«Әл-уәлә уәл Бара» ақидасы деген не?
«Әл-уәлә уәл Бара» ақидасы деген не?
06.12.2017 16:06
3177
0

Сұрақ: Әссәләәму алейкум!

Намаз оқитын кейбір бауырларымыздан «Әл-уәлә уәл Бара» ақидасы» деген сөз естідім. Бірақ, мешітте имамдар уағызынан мұндай нәрсе естімеген едім. Ойымды мазалаған соң, сіздерден сұрауды жөн көрдім.

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Біріншіден: Ақида ілімінде және ақида мәселелерін зерттеу тақырыптары ішінде «Әл-уәлә уәл Бара» ақидасы» деген термин немесе түсінік жоқ.

Екіншіден: Түптеп келгенде «Әл-уәлә» достық және бауырмалдық пен «Әл-Бара» ешбір қатысы болмау, алшақ болу ұғымдары тікелей жүрекке қатысты. Басқаша айтқанда, Аллаға, Оның елшілері мен кітаптарына және періштелері мен ақырет күніне әрі жақсылық пен жамандық Одан екеніне иман еткен мұсылман иманшарт жемісі ретінде жүрегінде барша мұсылман баласына деген бауырмалдық, сүйіспеншілік және жәрдемдесу деген сезім орнығады. Сонымен бірге, иманшартқа теріс келетін түсінік пен ұғымнан алшақ болуы заңдылық.

Үшіншіден: «Әл-уәлә уәл Бара» Достық және алшақтық. Егер мұны мұсылман емес адамдарға дұшпандық қарым-қатынаста болу деп қабылдасаңыз қатты қателесесіз. Өйткені, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір қаладан үш еврей руымен бейбіт өмір сүрген. Омар (Алла оған разы болсын) қамқоршысы жоқ басқа діндегі қарияларға зейнетақы берген. Мұндай мысалдар көп. Демек, бұлбасқа дін өкілдерімен қарым-қатынас жасау ережесіне қайшы келмеуі тиіс.

Төртіншіден: Бір мемлекетте тұратын мұсылман емес азаматтарға теріс және дұшпандық көзқараста болу Құран және хадис мәтініне қайшы боп табылады. Құран Кәрімде: «Алла Тағала дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында, Алла турашылдарды жақсы көреді[1]», - деп ашық айтылған. Сонымен бірге, «Анығында, Алла әділетті және игілікті бұйырады...[2]»,-аяты жалпы адамға ортақ қағида.

Қорыта айтқанда, жалпы «Әл-уәлә уәл Бара» ақидасы» әһли сунна уал жамағат ақида ғалымдары еңбектерінде қолданбаған термин. Бұл термин теріс ағым ақидасына тиесілі және олар біз сияқты иман еткендер – досымыз және көзқарасы біздікіндей болмағандар – дұшпанымыз деп ұстанады.

 

Дайындаған: nurgasyr.kz

 

[1]Мумтахина сүресі, 8-аят

[2]Нахыл сүресі, 90-аят

0 пікір