БАЛ ЖҮРЕКТІ АУЫРТАДЫ
БАЛ ЖҮРЕКТІ АУЫРТАДЫ
28.04.2022 11:31
792
0

Бір сараң үйінде нанға бал жағып, жеп отырады. Үстіне бір танысы кіріп келеді. Сараң нанды жасырып, балды жасырып үлгермейді. Құр балды жей бермес деп ойлап, келген танысына:

– Бал жей отыр, – дейді.

Ол балды нансыз-ақ асап жей береді. Барлығын жеп қояды деп сараңның зәресі ұшып шыдай алмай:

– Балды көп жей берме, жүрегіңді ауыртады, – дейді.

Танысы сараңның ниетін түсініп:

– Сенің жүрегіңді ауыртпаса, менің жүрегімді ауыртпайды! – депті.

Расымен де сараңдық деген қолында барын бөліспеу, шамадан тыс үнемшілдік танытып, басқаларға көмектеспеу арқылы көрініс табатын жаман қасиет екен.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «…Кім бойындағы сараңдықтан сақтанса, міне, солар нағыз құтылушылар» (Хашыр сүресі, 9 аят) дейді. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жомарт – Аллаға, жаннатқа және халыққа жақын, тозақ отынан алыс. Сараң – Алладан, жаннаттан және ел-жұрттан алыс, тозақ отына жақын» – дейді.

Сараңды Алланың берген нығметтерін, рызық-несібелерін басқа да жақсылықтарын ұмытып, тәкәппарлыққа салыну деген сөз.

Сараңдық адам баласын адамкершілікке емес көрсоқырлыққа, жақсылыққа емес жамандыққа, қанағаттылыққа емес ашкөзділікке апаратынын ізгі жандар айтып кеткен. Сондықтан да адам баласы өз ұрпағын сараңдықтан сақтандырып отырған жөн. Алла Тағала жүректерімізді дүниеқұмарлықтан, бойымызды сараңдықтан сақтасын.

 

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

 

0 пікір