Балық қиссасы
Балық қиссасы
05.04.2018 11:55
5317
0
Бекен Қайратұлы

Осы хикаяны баяндаушы – атақты имам, әрі Бағдат қаласының фақиһы   (дін ғалымы) Ахмет ибн Мискин: Бұл оқиға мен Балх қаласында өмір сүріп жүргенде басымнан өткен еді, – деп сөзін бастады. Сол уақытта Хорасан шейхы, ғұлама уағызшы, ұлы заһид, (дүниеге бой алдырмаған таза адам) иманының   күштілігі үшін “Үмметтің Лұқпаны” атанған Абдуррахман ибн Хатим әбу Иусуф та Балхта болатын. Бұл кісінің жамағатқа уағыз айтатын арнайы мәжілісханасы да бар еді. Бірде соған бардым. Шейх бір жұмыстарына байланысты кешігіп келетіні туралы шәкірттеріннен  хабар айтқызыпты. Көпшілікпен бірге күтіп отырдым.

Жиналған жұрт болса:  “шейх келгенше бізге біреу уағыз айтсын” – деп ұсыныс жасады.

       Көпшіліктің тілегін мақұлдаған шейхтің шәкірттерінің бірі келіп, менің қолымнан ұстап, жетелеп әкеліп шейхтің уағыз айтатын мінберіне шығарып: Уа, Ахмед ибн Мискин, сіз Бағдатта болып дін ғұламаларының дәрісін тыңдаған адамсыз. Әһлі сүннет имамы, өз заманының “Шейхулъ Исламы” атанылып Ханбали мазһабы (жолы, мектебі) медресесінің  негізін қалаушы Ахмет ибн Ханбалмен бірге болғансыз. Сахабалар дәуірінен кейінгі, Алланың жер бетіндегі үлгісі атанған, тақуалықтың көшбасшысы – Бишар әл – Хафиден білім үйренгенсіз. Бұл жерде уағыз айту, сізге лайық” – деді. Мынадай мәртебелі таныстырудан кейін барша адамның назары маған ауды. Назарлар нәпсімді (мақтаныш сезімімді) оятып жіберді. “Уаллаһи! Бұл да сынақ”, - дедім ішімнен. Адамдардың назары саған ауып, ынтыға қарауы сынақ емей немене? Бұл сынақ болғанда, атаққұмарлық пен адамдардан дәрежем артық, деп ойлап қалатын тәкаппарлану сынағы. Пәнидің ең қатты сынағы да осы. Ішімде рия (өзіңді өзгегелерге көрсету) туып, барша ізгі амалдарымды жойып, сауабымды бекер қылар деп күйзелдім. Алла алдында ықыласты болуым үшін, ықылас мәселесін естеріне салдым, нәпсімді тыйып, өзімнің басымнан өткен мына бір хикаяны баяндауға кірістім.

Ахмед ибн Мискиннің хикаясы:

