АДАМ БОЛУ МАҢЫЗДЫ…
АДАМ БОЛУ МАҢЫЗДЫ…
30.06.2022 09:45
1160
0

Бір жолы бір топ жамағат ауылдан шығып, қалаға қонаққа барыпты. Ортасында белгілі ғалым имамы бар екен. Ғалымды таныған қала жамағаты, оларды жақсы күтіп алады.

Ауылдан келген қонақтарға: «Осы қалада хайуанаттар саябағы бар. Соған  барып, хайуанаттарды көріп, демалып қайтсаңыздар болады», – деп айтады.

Сонда ауылдан келген  біреу: «Хайуандарды көріп не қыламыз? Біз адамбыз ғой», –  деп мысқылдайды. Қала жамағатынан бір адам: «Егер сол хайуанаттар: «Мынандай ғалымның артынан еріп жүріп, мыналар әлі адам болмапты ғой?!», – десе, не дер едіңіз?» – деп жауап беріпті. Әлгі адам айтқан сөзіне өкініп қалады.

Бұл әңгімеден түйетініміз, қазір де кейбір адамдар «Пәленше ғалыммен бірге умраға барыпты» деп айтсын деп, умраға баруы мүмкін. Онымен бірге селфи жасап, видеоға түсіп қайтуға тырысады. Бірақ, мәселе кіммен барғанда емес, мәселе қалай барғанда болып тұр ғой…

«Намаз – намаз біткеннен кейін, ораза – ораза біткеннен кейін, қажылық – қажылық біткеннен кейін басталады», – демекші, мәселе умрадан жақсы жаққа өзгеріп қайтуда. Әйтпесе, әңгімеде сөз болғандай, ғалымның жанында жүріп, «адам» бола алмағандардан не айырмасы бар?!

Алла баршамызға тура жолда жүруге жазсын!

 

Қуат ҚАБДОЛДА

 

0 пікір