Ашуды ауыздықтайтын 5 әдіс
Ашуды ауыздықтайтын 5 әдіс
11.07.2018 13:18
1554
0

«Ашу бар жерде ақыл тұрмайды» деп қазақ бекер айтпаған. Иә, ешкім ашулайыншы, осы мен бір мінез шығарып, дауыс көтерейінші демейді ғой. Бірақ кейде адам өз қалауынан тыс ызаға ерік беріп қоятыны жасырын емес. Жер қозғалса да қозғалмайтын сабырлы адамның өзі бір күн болмаса да бір күні шыдамы таусылып, дауыс көтеруі мүмкін. Себебі, жазушы Оралхан Бөкей айтпақшы, тоғайдағы торғайда да ашу бар. Солай емес пе?

Иә, ашулану деген – адамның еркінен тыс болатын тосын дүние. Бірақ бұл ашуды ауыздықтауға болмайды деген сөз емес. Ашуды жеңуге болады! Қалай? Міне, бүгін сол сұрақтарға жауап беріп көрмекпіз.

  1. Ашу шайтаннан екенін біліңіз. Ол адамды жетегіне алып, дегеніне көндіргісі келетіндіктен, мұндай кезде адам ақылымен емес, эмоциясымен шешім шығарып қоюы әбден мүмкін. Себебі, мұндай жағдайға түскен адам өз-өзін бақылауда ұстай алмайды. Сондықтан ашу қысқан алғашқы сәтте, ең алдымен, қуылған шайтанның кесірінен Аллаға сыйыну керек. (Аъузу билләһи минәш-шайтанир-ражиим)
  2. Дәрет алыңыз. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, ашу – шайтаннан, ал шайтан оттан жаралған, отты сумен өшірмей ме, сондықтан, егер араларыңда біреу ашуланса, дереу дәрет алсын», - деген. (Ахмад)
  3. Жағдайыңызды өзгертіңіз. Тұрған болсаңыз, отырыңыз. Жүріп бара жатқан болсаңыз, тоқтаңыз. Отырған күйде ашуланған болсаңыз, жата қалыңыз немесе далаға шығып кетіңіз. Бұл әдіс болып жатқан келеңсіз жағдайды сәл де болса ұмытып, көңіліңіздің аулануына жол ашады.
  4. Ашулы күйде ештеңе айтып қоймауға тырысыңыз. Себебі, эмоцияға ерік берген адам өзі қаламаған сөздерді айтып қойып, кейін бармақ тістеп қалуы әбден мүмкін. Әлгі ілгерідегі ғалымдардың «үндемеген кезім үшін өкінген емеспін» деген сөзі есіңізде ме? Үндемей қалу – көп жақсылықтың кілті. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер ашулансаң, үндеме. Егер ашулансаң, үндеме. Егер ашулансаң, үндеме», - деп өсиет еткен. (Ахмад)
  5. Ашу адамның еркінен тыс дүние болғандықтан, үнемі «Иә, Алла, менің түр-сипатымды әдемі еткеніңдей, мінез-құлқымды да көркем ете гөр!» деп дұға жасап жүріңіз. Сонымен бірге жақсы мінез қалыптастыратын мына дұғаны айтып жүруіңізге де болады:

«Иә, Алла! Мені ең жақсы мінездерге жетелей гөр. Өйткені, оның ең жақсысына Сенен басқа ешкім жетелей алмайды. Және оның жаманын менен бұрғайсың. Өйткені, оның жаманынан мені Сенен басқа ешкім де айықтыра алмайды. (Ибн Әби Шәйба) 

«Аллаһуммаһ-дини ли әхсәнил-әхләәқ, фә иннәһу лә йәһди ли-әхсәниһә иллә әнтә, уәсриф ъанни сәий-әһә лә ясрифу ъанни сәийәһә иллә әнт».   

 

اللَّهُمَّ اهْدِنِي لأَحْسَنِ الأَخْلاقِ، فَإِنَّهُ لا يَهْدِي لأَحْسَنِهَا إِلا أَنْتَ، وَاصْرِفْ عَنِّي سَيِّئَهَا لا يَصْرِفُ عَنِّي سَيِّئَهَا إِلا أَنْتَ

 

Бұл – ашуды ауыздықтаудың 5 түрлі әдісі. Бір рет қолдана алмай қалуыңыз мүмкін, екінші рет тағы ашуыңыз жеңіп кетер. Бірақ бұл әдістер күндердің күнінде міндетті түрде өз жемісін беретініне сеніңіз!

Ашуымызды ауыздықтай білейік! Ешкімге кек сақтамай, қуанып жүргенге не жетсін!   

asylarna.kz

 

0 пікір