   - Яғни осыдан 11 жыл бұрын, хижраның 219 жылы болатын. Мен Бағдатта едім. Әйелім және кішкентай ұлым бар еді. Үйде тіске басатын дән жоқ, аштықтың азабына ұрындық. Таршылыққа ұшырадық. Үйім өртеніп тұрған сахараның өзі сияқты. Аштықтан әйелім жылай бастады, оған балам қосылды. Қиналғаным соншалық үйдің ағашын кеміруге шақ қалдым. Содан ойыма келгені: “үйіңнің ағашын жей алмайсың, одан да сатып ақшасын жемейсің бе?” Үйімді сатуға ниет қылдым. Оны сату маған өз терімді сыпырып тастағанмен бірдей еді. Қатты қиналдым. Қайғырғаннан түнде ұйықтай алмадым. Түннің соңғы бөлігінде тұрып, мешітке келіп, намаз оқыдым. Алладан ризық сұрадым. Осы халде таң намазына дейін болдым. Одан соң жамағатпен таң намазын оқыдым да артынан екі қолымды көтеріп: “Аса қамқор, мейірімді Алла! Кембағалдығым үшін сенен пана тілеймін. Сенен мені  сабырым  арқылы  жөндейтін  пана  тілеймін және  тағдырыма  риза  болуымды  тілеймін. Сенің  тағатыңа  қуат,  бұйрықтарыңа  ризалық  тілеймін. Я, Рахман, рахим!”- дедім. Тағы  біраз  уақыт  отырдым. Күн  шығып, сәске  уақыты  кірді. Мешіттен  шықтым да  үйімді  сатып  алатын  адам  іздестірдім. Үйім  сатылса  кешеден  бері  нәр  татпаған  үй-ішімді  тамақтандырамын. Сол  мезетте  бұрынан  танитын  досым  Әбу-Насыр  ас-Соядты  кездестіріп, оған:, Ей, Әбу- Насыр, мен  үйімді  сатпақпын, тұрмысым  тарылып  кетті. Әйел, балам  кешеден  бері  аш. Үй  сатып  алатын   ешкімді  білмейсің  бе? Маған  қарыз  тауып  бер, үй-ішімді  тамақтандырайын, үй  сатылса  ақшаңды  қайтарамын”,-дедім. Ол:

- Жағдайың  осынша  қиындап  кеткені  ме?- деді.

     -  Иә, дәл  осылай  болып  тұр.

  • Ендеше  мынаны  ала  тұр, ішінде  шейхтың  берекесі  дарыған  бір  нәрсе  бар, - деп  маған  қолындағы  матаны  ұсынды. Ашып  қарасам, ішінде  екі  тілім  нан, азғана  халуа  бар  екен. «Осыны  ал  да, үй- ішіңді  тамақтандыр, мен  үйіңді  сатып  алатын  немесе  қарыз  ақша  беретін  біреуді  қарастырайын» - деді. Досыма  ризашылығымды  білдіріп, одан ”Шейхтың  берекесі  не?”  деп  сұрадым.

Шейхтің берекесі

- Мен  кеше  дәл  сенің  қаліңде  болдым.Тақыр  кедей  едім. Бір  апта  бойы құрған  торыма  балық  ілінбеді - деп  әңгімесін  бастады  Әбу- Насыр  ас-Сояд. Содан  қатты  уайымға  түстім. Кеше  жұма  намазынан  соң  менің  қатты  қайғыда  екенімді  байқап  қалған  Бағдаттың  имамы  шейх Бишр әл-Хафи:

-  Сен  неге   осыншама  қайғыда  жүрсің?- деп  сұрады.

