вершины высоких гор...

Спят утесы и ушелья ...

Сладко спит и племя 

Быстро летающих птиц» (б.з.д. VII ғасыр).

 Мыңдаған жылдық тарихы бар діндерден кәрі жарықтық поэзия жанрында мұндай ұқ­сас­­­тық болмай тұрмақ емес. Жал­­ғыз­­­сырамайтын адам, жа­быр­­­­­қамайтын ақын жоқ. «Әм жа­­­­­лықтым, әм жабықтым» деп отыз­­ға толмаған Лермонтов мұң­ға батса, «Өмір десе өк­сі­гім­­­ді баса алмаған жан едім, Өмі­­­­рім­нің барлық гүлін аша ал­­­маған жан едім» дей келіп, «Бір адам­ның бір ғұмыры маған аз ғой деуші едім» деп Саттар Ерубаев жиырма екі жасында өмір­­дің өткіншілігіне өкінсе, «Мені де, өлім, әлдиле» деп Мағ­­жан Жұмабаев тіршіліктен шар­­шаған адам жанын өлім ғана әлдилеп, жұбата алатынын Баль­монт­тан асыра, жаңаша жет­­кіз­ді, ал ақындардың атасы Пуш­­кин болса: «Любовь к отечес­т­венным гробам» деп өлімді туған жерге деген символикалық трагизм дәре­жесіне көтерсе, өркениет атау­л­ыдан тым алыста жатқан қаз­ақ ақыны Абай «Мен келмес­ке кетермін түк өндірмей» деп өзін ғана емес, өзгелердің де тір­шіліктегі күйіп-піскен әре­кет­терінің бәрін «өлім» деген суық сөз жым-жырт қылатынын өкінішпен айтып өтті. Мұндай мысалдарды әдебиет әлемінен жүздеп, мыңдап кездестіруге болады.

Арпалысқа толы тіршілік тау­қы­метінен шаршаған, әрі ту­ған қарындасының өліміне қай­ғы­рып жүрген шағында Гете осын­­дай элегиялық сарында жабыр­­қаған жан-дүниесіне өзін-өзі жұбатып айтқан болса керек. Қалай болған күнде де, «Түнгі жолаушының әні» қазақ даласына Гетенің шығармасы емес, Абайдың төл туындысы ретінде Абай әнімен қосылып, кең далаға тарады. Бұл әнді бүгінде біл­мей­тін қазақ жоқ. Ал жазушы Қал­мұ­хан Исабаев Германияға өз қаржысымен барып, Веймардағы «Гете үйіне» Абай аудармасы мен әнін дискіге түсіріп, арнайы тапсырып қайтты. Гетенің «Түнгі жолаушысы» бір ғасырға жуық жол жү­ріп, қаз­ақ даласына жетсе, тағы бір ғасыр өткен соң «қазақ ақы­ны боп» Веймарға, онан соң Ильменауға, күллі неміс жұр­ты­­на қайта жетті. Екі ұлы ақын екі елдің ортақ ақыны боп неміс же­рін­де осылайша бас қосты. Ұлы шығармалар уақытпен санаспайды деген осы болса керек.

 

 Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы

Егемен Қазақстан

0 пікір