Әлеуметтік желілерді пайдалы қолданғысы келетіндерге 4 кеңес
Әлеуметтік желілерді пайдалы қолданғысы келетіндерге 4 кеңес
12.11.2018 11:27
346
0

Әр күні бірінші көретін жарығымыз, өкінішке орай, рауандап атып келе жатқан күннің  таңғы шуағы емес, смартфондарымыздың жарығы. Әлеуметтік желілер біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналған.

Абай болыңыздар – әлеуметтік желілер біздің руханиятымызды құртады 

Таң –  біздің күніміздің нәтижелі болуының іргетасы екені белгілі. Таңертеңгі уақытта әлеуметтік желілерді қарауға жіберген өміріміздің қаншама уақыты босқа кетіп жатқаны туралы бір сәт болса да ой жүгіртіп көрдіңіз бе? Көпшілігіміз күні бойы  Инстаграм мен ВК-дан шықпай, Ютуб-тағы бейнероликтерді көрумен жүреміз. 

Бұл жағдайдан шығудың екі жолы бар: кейбір мұсылмандар имандарын нығайту және руханиятын сақтау үшін әлеуметтік желілерден мүлде бас тартуда. Мұндай шешім өз кезегінде көп уақытты үнемдеп, оны ақирет үшін пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Ал әлдебіреулер әлеуметтік желілердегі белсенділігін танытып, осы дүние де және о дүниеде де пайдасын көрмекке ұмтылады.

Исламның бастапқы ғасырларында діни білім іздеу мен ілім алу тек бірнеше ғана адамдарың еншісіне тиген, өйткені бұл адамнан асқан күш-жігерді талап ететін. Ілім алу үшін мұсылман әлемінің түкпір-түкпірінен адамдар ұзақ жолға шығып, ұзақ жылдар бойы жат елдерде өмір сүретін. Оқу қымбатқа түсетін әрі көп уақыт кететін, кейде ондаған жылдар кетіп жататын, алайда технологияның дамуы барысында жағдай күрт өзгерді. Енді біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) мұрасы біздің көз алдымызда, саусақпен басып, көзбен көре аламыз. Мұндай мүмкіндікті жібермеу керек. Мақсат-мұратсыз әлеуметтік желілер лентасын шыр айналдырғанша, гаджеттеріңіз сізді бұл дүниемен емес, Алла Тағаламен байланыстыруын қалаңыз.

Әлеуметтік желілердегі жазылымдарды талдап, иманыңызға теріс ықпал ететін ақпараттарды сүзгіден өткізіп отырыңыз.

Сіздің парақшаңызда пайда болған постардың сапасын қадағалауыңыз өте маңызды. Күнделікті көріп, оқып, тыңдап жүрген дүниелеріміз біздің өмірімізге зор әсер етеді. Жазылымдарды мұқият талдауға уақытыңызды аямаңыз.

Сіз тұрмыс-тіршілігін қадағалап жүрген бұл неткен адамдар? Олар сізге не жайында айтады? Олардың өмірдегі басты құндылықтары не? Егер олардың өмір салтына қолдау көрсетіп, құндылықтарын жариялайтын болсам Алла маған разы бола ма? Мұндай контент менің ақирет өміріме әсерін тигізе ме? Міне, осы сұрақтарды өзіңізге қойып көріңіз.

Сіздің руханиятыңызға зиянын тигізіп, сізді Алладан алыстататын парақшалардан бойыңызды аулақ салуға тырысыңыз. Қазіргі таңда сананы уландыратын мұндай жазылымдарды мұсылман діни ұйымдарының немесе имамдардың парақшаларымен оп-оңай ауыстырып қоюға болады. Сөзсіз, бұл парақшалардан сіз иманыңызды нығайтып, өзіңізді бір қадам болса да Аллаға жақындататын ақпараттарды табасыз.

Сонымен қатар, өз парақшаңызда діни постарды жариялау арқылы сіз ілімнің таралуына себепші боласыз. Жақсы амалдар жасау туралы айта отырып, сіз сауап жинайсыз. Шүбәсіз, діни ақпараттың да сапасы әртүрлі болады. Тек беделді, сыйлы діни ұйымдар мен діни басқарманың ілімдерін басшылыққа алу өте маңызды. Белгісіз немесе күмәнді тұлғалардан алынған ақпараттармен бөліспеуге, оны қолданбауға тырысыңыз. 

Хабарламаларға тосқауыл қойып, тек пайдасы бар қосымшаларды ғана қолданыңыз.

Күнделікті әртүрлі топтардан немесе сайттардан көптеген хабарламалар келіп жатады. Кез-келген хабарламаның мақсаты – сіздің көңіліңізді аудару. Оларға көңіл аударар болсақ, біз шынайы өмірден аулақ кететін боламыз. Әсіресе, бұл құлшылық кезінде қауіпті. Әлдекімнің телефонына хабарлама келіп түсті деген белгі, бірден өзіміздің телефонымызды тексертуге мәжбүрлейді.

Намаз кезінде келіп түскен мұндай белгі бізді жаңылыстыруы мүмкін. Сол себепті, намаз оқудың алдында телефоныңыздың үнін басып қойыңыз. 5-10 минут ішінде күйіп-жанып кететіндей ештеме бола қоймас, сізбен тілдесе алай отырған адам, намаздан кейін де хабарласа алады. Намаздағы Алламен байланысыңыз, бұл өмірдегі байланыстан анағұрлым артық екендігіне кәміл сенімде болыңыз.