- Уаллаһи, үйімде  тамақ  қалмады, сататын  ештеңем  жоқ, осыған                             қайғырып  отырмын,- дедім. Ол  кісі: ”Аллаһу  мустаъан! (жәрдем  тілейтініміз  бір  Аллаһ) торыңды  ал да, менімен  жүр”,- деді. Екеуіміз  балық  аулайтын хандаққа (жерге) келдік. Шейх өзі дәрет алып, маған да соны істетті. Одан кейін «екі бас (ракаъат) намаз оқы», - деп маған бұйырды. Өзі де оқыды. Намаздан кейін қатты жалбарынып дұға жасады. Сөйтіп : «Торыңды таста», -деді. Торымды тастадым. Кешікпей торыма бір нәрсенің ілінгенін аңғардым. Тартып көрсем, ауыр екен. Шығаруға күшім жетпеді. Шейхті көмекке шақырдым. Екеулеп тартып шығардық. О’Алла! Өмірімде көрмеген, семіз, дәу балық шықты. Аллаға мақтаулар айтып, шүкір еттім. Енді көтерейін десем,тағы шамам жетпеді. Тағы да шейхті көмекке шақырдым. Шейх балықты иығыма салып беріп: «Базарға апарып сат, бала шағаңа тамақ ал», -деді . Мен шейхқа алғысымды айтып, балығымды көтеріп, базарға беттедім. Базардың кіре берісінде бір саудагер кездесіп «Мына балықты сатпайсыз ба?» - деп өтінді. Ауызыма түскен аса қымбат бағаны айта салдым. Уаллаһи, саудагер еш саудаласпастан сұраған бағамды берді. Ақшама нан, халуа сатып алдым да бірден үй-ішімді тамақтандырдым. Олар тамақтанған соң қарасам, әлі артылып қалған нан мен халуа бар екен. Осыны біреуге берер болсам, адамдардың жақсысы шейх Бишр әл-Хафиге берермін, деп шештім. Сөйтіп, оның үйіне барып, есігін қақтым. “Кімсіз?”-деп өзі сұрады. “Әбу Насыр ас-Соядпын”-дедім. “Егер қолыңда бірдеңе болса, оны есіктің сыртына қалдыр, ештеңе алып кірме”, - деді. Қолымдағы нан мен халуаны сыртқа қалдырып үйге кірдім. Сөйтіп, келген шаруамды айттым: “Ұлы Аллаһқа мақтаулар болсын! Мына бір артылып қалған нан мен халуаны дұға етіп көмектескеніңіз үшін сізге сыйлық ретінде беруді дұрыс көрдім ”, - дедім. Шейх күліп жіберді де: “Ей, Әбу Насыр! Егер осыны өзіміз жейтін болсақ балық шықпас еді”. Яғни,, осындай ізгі амалдарымыз үшін, сыйлық алатын болсақ балық шықпас еді. Өйткені, Алла менің дұғамды қабылдағаны үшін балық шықты. Әрі менің күмәнді істерден сақтанғандығым үшін балық шығып тұр. Сауапты амалдары үшін немесе жасаған дұғасы үшін адамдар ақы алса онда балық та шықпайды, ризық та келмейді, дұға да қабыл болмайды.

   Ақыры шейх орамалды қайтарып жіберді. Мен содан келе жатырмын. Бұл саған қажет. Үй-ішіңе апарып бер. Мен сенің үйіңді сатып алатын, әйтпегенде қарызға ақша беретін адам іздестірейін,- деп досым кетіп қалды.

   Мен қатты қуанып кеттім. Аш отырған әйел, балама беретін аз ғана азығым бар. Бірақ осы күйге түскеніме, садақа алғаныма қатты күйзелдім. Соған қарамастан нан мен халуадан шейхтің сырын сезгендей болдым. Естіген оқиғам терең мағынаға ие сияқты болып көрінді. Шейхтің: “Осыны өзіміз жейтін болсақ – балық шықпас еді”, - деген сөзі ойымнан кетпеді. Ол кісінің тақуалығын, дүние ісіне қызықпағанын, Аллаға артқан сенімін, ризықтың келуіне деген үмітінің күштілігін ойлап үйге келе жатыр едім, мына бір оқиға кез болды. Мені жас баласымен бірге отырған әйел тоқтатты. Бала менің қолымдағы орамалдан көз алмайды. Әйел: “Ей, мырза! Мына кішкентай бала жетім еді. Асырайтын ешкімі жоқ, аштыққа шыдамай барады. Қолыңда бірдеңе болса, тамақтандырғайсың, саған Алланың мейірімі болғыр!”- деді. Балаға назар аударсам Аллаға ғибадат етіп, дүниеден баз кешіп, жалбарынып тұрған 1000 ғибадатшыдан артық беріліп тұрғандай көрінеді. Иә, мейірім тілеген жетім сәбиден осы жалынышты кейпі 1000 ғибадатшыдан артық еді. Жүрегім қақ айырылып, ойлана бастадым. Дәл қазір мына әйел мен баланы, немесе өз әйелім мен баламды тамақтандырамын. Екі жағдайды салыстыра бастадым. Бір кезде жәннат жер бетіне түсіп, осы жетім сәби мен әйелді тамақтандырған адамға нәсіп болатындай сезілді маған. Адамдар болса соқыр, ешнәрсе көріп жатқан жоқ. Тағы бір сынақ - кешеден бері нәр татпаған әйелім мен балам есіме түсті. Әйелім мен балама тамақ берсем - өте жақсы, сауапты іс; бірақ та, өзім сабыр етсем,  әйелім мен балам  сабыр етіп, осы екеуін тамақтандырсам бір емес, бес сауап алғалы тұр екенмін: өзімнің сабырым, әйелімнің сабыры, баламның сабыры, осы әйелдің қуанышының сауабы мен баланың қуанышы.

