БАҚЫТТЫ БОЛАМЫН ДЕСЕҢІЗ...
БАҚЫТТЫ БОЛАМЫН ДЕСЕҢІЗ...
24.03.2020 10:38
375
0

Мұңды: Бақытты болғым келеді.

Данышпан: Бақыт басқаның емес, өзіңнің қолыңда.

Мұңды: Алайда, мен бақытты емеспін. Бақытқа барар жолды да білмеймін.

Данышпан: Өміріңде қуанышты да, бақытты сәттер болды ма?

Мұңды: Иә, бірақ бақытты сәттер тым аз. Есесіне, өмірімде қиын күндер көп. Өзімді бақытсыз сезінемін.

Данышпан: Ал, қазір менен нені күтесің?

Мұңды: Қайтсем бақытты болам, жөн айтсаңыз деймін.

Данышпан: Бақыт қарапайым дүниелерден, ұсақ-түйек заттардан құралатынын білесің бе?

Мұңды: Сұрағаным ол емес! Маған зәулім үй немесе қымбат көлік, яки болмаса банк картасында қомақты қаражат, әйтпесе атақ-даңқ сияқты «бақытқа» қалай қол жеткіземін. Соны айтыңыз!

Данышпан: Бұл – бос сөз. Байлар мен атақтылар ең бақытты жан деп газет-журнал беттері ғана айтуы мүмкін. Алайда, ақиқат басқа.

Мұңды: Ғажап! Сіздің сөзіңізге таң қалып тұрмын!

Данышпан: Негізі, таңданарлық жайт – адамдардың бақыт туралы қате ойлауы. Қаласаң, сенің өміріңді түбегейлі өзгертіп, бақытты ететін қарапайым күнделікті жайттарды айтып берейін?

Мұңды: Ол не нәрсе?

Данышпан: Қолыңнан келетін он бес кеңес айтам. Мұқият істесең нағыз бақытты жан сен боласың, олар:

Бірінші: Сені жақсы көретін ата-анаң, бауырың, жұбайың, досың немесе басқа да адамдар бар. Олардың саған және сенің де оларға деген сүйіспеншілігіңді сезіну бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Екінші: Сені ренжіткен және көңіліңді бұзған адамды кешіріп, оны кешіргендігіңді өзіне айтып білдіру бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Үшінші: Бала күніңде арман еткен немесе ұнатып істейтін әуестігіңді аптасына бір рет жасауға дағдылан.

Осы кеңесімді біреуге айтқанымда ол бала кезінде велосипед тепкенді ұнатқанын айтқан болатын. Міне, осыны істеу бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Төртінші: Жаның сүйіп оқитын кітапқа күнделікті бір мезгіл уақыт бөл. Бұл бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Бесінші: Өзің қадір тұтатын ата-анаңа, бауырыңа, жұбайың немесе досыңа сыйлық алып бер. Сыйлық таңдау және оны ұсынуға жұмсаған уақыттың ләззаты саған бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Алтыншы: Балаларыңа уақыт бөл. Олардың әңгімесің тыңдап, бірге ойна. Балаларың сені өз әлеміне баурап, бақыт құшағына кіргізеді.

Жетінші: Киім-кешегің тұрған сөрені реттеп, қажет емес жақсы киім-кешекті мұқтаждарға апарып қайырымдылық жаса. Бұл бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Сегізінші: Жан сарайыңды айқара ашып сырласатын достарыңмен бір мезгіл кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, ақыл-кеңесіңмен бөліс. Бұл бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Тоғызыншы: Жеткізбейтін дүниенің артынан шапқылай бермей, денеге дамыл бер. Денеңмен қоса ой-санаң да тынығып, бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Оныншы: Дене шынықтырумен айналыс. Кем дегенде аптасына үш күн жаяу жүруді немесе жүгіруді әдетке айналдыр.

Он бірінші: Ата-анаңмен бірге бір дастарқанда отырып олардың көңілін көтер, әңгімелес. Бұл нағыз бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Он екінші: Үнемі езу тартып, жүзіңде күлкі болуына өз-өзіңді үйрет. Бұл бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Он үшінші: Зираттағы ата-баба және туған-туыстардың қабіріне барып тұр. Бұл кеңесіме таң қалып тұрған боларсың? Дегенмен, зиратқа барумен өмірдің мәселелері ақырет сапары алдында болмашы ұсақ-түйек екенін жан-тәніңмен сезінесің. Бұл бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Он төртінші: Жасы үлкен, өмірде көпті көрген, көреген кісілердің сөзіне құлақ түре жүр.

Он бесінші: Алла Тағаладан жүрегіңдегі уайым-қайғыны сейілтіп, жан рақатын беруін сұрап дұға ет. Бұл бақыт пен жан рақатын сыйлайды.

Мұңды: Расымен-ақ, бұл әркімнің қолына келетін қарапайым дүниелер екен!

Данышпан: Иә, қазір сенің ең маңызды қадамың – бақытқа қарай адымдауың. Бақыт үйіңнің есігін қағып өзі келеді деп ойлама. Сен әрекет еткен кезде ғана бақыт саған қарай жүре бастайды. Бақыт – сен қабылдайтын шешім. Бақытты сатып ала алмайсың. Сен бақытты болғым келеді деп шешім қабылдауыңмен Алла жарылқап бақыт саған жақындай түседі.

Міне, сол кезде сені қоршаған айналаң бақытты етуге өз үлестерін қоса бастайды. Сен бақыт құшағына енген кезде бақыт сенің жақын адамдарыңа да өтеді. Өйткені, бақыт – жұқпалы. Ең маңыздысы, сөзің мен ісіңе Алла Тағала разы болатындай болсын. Сосын, өз-өзіңе көңілің толатындай болсын. Міне, «Бақыт қайда?» деген сен іздеген сұрақтың жауабы осы, - деген екен.

Дайындаған Руслан ҚАМБАРОВ

 

0 пікір