БАЙЛЫҒЫҢА МАСТАНБА!
БАЙЛЫҒЫҢА МАСТАНБА!
01.03.2021 09:43
233
0

Бірде Харұн Рашит пен данышпан Шақиқи Бәлхи әңгімелесіп отырса керек. Бір мезет патшаға данышпан оқыстан былай деп сұрақ қойыпты: «Патшам, ұшы-қиырсыз шөл далаға тап болдыңыз. Неше күн жүріп шөл қысып өліп бара жатқан жайыңыз бар. Алда-жалда алдыңыздан біреу шығып: «Бір жұтым су берем, ажалдан аман қаласың. Бірақ маған байлығыңның жартысын бер», - десе, берер ме едіңіз?

Патша ойланбастан: «Қу жанымнан қымбат па, берер едім», - депті. Данышпан: «Дұрыс айттыңыз», - деп, артынша: «Уа, патшам, - депті, - сіз ол суды ішкенмен әлден уақытта дәрет қысып өлер болдыңыз. Өздігіңізден шамаңыз келер емес. Әлден уақытта біреу келіп:

«Маған қалған жарты байлығыңды бер, ішкен суыңды қайта сыртқа шығарасың», - десе, берер ме едіңіз? Патша: «Иә, бермеске амал бар ма?» - депті. Сонда данышпан «Әй, Харұн! Ендеше, басыңа іс түскенде ішіп қайта сыртқа шығарған бір жұтым су құрлы құны жоқ байлығыңа есіріп, ешқашан мастанушы болма!», - деп үлкен ой салған екен.

 Қ.Бағашар

0 пікір