Мен: ”осы аштыққа бірнеше күн сабыр ету керек болса, сабыр етейін. Пайғамбарымыз аштыққа сабыр қылмап па еді? Әбубәкір ше (р.ъ.) бірнеше күн тамақсыз қалған еді. Ибн Омар да (Аллаһ олардың барлығына разы болсын), аш жүрмеп пе еді? “Йәтуи” деген ислам фиқһында (түсінігінде ғылымында) кең танымал сөз бар. Бірнеше күн қатарынан тамақсыз ұйықтап қалуды білдіреді. Күн батарда аузын ашатын ораза тұтқан кісідей емес, екі-үш күнге дейін еш нәрсе жемей жүру. Жоқшылықтан осындай жағдайға жеткен сахабалар мен ғұламалар есіме түсе бастады. Олар да сабыр қылған. Мен де сабыр етейін. Әйелім мен баламды көндірейін, ал, мыналар болса шынымен де бейшара халде екен. Әлгі әйелге: “Мынаны ал да балаңды тамақтандыр”, - дедім. Сол сәтте, әйелдің көзінен бір тамшы жас ыршып шыққанын көрдім. Бала болса шаттанып, күле бастады. Бұлардың қуанғандарын көріп, солармен бірге қуануға шамам жетпеді. Олар үшін Аллаға дұға қылдым да, кеттім. Олар мәз, бергенімді жеп қала берді. Мен болсам одан бетер уайымға түстім, тапқан азғантай тамақты басқаларға бердім, енді үйіме не бетіммен барамын. Сөйтіп, үйге бармауды жөн көрдім. Әйелім мен баламның жылағанын көруге дәтім жетпеді. Бесін уақыты жақындап қалды. Мешіт қабырғасының көлеңкесіне отыра кеттім. “Үйімді кім сатып алар екен?” – деп баяғы уайымға қайта түстім.

Балық қайдан шықты?

Сөйтіп отырғанымда: “Ей! Ахмед ибн Мискин, қайдасың?”- деп мені шақырып іздеп жүрген Әбу Насыр ас-Соядтың даусын естідім. Қарасам, өте қуанышты екен. “Не болды?”- дедім. Ол  болса: «Ей, Ахмед, үйіңе байлық пен береке келді» - деді. Мен: “Субханаллаһ! Ей, Әбу Насыр, балық қайдан шықты?”- деппін.

    Досым мына бір оқиғаны айтып берді:

- Өзіңе кездескен соң, бір қайыр қылушы мухсиннен саған беретін қарыз таптым да, тамақ алып үйіңе бармақшы болдым. Сөйтіп, тамақ пен ақшаны алып үйіңе бара жатыр едім, жолда бір саудагер: ”Мискин Басриды танитын адам бар ма?”- деп айналасына жар салып тұр екен. Жиналған жұрт: ”Танымаймыз”,- десті. Біз Мискин Бағдатиды білеміз, ол емес пе? – деп сұрады. Жар таратушы адам: «Маған Мискин Басри керек»,- деп тұрып алды. Сенің әкең “Мискин Бағдати” болғанын, мұнда келген соң “Мискин Басри” атанып кеткенін білуші едім. Оған айтып бердім. “Ендеше ол қайда? – деді саудагер. Мен: “Ол кісі не үшін қажет?” – деп сұрадым. Әлгі адам былай деді: “Мен басралық саудагермін. Мискин әл-Басри деген адам ( Ахмедтің әкесі) осыдан 30 жыл бұрын маған біраз дүние берген еді. Мен ол ақшаны зая кетіріп алдым да қайтаруға шамам болмады. Ол кісіге: “Әзірше ақшаңызды қайтаруға шамам жоқ. Басқа жерге барып кәсіп істейін. Қашан ақша тапсам, Алланың ризашылығы үшін қайтарамын”,- дедім. Ол кісі келісімін берді.                Сөйтіп, сауда ісімен айналыстым. Қаншама қиындықтардан кейін Алла қайырын берді. Мискин Басриге ақшасын қайтарып беруге қолым тимеді, әркез саудада болдым. Одан алған ақшаны саудаға салдым. Қыруар ақшаға айналды. Мына керуен түгелімен сол Мискин Басридікі. Түйелер де, алтын-күміс, киім-кешек барлығы Мискин Басридің дүниесі. Осының барлығын Басраға алып барсам, ол кісі Бағдатқа көшіп кетіпті. Содан Бағдатқа келгенім осы еді, - деді.