Мұндай хабарламалар бізге Алланы, біздің міндеттерімізді, өмірдің құндылықтарын есімізге салғанда және білімімізді толтырып, рухани дамуға жетелегенде ғана пайдалы. Заманауи мұсылманда намаздың уақытын хабарлайтын, ислам негіздерін үйренуге көмектесетінмұсылман радиосынан пайдалы хабар тыңдайтын әрі халал мекемелердің қайда орналасқанын  білу үшін пайдалы қосымшаларды қолдану мүмкіндігі бар. Тек ықылас білдіріп, бұл қосымшаларды телефонына орнатып, уақытты пайдалы өткізуі тиіс.

Сонымен қатар, ғаламтор-ресурстары тек сөйлесіп, танысып, ақпаратпен бөлісіп қана қойғызбай, сондай-ақ, кітапханаларға да кіруге мүмкіндік туғызады. Электронды кітапханалар үйден шықпай-ақ, кітаптарды, сирек кездесетін, соның ішінде, діни баспаларды да оқуға мүмкіндік береді.

Көпшілігіміз Ютуб контентінің қолданушылары болып табыламыз. Оны ақирет үшін пайдалы қолдану туралы ойланып көрдіңіз бе? Егер бет-әлпетті сылап-сипау туралы роликті көруге 10 минут тапсаңыз, ендеше, Хузур-ТВ арнасының ғибраты мол ислам діні туралы оқу-ағарту роликтерін де көре аласыз. Бұл роликтер ары кетсе 5 минутқа ғана созылады, осы қысқа уақыт арасында сіз өзіңізді рухани байыта аласыз. Ал егер сіздің сериал көруге 40 минут уақытыңыз болса, онда жетекші имамдардың дәрісін тыңдауға да уақытыңыз табылады деген сөз.

Өз уақытыңызды бақылаңыз да оның сізді бақылауына жол бермеңіз.

Алла Тағала Құранда былай айтқан: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды!» (103:1-3).

Бұл сүреде Алла Тағала ерекше бөле-жара қарағанынан басқаларымыз зиянда екенімізге Алла уақытпен серт береді. Уақытты иманымызды нығайтуға, жақсы амалдарымызды арттыруға, адамдарды ақиқатқа үндеуге және сабырлы болуға шақыруға жұмсайтынымызға сенімді болуымыз керек. Кейде баянсыз дүниеге беріліп, мәңгілік дүниені естен шығарып аламыз. Мүміннің табысы иман мен күнделікті тіршілік арасындағы теңгерімге байланысты. Дүние қамымен жүрсек те ақиретті естен шығармай, жақсы амалдар жасауға ұмтылуымыз қажет. Қашсақ та құтыла алмайтын өлім сәті бізге беймәлім болғандықтан, соған дайындалып, қымбат уақытымызды зая жібермеуіміз керек.

Біздің әрбір ісіміздің жазылып жатқандығын ұмытпаңыз. Әрбір сәт бізге қарсы келуі немесе Алла разылығына бөленудің себебі болуы мүмкін. Уақытты есептеп, күн тәртібін құрастыратын көптеген қосымшалар бар. Аталмыш қосымшалар өзге істерге алданбай, күнімізді нәтижелі өткізуімізге көмектеседі. Кестеңізге әлеуметтік желіні қолдануды қосып қойыңыз да иманыңызға қажетті әрі пайдалы ақпараттарды оқуға, тыңдауға, көруге арнаңыз.

Әлеуметтік желіде табысқа жетемін деп өзіңізді алдамаңыз.

Желіде ешкім де өз өмірінің келеңсіз жақтарымен бөліспейді. Ешкім де басына түскен ауыртпашылық туралы айтпады. Ендеше, желіде бәрі сүзгіден өткізіліп, айтарлықтай көркемделіп көрсетіледі. Сол себепті де танымал адамдардың өмірі мүлтіксіз болып көрінеді, яғни, сұлу бет-әлпет, керемет отбасы, тамаша қызмет.

Желіден адамдардың мүлтіксіз өмірін көріп алып, өзіміздің шынайы өмірімізге көз салып, олардың деңгейі бізге қол жетімді болмайтындай көрініп кетеді. Өмірімізге деген ризашылыққа қарамастан мұндай жайттар бізді көбіне сары уайымға салып жібереді. Осындай сәттерде табыстың жалғыз өлшем бірлігі – Алла Тағала разылығы екенін естен шығарып аламыз.

Кино және сән индустриясының жұлдыздары сүріп жатқан өмірге Алла разы ма? Жартылай жалаңаш тәндерін күллі әлемге көрсетулері Аллаға керек пе? Адамдардың зайырлы іс-шаралардағы мінез-қылықтарына, яхталар мен сәнді курорттарда өмірлерін босқа сарп етіп жүрген жандарға Алла разы ма? Ал ең бастысы – бізге осындай өмір қажет пе? Өзіміздің адамгершілігіміз бен руханиятымызды осы адамдардың өміріне ауыстыруға біз дайынбыз ба?

Бұл адамдардың өмірлері де қиыншылық пен ауыртпашылықтарға толы екенін есіңізден шығармаңыз. Одан да Алла сізге нәсіп еткен – денсаулық, баспана, киім-кешек, мол тамақ, лайықты жалақы – осының біреуі де жоқ жандарға қарап, Алланың сізге нәсіп еткен барлық нығметтері үшін шүкір айтыңыз. Алла Тағала былай айтқан: «...Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін...» (14:7).

Сөздің тоқ етер түйіні, өміріңіз берекеге толсын десеңіз, әлеуметтік желідегі белсенділігіңізді уысыңыздан шығармай, бақылауда ұстаңыз.

 

asyldin.kz

 

 

0 пікір