ӘУЕЛІ ӨЗ ТЕРЕЗЕҢНІҢ ІШІНЕ ҮҢІЛ...
ӘУЕЛІ ӨЗ ТЕРЕЗЕҢНІҢ ІШІНЕ ҮҢІЛ...
11.01.2020 14:41
294
0
  1. Көзден кеткен нәрсенің суреті көңілде де көмескілене беретіні несі екен? Өйткені, көңілдің айнасына уақыттың шаң- тозаңы тоқтайды.
    2. Жақсылыққа қуана білетін адамда сен ойлағандай кішкентай емес, зор адамдық қасиеттің нышаны бар. Жақсылыққа қуана алмайтындар да баршылық,
    3. Ұшпа көңіл - ұшқалақ мінезден. Ұшқалақ мінез- ұстамсыз пайымнан.
    4. Жақының көре алмайтынды жат байқағыш. Жақыныңның жанашырлығы сатулы. Жаттың тілеуқорлығында мейілінше әділет пен шындық бар.
    5. Кейде кісінің ойын оқып қоямын. Ойдың көзі адамның саған деген қарым - қатынасында һәм сөзінде.
    6. Жан сұлулығын сезіну - жарасымнан. Ол ұзаққа апарады. Одан шуақ құйылады, шапағат тарайды.
    7. Тым секемшіл, күмәншіл адамның аржағында өзіне деген сенімсіздік тұрады.
    8. Өмірді тым қысқа дейміз. Анығында оны қысқартатын өзіміз. Өміріңді ұзартқың келсе сүйе біл, сүйгізе біл. Сүюде бар ғұмырдың ең жарық сәулесі бар.
    9. Абайды оқымаған, танымаған қазақ мен үшін анығында қазақ емес.
    10. Кісілік - кішкентай ғана нәрседен. Оны үлкейтіп жүрген өзіміз.
    11. Бойдағы қуат құдайдан дейміз. Ал, сол қуатты жетілдіру- өзіңнен. Жан қуаттанбаса басқасының бәрі бекер. Жан қуаты- жарқын ойдан, жақсы амалдан.
    12. Біреудің мінін көргіш адамды сыншы, қырағы дей алмаймын. Кімде мін жоқ. Бәрінде. Әсілі жақсылықты көре алмайтын адам міншіл келеді- ау.
    13. Терезенің аржағында басқа өмірлер бар. Әрқалай. Біз соны талқылауға құмармыз. Сен, әуелі өз терезеңнің ішіне үңілші.
    14. Ақша мен атақтың бұзбайтыны жоқ- ау. Соған бұзылмаған адам - нағыз адам.
    15. Сен кішірейген сайын, оның зорайғысы келіп бара жатса, уақыт оздырмай ондай адамнан сырт айнал.

 

Ерболат Баятұлы

10.02.20

 

0 пікір