    - Содан сені іздеп жүрмін. Керуенді әйеліңе әкеліп тапсырдық.

    - Субханаллаһ, - дедім. “Егер осыны өзіміз жейтін болсақ, балық шықпас еді”, - деген шейхтің сөзі есіме түсті. Досым екеуміз үйге бардық. Есік алдында керуен тұр. Әйелім мен балам тамаққа тойып, енді пақыр-кембағалдарға садақа тарата бастапты. Субханаллаһ! Осыдан сәл ғана бұрын пақыр едім, енді міне...

    - Содан ірі саудагердің біріне айналдым. Аллаға шүкіршілік етіп, ізгі амалдарға ұмтылдым. Кембағалдардың мұқтажына көмектестім. Білім үйрендім, ілім тараттым.

Құрметті қауым! Осыдан 11 жыл бұрын болған осы хикаяны айтып беруімнің тағы да басқадай себебі бар, - деді  Ахмед.

 – Осыдан бұрын түс көрдім. Түсім мен бастан кешкен оқиғаның арасында қандай бір байланыс бар сияқты көрінеді. Жиналған жұрт: - Ей, Ахмед, ол түстің бізге айтқан оқиғаға қандай қатысы бар, Алланың саған рахметі болсын, оны да айтып беріңіз, - деп өтінді.

Ахмед ибн Мискиннің екінші хикаясы:

