Басқалардың білімінен көбірек пайдалана отырып...
Басқалардың білімінен көбірек пайдалана отырып...
10.01.2018 14:51
306
0

Лұқман хәкім Алланың әулие құлдарының бірі болумен қатар әдеппен сөйлейтін, парасат-пайымы жоғары әрі әдемі сөздерімен, ерекше білімдарлығымен басқалардан оқ бойы озық тұрған.

Осындай адами қасиеттерін аңғарған бір кісі оған:

- Мал баққан қойшы болсаң да, ел осы неліктен сенің сөзіңе құмар? - деп сұрайды. Сонда ол:

- Өйткені мен көзімді харамға жұмдым, тым еркіне жібермей тілімді тістедім, аз тамақтандым, уәдемде тұрдым, маған қатысы жоқ нәрселерге көңіл аудармадым, - деп жауап береді.

Хәім Лұқманның қожайыны оған бір қой сойып, соның ең жақсы жерінен кесіп әкелуін тапсырғанда, ол ойланып жатпастан сойған қойының тілі мен жүрегін кесіп әкелген екен.

Қожайыны оған артынша тағы бір қой сойып, бұл жолы ең жаман екі жерін кесіп алып таста дегенде, ол тағы да ойланып жатпастан қойдың тілі мен жүрегін кесіп алып тастайды.

Бұған таңғалған қожайыны оның мәнісін сұрағанда:

- Таза болса, тіл мен жүректен асқан жақсы нәрсе жоқ, ал арам болса, тағы да тіл мен жүректен асқан жаман нәрсе болмайды, - деп түсіндіреді.

Одан бір күні:

- Адамдардың қайсысы білімдірек? - деп сұрағанда:

- Басқалардың білімінен көбірек пайдалана отырып, өз білімін арттыра түскендер, - деп жауап берген. 

0 пікір