Алла Тағала мені саған екі аяғымнан сүйреп алып келіпті...
Алла Тағала мені саған екі аяғымнан сүйреп алып келіпті...
05.12.2017 15:58
1238
0

Имам Ахмад ибн Ханбал бір қаладан екінші бір қалаға сапарға шығады. Қалаға келген соң, мешітте құптан намазын оқып болып, мешіттің бір бұрышында жатса, мешіт күзетшісі жүгіріп келіп:

«Мешітте ұйықтауға болмайды»,- дейді.

«Мен ұзақтан келдім, мешітте түнеп шығайын»,- десе де, күзетші рұқсат етпей имам Ахмадты мешіттен шығарып жібереді. Имам Ахмад мешіттен шығады да, мешіттің сыртқы есігіне сүйеніп, мешіттің табалдырығында отырады.

 Мешіт күзетшісі тағы да жүгіріп келіп:

«Мешіттің табалдырығында отыруға болмайды, бұл жерден кет»,- деп тағы да қуып жібереді.

«Мен мешіттің ішінде отырған жоқпын ғой, сыртында отырмын ғой, сонда да мені қуасың ба»,-дейді. Ол заманда адамдар ғалымдардың атын білгенімен, көрмегеннен кейін түрлерін танымайтын еді. Әлгі қарауыл дөрекілік танытып, имам Ахмадтың екі аяғынан ұстап, жолдың ортасына дейін сүйреп апарып тастайды.

Сол кезде мешітке қарама-қарсы жолдың арғы бетінде бір наубайханашы өзінің тірлігін істеп жүр еді. Оқиғаның мән-жайып көріп тұрған наубайханашы имам Ахмадқа барып:

«Жататын орның болмаса менің наубайханама кел, мұнда жататын бір кісілік орын бар»,- дейді.

Имам Ахмад наубайханаға кіріп, жайғасады. Әлгі наубайханашының тірлігіне қарап отырып, оның қамыр илеп жатқанда, қамырды көмбеге жауып жатқанда, отын дайындағанда, тіпті әр істе «Астағфируллаһ» деп үнемі айтып жүретінін байқайды.

Имам Ахмад оған қарап, тамсанып:

 «Бұлай зікір етуді қашаннан бастадың, қиын емес пе?» деп сұрайды.

Сонда наубайханашы:

 «Осылай зікір етуді бастағаныма біраз жыл болып қалды, маған қиын емес, үйрендім»,- дейді.

Имам Ахмад сұрағын тағы жалғастырып:

 «Осы айтып жүрген зікіріңнің берекесін сезінесің бе?» деп сұрайды.

«Иә, сезінемін, әрдайыи истиғфарды айтқан сайын әр ісіме береке кіреді, Алладан не сұрасам, Алла маған соның бәрін береді»,- дейді наубайханашы.

«Барлық дұғаларыңды қабыл етіп, сұрағаныңның барлығын береді ме»,- деп сұрайды тағы да имам Ахмад.

Сонда наубайханашы былай деп жауап береді:

«Осы уақытқа дейін барлық сұрағанымды беріп, дұғаларымды қабыл етіп жатыр, бірақ бір ғана дұғам қабыл болмай келеді»,- дейді.

Имам Ахмад:

«Ол қандай дұға? - деп сұрағанда, наубайханашы:

«Имам Ахмад ибн Ханбал деген ғалым кісіні бір көрсем ғой деп дұға қыламын, бірақ бұл дұғам қабыл болмай жатыр»,- дейді.

Сонда имам Ахмад ағыл-тегіл жылап:

«Міне сен дұға еттің, үнемі истиғфар айтасың, Алла сенің бұл дұғаңды да қабыл етті. Сен көргің келген сол имам Ахмад ибн Ханбалды  Алла Тағала сенің наубайханаңа екі аяғынан сүйреп тұрып алып келді, мені мешіттен қуып, екі аяғымнан сүйреп көшеге шығарып тастаған мешіт күзетшісі емес, Алла Тағала екен ғой. Сол имам Ахмад менмін»,- деген екен.

Алланы зікір етудің пайдасы қандай екенін осы мысалдан білуге болады. 

0 пікір