  - Түсімде қиямет күні басталыпты. Таразылар орнатылып, амалдарым таразыға өлшенейін деп тұрғанын көрдім. Сөйтіп, періштелер келіп, менің жақсы амалдарымды таразыға салды. Сауапты істерім ( берген садақаларым, оқыған дәрістерім) таудай болды. Таразының екінші жағына күнәларым салынды. Ол тіпті аз екен. Осы аз ғана күнәм таудай сауаптарымды басып кетті. Сауаптарымның тіпті салмағы жоқ. Айналамдағылардың бәрі аң-таң. Аса бір терең маңызға ие дәрістерім мен айтқан уағыздарымды қарасам – ішінде құрт жүр екен. Әлгі  құрт  таудай  сауаптарымның  ішін  үгіп  жеп  қойыпты. Қауқиған  сырты  ғана  қалған. Әлгі  құрт  не  десем - адамдардың  мақтауы  екен. ”Пәленше деген ғалымның  білімдісі - ай”, деген  мақтауларға, өзімнің “білімдімін”  деген  риям (өзіңді өзгелерге көрсету)  қосылып  құртқа  айналыпты  да, сауаптарымды  жеп  қойыпты. ”Пәлі, нендей  керемет  ұстаз!”- деген  сөзге  алданыппын. Бір  кезде  қайыр-садақаларым  үшін  берілген  сауап  таразыға  тартылды. Пәлен  мың  адамға  садақа  беріппін, қаншама  отбасын  аштықтан, кембағалдықтан  құтқарыппын. Бір  жерлерге  үлкен-үлкен  мешіттер  салыппын. Осындай  таудай  сауаптарымның  ешбір  салмағы  болмай  шықты. Тағы  да  ішінен  құрт  шығып, жеп  қойыпты. Яғни, адамдардың  алғысына  деген  құштарлық, атақұмарлық, жомарт  атану  мақтаны  құртқа  айналыпты. Сөйтіп, таразының  сауаптар  жағы  босап  қалды. Керек  десеңіз, ғибадаттарымның  өзі  сауаптан  жұрдай. Оқыған  намаздарым, ұстаған  оразам, қажылығым, зекетім - барлығының  артында  ғурур ( уақытша, алдамшы)  мен  адамдардың  мақтаулары  тұр. Ағзу  билләһ! (Алладан  пана  тілеймін!). Таразым  бос. «Енді  еш  нәрсесі  қалмады  ма, тозаққа  кететін  болды  ғой»,- деген  дауыстар  естіле  бастады. Сол  кезде: «Мынау  қалды, мынау қалды!”- деген  дауыс  естілді. Мен  де, адамдар  да  бұрылып  қарасақ: бір  орамал  ішінде  екі  тілім  нан, азғана  халуа  келіп  таразыға  түсті. ”Е-е, бұл  әйел  мен  жетім  балаға  берген  садақам  екен  ғой”- деп  ойладым  ішімнен. Бір  уақытта: ”Тұра  тұрыңдар”,- деген  тағы  біреудің  үні  естілді.”Не  болды?”- дестік. Сөйтсем, бұл  екі  тілім  нанның  сауабы  бүтіндей  менікі  емес  екен, тең  жартысы  Әбу  Насырдікі  екен. Мен  болсам: Өзі  де  онша  үлкен  дүние  емес  еді,  жартысы  алынып  қалды, бұдан  не  қайыр”,- деп  тұрмын. Бір  тілім  нан  таразыға  келіп  түсті. Қарасам, әлгі  тілім  нан  тастай  болып  қатқан  күнәларымды  басайын  деді. Енді  құтылуыма  азғантай ғана  қалған  сияқты. Бүкіл  ғұмыр  бойы  істеген  жақсы  амалдарымның  бәрін  құрт  жепті  де, құрт  жемеген  жалғыз  амал  қалыпты десті. ”Ол қандай амал екен?”- десті  біреулер. Баяғыдағы  әйелімнің сабыры, баламның сабыры, өзімнің  сабырым (аштыққа  деген)  зат  болып  алдыма келді. Таразыға  салынғанда  сауаптар  жағы  ауырлай  бастады. Енді  құтылуға  аз-ақ  қалдым. ”Тағы  бір  нәрсесі  бар  ма, іздеңдер”, - деген  бұйрық  түсті.  Ештеңе  шықпады.  Мені  тозаққа  сүйретіп  әкеткелі  тұр.  Болды, біттім. Осы  кезде: ”Кішкентай  ғана  нәрсе  бар  екен”,- деген  дауыс  естілді. ”Ол  не ?”.  ”Баланы  тамақтандырған  үшін  қуанған  әйелдің  бір  тамшы  көз  жасы”.  ”Бір  тамшы  жастан  не  пайда, онда  қандай  салмақ  болсын”- деп  жатыр  екен.  ”Жоқ, оны  да таразыға  салыңдар”, - делінді. Көз  жасы  таразыға  тарталды. Таразыға  түскен  көз  жасы  көбейе  бастады. Көбейе - көбейе  көлге  айналды. Теңіз  болды. Бір  кезде  осы  теңізден  бір  балық  шоршып  шығып, таразының  сауап  тұрған  басына  лып  етіп  құлады. Сауаптар  жағы  күнәні  басып  кетті. ”Құтылды, құтылды!”- деген  дауыстар  естілді. ”Әлхамдулиллаһ! Құтылдым!”- деп  мен де  айқайлап  оянып  кеттім.

Оянған соң есімнен екі сөйлем шықпай қойды. Біріншісі: “Балық қайдан шықты?”, екіншісі: “Егер де осыны өзіміз жегенде балық шықпас еді”.

Барлық  мақтаулар әлемнің  Раббысы Аллаға болсын!

Бекен Қайратұлы

 

0 пікір