Әлемдегі жетістікке жеткен жазушылардың бәрі де – шығармаларында Құдайды іздейді
Әлемдегі жетістікке жеткен жазушылардың бәрі де – шығармаларында Құдайды іздейді
26.06.2019 10:12
396
0

Менің бір түсінгенім: әлемдегі жетістікке жеткен жазушылардың бәрі де – шығармаларында Құдайды іздейді. Толстой, Гюгоның шығармалары мәңгілік сауалдарға жауап іздейді. Әлемнің әдебиеттанушылары Толстой мен Гюгоны «әдебиеттегі пайғамбарлар» деп атайды. «Егер қоғам сіздерді жек көрсе, оған таңқалмаңыздар, себебі, ол менің ілімімді жек көреді» дейді оқырмандарына Толстой. Ал Толстойдың ілімі – ар ілімі. 

Толстойдың өзі: «Менің шығармаларымның бәрін оқудың қажеті жоқ. Тек ақиқаттың нұры тамып түскен шығармаларымды ғана оқыңыздар» деді. Толстой ақиқатты таныды, танытты. Бірақ... көзі көргенмен – керең, құлағы естігенмен – cоқыр қоғамға ақиқат ұнаған жоқ. 

Рас, келісем, Толстой мен Гюгода мораль оқу басым. Ол кезде мораль тыңдайтын оқырман бар еді. Бір нәрсе анық: олар ақиқатты таныту мақсатында жұмыс істеді, олардың өмірлік миссиясы да сол еді. 
Достоевский де, Золя да шығармаларында ақиқатты іздеді. Маған Достоевский мен Золяның кейіпкерлерінің ішек-қарнын ақтарып, көрсетуі ұнайды. Шамаң келсе, оқырманның ұйықтап жатқан санасын «сілкілегенге» не жетсін?! 

Меніңше, бүгінгі оқырманға мүлдем мораль оқуға болмайды. 
Бүгінгі оқырман өзін тану үшін, өзінің іс-әрекетіне баға беру үшін шығармадан өзін, өзінің аласұрған жандүниесін көруге тиіс. Бұрын оқырман кітап арқылы өзінің тұлғалық болмысын дамытқысы келсе, бүгін кітаптың бетін ашпайтын оқырман күнін көре алмай, жылап жүрген жазушыдан өзін ақылды санайды. «Ақылды екенсің, неге кедейсің?». Әсіресе, рухани құлдырауға ұшыраған біздің қоғамда жазушы болу соншалықты мәртебе емес. Біздің қоғам – хаос. Бұл, әрине, ақын-жазушылардың ойлау қабілетіне де әсер етпей қоймайды. Өзін рухани құлдыраудан құтқара алмай жүрген олар қоғамын қалай құтқармақ? Мені соңғы кезде ылғи да осы сұрақ мазалайды. 
...Бір білерім, дәл қазір қазақ қоғамы ғана емес, әлем адам жанына ізгілік нәрін себетін, ізгілікке сендіретін жазушыға зәру-ақ.

 

Аяш Мантай

 

0 пікір