Арамдық ханға да жақпаған…
Арамдық ханға да жақпаған…
04.09.2018 09:45
386
0

Соңғы уақытта жемқорлықпен ұсталған тұлғалар жөнінде әлеуметтік желілерде көптеген мақалалар жарияланып жатыр. Олардың басым бөлігі халық дүниесіне заңсыз қол салғандар. Арасында жекелеген ел президенттері де бар.

Жемқорлық ең алғаш б.д.д. XXIV ғасырда шумер патшасы Уруинимгина туралы тарихи жазбаларда кездеседі. Бхарата (Үндістан) министрлерінің бірі Каутилья деген лақап атпен б.д.д. IV ғасырда жарияланған «Артхашастра» атты еңбегінде коррупция туралы өз байламын алға тартыпты. Сыбайлас жемқорлықпен Ежелгі Мысыр перғауындары да күрескен. Біздің жыл санауымыздан 4 мың жылдай бұрын, ежелгі Мысырда билік иелері халық алдында адалдық туралы Ант беретін болған. Ант папируста жазылып қалдырылған екен. Антта былай делініпті: «Мен жас сәбидің аузынан сүтін тартып алмаймын, мен ағын суды бөгемеймін, біреуді өлтіруге бұйрық бермеймін, әлсіздерге қол көтермеймін, таразыдан жемеймін», – делініпті. Бұл сол кездегі адамзаттың болашақта әділ қоғам орнатуға деген алғашқы талпынысы болса керек. Жоғарыдағы ант та содан туған. Сондықтан билеушілер сол кезде қоғамға аса қажетті маман кадрларға сақтықпен қараған. Бертін келе адамзат даму тарихында мемлекеттер құрылып, бір топтың жалпыға ортақ мүлікке иелік ету мүмкіндігі пайда болған сәттен-ақ жемқорлық дерті өршіген. Қазір ол қоғамның барлық буынын қамтып отыр. Олардың арасында кім жоқ дерсің! Егер санамалап айтсақ, қоғам меншігі сеніп тапсырылған күзетшіден бастап, сол меншікті халық игілігіне теңдей бөліп, оны болашақ ұрпақ қамына жұмсайды деген мемлекет басшылары да бар.

Кейінгі кезде елімізде сыбайлас жемқорлық пен күрес аяусыз жүргізілуде. Оның барлық түйіндері ашылған. Еліміздегі жемқорлықтың непотизмге, яғни, қызмет бабында туыстық, рушылдық, жершілдік байланыстармен өсуге, сонымен бірге, фаворитизмге, яғни, басшыға сүйікті болу, біреудің ығында жүруге және біреуге арқа сүйеуге бағытталғанын әлем зерттеушілері айтып отыр. Кадр саясатында адалдықтың жоқтығынан қызмет бабында туысының ықпалымен лауазымды орынға көтерілу қоғам өмірінің қалыпты нормасына айналып бара жатыр. Бұл келеңсіздік әкімдіктерде, министрліктерде, ұлттық компанияларда әкімдердің балалары және туыстары отырғанынан-ақ көруге болады. Зерттеушілер осыған екпін түсіріп отырған сыңайлы. Осы бағытта кландық, рулық және командалық топтардың синдромы күшейіп тұр. Бұл өте қауіпті.

Өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік жауапты қызметті бас пайдасына айналдырған президенттер көп. Қазір олардың көбі қызметінен қуылып, дүние-мүлкі тәркіленуде. Енді сол туралы айта кетсек.

Бұдан бірер жыл бұрын Бразилияда саяси жанжал болып, әрең басылды. Ел парламентінің төменгі палатасы президент Дилма Руссеффке импичмент жариялады. Президент салық заңнамаларының бұзылуына және өзінің сайлау науқанын қаржыландыру кезінде мемлекеттің қаражатын пайдаланды деп айыпталды. 2015 жылы Руссефф екінші мерзімге президент болып қайта сайланған еді. Бразилиялық басылымдар, оппозициялық партиялар, диссиденттер мен елдегі ірі қоғамдық қозғалыстардың өкілдері мемлекет басшысына тағылған айыптарды қолдайтынын білдірді. Олар «Біз диктатура құралына қарсы күресіп келдік, енді біздер бірігіп, парақорлық диктатурасына қарсы күресуіміз керек», – деген ұран көтерді. Президентке қатысты импичмент жариялау мәселесін көтеруге осы айыптаулар жеткілікті еді. Жасаған жақсылығың да, жамандығың да ұмытылмайды деген осы болса керек.

Жамандық Дилма Руссеффтің де алдынан шықты. Оған тағылған басты айып: ол президент болып сайланғанға дейін 2000-2010 жылдарда Реtrоbrаs мұнай корпорациясын басқарған кезде жемқорлыққа жол берген. Мәселе парламентте қаралып, 513 депутаттың 367-сі президентке сенімсіздік білдірді.

Бразилияның бұрынғы президенті Луис Инасиу Лула де Сильваға да мүлкін жасырды және жалған ақпарат ұсынды деген айып тағылды. Осындай айыптар оның зайыбы Мария Летисиа мен үлкен ұлы Фабиа Луиске де тағылды. Де Сильва мемлекет басында 2003 жыл мен 2011 жыл аралығында болған еді. Ол тоғыз жылға сотталды.

ҚХР-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қытай басшыларының «бесінші буыны» ел билігін қолға алғаннан бері кең көлемде жүргізіліп келеді. Қытайдағы Шаньдун провинциясының Яньтай қалалық соты Цзянсу провинциясының әкімшілік орталығы Нанкии қаласының мэрі Цзи Цзяньге 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Нанкин қаласының мэрі Цзи Цзяньге қатысты сот үстіміздегі 2015 жылғы қаңтар айында басталған болатын. Қала басшысына «қызмет бабын өзінің жеке басының пайдасы үшін қолданған», «жеке өзі немесе отбасы мүшелері арқылы ірі көлемде ақшалай және заттай сыйлықтар алған» деген айыптар тағылды. Қылмыстық іс бойынша Цзи Цзянь 1999 жылдан бастап 2012 жылдың қыркүйек айына дейін жеке өз басы және делдалдар арқылы жалпы құны 11,3 миллион юань (1,8 миллион АҚШ доллары) көлемінде пара және бағалы сыйлықтар алған. Қала басшысы 2013 жылдың қазан айында «партиялық тәртіпті және заңды» бұзғаны үшін деген айыппен қызметінен босатылған болатын.

КХР орталық әскери кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Го Босюн 80 миллион юань (12,3 миллион доллар) келемінде пара алды деп айыпталды. Бұл ақпаратты жергілікті БАҚ Қытай халық-азаттық армиясынан алынған дереккөзге сілтеме жасау арқылы таратқан. Бұл Босюннің әскери қызмет жолында алған парасының бір бөлігі ғана болған. Өйткені, ол өзіне бағынышты әскери қызметшілердің қызметін өсіру үшін олардан пара алуды әдетке айналдырған. Жемқорлыққа салынғаны үшін айыпталған Го Босюн ҚХР құрылған 1949 жылдан бергі аралықта елдің әскери күштерінде ең жоғары лауазымдағы жетекшілердің бірі болып келген. Оған қатысты әскери сот ісі жабық режимде өткізілген. Осыған байланысты ол Қытай Коммунистік партиясы қатарынан шығарылған.

Адам бойында тәртіп болса, мемлекетте де тәртіп болады. Оның үлкен-кішісі жоқ. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін, яғни өз автокөлігімен жүріп бара жатқан кезде қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл салынды. Саясаткер мұны мойындады және айыппұлды төлейтініне уәде берді. Одан ол кішірейіп қалған жоқ.

Әлемдегі ең таза әрі демократияшыл деген ОАР президенті Джейкоб Зума да жауапқа тартылған. Ол өз үйіне заңсыз жұмсалған 20 миллион доллардан астам ақшаны қайтарып беріп, жауапкершіліктен құтылды. Президент «Мен сот шешімін құрметтеймін және оны орындаймын» деп мәлімдеме жасады.

Исландия үкіметінің басшысы Сигмюндюр Дэвид Гюннлейгссон «Панама құжаттарында» жемқорлыққа қатысы бары туралы мәліметтер жария етілген соң, отставкаға кетуіне өтініш білдірді. Шыдамады, яғни, адалдық танытты. Қазіргі кезде әлемдік деңгейде дау тудырған «Панама құжаттары» аталған есепте Исландияның бұрынғы премьер-министрі зайыбының елдегі банктерде үлкен үлесі бар оффшорлық компанияға иелік ететіні белгілі болып қалған.

Балтық жағалауы елдері қашан да тазалықтың символы болып келген. Қазір бұл елдер де оның шекарасынан шығып, былыққа батуда. Таллин қаласының бұрынғы мэрі Сависаарға бірнеше мәрте пара алды деген күдік келтірілгені көпшілік есінде. 2014-2015 жылдары қала басшысы мүлік түрінде пара алғаны анықталған. Пара көлемі бірнеше мың еуроға жетіпті. Пара берген мекеме және оған делдалдық жасаған адамдардың да аты-жөндері белгілі болған. Осыған қатысты қылмыстың іс мемлекеттік прокуратураның қадағалауымен жүргізіліп, қала басшысы тиісті жазасын алды.

Солтүстік Кореяда жоғары лауазымды тұлғаларды қатаң тазарту өтіп тұрады. Өткен жылы Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ын алты министрді ату жазасына кесті. Өлім жазасына кесілгендердің арасында телекоммуникациялар министрі Сим Чоль Хо, сонымен бірге, генерал Ли Пьон Чоль бар. Өлім жазасының немен байланысты екені, Ким Чен Ынға ұнамсыз шенеуніктердің қалай өлтірілгені хабарланбады. Бірақ, оның бостан бос емес екені белгілі.

Флоренция соты Италияның премьер-министрі Маттео Ренциге, оның 2009-2014 жылдары қаланың мэрі қызметін атқарған кезде бюджет қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен тергеу шараларын жүргізіп, оны біраз әбігерге салды. Мәселе оның бұрынғы жұмысына қатысты болған. М.Ренци Флоренция қаласын басқарып тұрғанда, мейрамханаларда бюджет қаржысымен есеп айырысқан. Ол осы мақсатқа 600 мың еуро шығындаған. Алдыңғы жылы ақпанда премьерлік лауазымға ие болған ол жауап беру үшін сотқа тартылды.

Рим қаласының мэрі И.Марино да отбасымен бірге мейрамханада түскі ас ішіп, 20 мың еуроны муниципалды картадан төлегені үшін дауға қалып, қызметімен қоштасты. Бұл енді біздің тобырлық деңгейге дейін құлдырауымызды білдіреді. Кәрі тарих жеке тұлғаларға баға беруден ешқашан қателеспегенін көрсетеді.

 

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

 

0 пікір