АБАЙ АЙТҚАН "БЕС ДҰШПАН"
АБАЙ АЙТҚАН "БЕС ДҰШПАН"
13.08.2020 12:00
476
0

Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз.

Иә, "Ғылым таппай мақтанба", - деп басталатын Абай атамыздың осы бір өлеңін бәріміз кішкене күнімізден жаттап өстік. Дегенмен, данышпан бабамыз не үшін көптеген жамандықтардың ішінен осыларды баса айтып, "дұшпан" деп ескертті екен?! Шамамыз жеткенше осыған бір үңіліп көрейік.

Өсек. Өсек дегеніміз не өзі?! Әрине, көптеген анықтама беруге болады. Ең дұрысы - араларын бұзып, орталарына жек көрушілік, дұшпандық салу үшін адамдардың арасында сөз тасу. Ал, мұндай бүлік шығарудың күнәсі - адам өлтіруден де ауыр екендігі айтылады. Себебі, мұның нәтижесі ағайын-туыстың араздасуына, қаншама көңілдерге қаяу түсіп, қаншама отбасы ойрандалып, қаншама жанның жүрегіне жара салынып, көзі жасқа толуына, бір емес, бірнеше адамның "өліміне" апарып соғуы мүмкін. Мәселен, бір адам ашу үстінде немесе тіліне ие бола алмай бір сөздер айтып қоюы заңды. Ал, оны басқаға жеткізіп бару аманатқа қиянат болмай ма?! Себебі, бір отырыста болған адамдар сыртқа шығуын қаламаса, ол жерде айтылған сөздердің айтылған сөздер аманат болады. Баяғыда бір кісі бір ғалымға келіп «Пәленшенің үйінде қонақта болдық. Ол сен туралы "сүй деді, бүй деді"», - дейді. Сонда әлгі ғалым «Сыйлап берген сонша тамағы ішіңе сыйғанда, осы бір-екі ауыз сөз ішіңіе сыймай қалды ма?!», - деп оның өзіне реніш білдірген екен.

Иә, мұндай зардабы ауыр нәрседен "Бір елі ауызға екі елі қақпақ", - деп, бойымызды аулақ ұстамайтын болсақ, қоғамның тыныштығын бұзумен қатар, "мешкей деген жақсы ат емес" дегендей, өзіміз де "өсекші" деген атқа қалып, тіпті, керек болса өз көрімізді өзіміз қазуымыз әбден мүмкін.

Өтірік. Болмағанды болды, барды жоқ, жоқты бар деу қашан да адамға жақсылық әкелетін нәрсе емес. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) "Шындық жақсылыққа, жақсылық жұмаққа бастайды. Өтірік жамандыққа, ал, жамандық тозаққа сүйрейді", - деген екен. Өтіріктің адамға дұшпан болатын себебі, әу баста, Адам ата мен Хауа ана шайтанның өтірік сөзіне алданып қап, жұмақтан шығарылған екен. Қысқаша айтсақ, оқиға былай болады: Алла Тағала Адам атаны жаратқанда бүкіл періште атаулы оған бастарын иіп құрмет көрсетеді. Тек, Ібіліс қана Алланың әміріне бағынбай қарсы келіп, соңында Алланың рақымынан аласталып "шайтан" атауын иеленеді. Содан, ол өз кінәсін Адамнан көріп, соған кектенеді. Ақыры жұмақта жүрген Адам мен Хауаға «Алла сендер жұмақта мәңгі қалып қоймауларың үшін бұл жемісті жеулеріңе тыйым салды. Мен сендерге шынайы жанашырлықпен айтып тұрмын», - деп өтірікті судай соғады. Осыған алданып тыйым салынған жемісті жеп қойған Адам атамыз бен Хауа анамыз жұмақтан шығарылған екен. Сол заманнан бері «Шайтан адамға анық дұшпан» (Бақара сұресі, 168 аят, Әнғам сүресі, 142 аят, Иәсин сүресі, 60 аят).

Жалпы өтіріктің зардаптары көп қой. «Өтірік өрге бастырмайды» дегендей, адам өтірік айтқанмен мәселе шешіле қалмайды. Бүгін бәрі жақсы секілді көрінгенімен, ертең ақиқат ашылғанда кірер тесік табылмай қалады. Сондықтан Бауыржан атамыз айтқандай «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, Шындықтың уын ішіп өлген артық». Себебі, өтіріктің тірлігі ұзаққа бармайды. Сол себепті, өлсек те абыроймен өлейік дегені шығар.

Өтірік адамның қадірін кетіреді. Өзінен дәрежесі үлкен біреуді өтірік мақтап, өтірік күлгенімізбен, бәрібір ол адам білсе де білмегенсіп, сезсе де сезбегенсіп тұра береді. Оның несі кетіп барады. Ортада өтірік сөйлеген адам абыройсыз қалады.

Өтірік отбасының да берекесін кетіреді. Әкесі анасына, баласы әкесіне өтірік айтқан отбасынан жанның тыныштығы мен жүректің бақытын іздеу артықтық етеді.

«Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді» дегендей, өтірік адамдардың арасындағы бір-біріне деген сенімді құртады. Сенім жоғалған жерде ешкімнің ешкімге көмектесуге зауқы соқпайды. Ал, қоғамның алға жылжуы үшін адамдардың бір-біріне жәрдемдесуінің, үлкендердің жастарды демеп жіберуінің, жастардың үлкендердің ақылына жүгінуінің маңызы зор. Өтірік жүрген жерде мұның бірі де болмайтыны анық. Кімнің өтірікшіге көмектескісі келеді?! Кім өтірік сөйлейтін адамнан ақыл сұрайды?! Кім ондай кісімен істес болады.

Міне, осы себепті де Абай атамыз өтірікті дұшпан санаған шығар.

Мақтаншақ. Құранның бірінші сүресі – Фатиха "Мақтау Аллаға ғана лайық", - деп басталады. Алла Тағала дәл осы сүрені мұсылмандарға бір күнгі бес уақыт намаздарында 40 мәрте қайталап оқуды бұйырған. Ондағы мақсат та адамды мақтаншақтықтан және біреуді жөнсіз мақтаудан сақтандыру болуы бек мүмкін.

Негізі, біздің «Мен үйттім. Мен бүйттім. Мен. Мен...», - деп жүргеніміздің түпкі жаратушысы Алла ғой. Алла бізге күш-қуат, денсаулық бермесе оның бірін де жасай алмас едік қой. Ал, сол күшіміз бен саулығымызды сақтауға себеп болатын азығымызды да бар қылған Алла емес пе?! Біз қанша жерден баптап, суын құйып, тыңайтқышын сепкенмен, сол бидайдың бойында биологиялық тілмен айтқанда "өсу жасушасы" болмаса егініміз өсер ме еді?! Ал, бұл жасушаны жаратқан да Алла емес пе?! Неге десеңіз өсімдігіміз белгілі бір деңгейге жеткенде, әлгі жасуша қызметін тоқтатады. Себебі, одан әрі қарай өсе берсе тағы да зиян. Мұның бәрін реттеп, мөлшерлеп отырған құдіретті бір Алла. Осыны терең түсінген Майлықожа ақын:

Шеберді шебер дегенше,

Алланы шебер десеңші!

Қар жаудырып қыс қылған,

Жұмыртқадан құс қылған..., - деп жырлайды ғой.

Сондықтан, Аллаға лайық болған мақтауға таласып, әділдіктен аттау, мақтаншақтыққа салыну - адамның дұшпандарының бірі болды.

Еріншек. Бұл ойын қуаттаған Абай атамыз үшінші қара сөзінде "Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады", - дейді. Көріп отырғанымыздай жалқаулықтың кесірі өте үлкен екен. Осы тұрғыда мынадай бір оқиға ойға оралады. Баяғыда осындай бір жалқау сұрамсақ кісі "көз дорба" тігіп алып қайыр тілейді. Сөйтіп жүргенде, бір қолы ашыщ байға жолығады. Әлгі кісі бұған дорбасын толтырып беруге уәде етеді. Бірақ қанша алтын салса да дорба тола қоймайды. Соңында қыз-келіндерінің алтын әшекейлерін салса да, бәрібір жетпей қалады. Бай ренжіп «Бүкіл байлығымды бердім ғой! Осыған қанағат қылып қайтсаңшы енді!», - деп кейиді. Қайыр тілеуші «Тақсыр! Толтырып беремін дедіңіз ғой!», - деп тұрып алады. Біраз ойланып, мұның көз дорба екенін түсініп, көзді тек топырақ қана толтыра алатынын білген бай, жерден бір уыс топырақ алып дорбаға салып жібергенде, ішіндегі алтын ақтарылып төгіледі де, бір дорбасы ғана ішінде қалады. Әлгі адам амалсыздан бір дорба алтынын арқалап кете барады. Келесі жыл болғанда жаңағы кедей тағы да қайыр сұрап жүреді.

Иә, жалқаулықтың кесірі осындай масылдық, біреуге қол жайып абыройын түсіру, сұрағанын бермегенге кектену секілді ауруларға душар ететіндіктен Абай атамыз оны "дұшпан" деп атаса, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) таңертеңгі және кешкі дұғаларында Алладан жалқаулықтан сақтауын сұрайтын болған екен. Ал, Пайғамбарға үммет, Абайға шәкірт болған Мұқағали ақын

Таппайтын күнле тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін, - деп жырлайды.

Бекер мал шашпақ. Қысқаша аты - ысырапшылдық. Құранда «Ысырапшылдар шайтанның бауыры болады. Ал, шайтан Алланың бершен нығметтеріне шүкірлік қылмады», - делінген (Исра сүресі, 27 аят). Ысырап бізді дұшпанымызға бауыр қылатын болса, демек, ол да біздің дұшпанымыз деген сөз.

Ысырапты екіге бөліп қарастыруға болады. Бірі, әрі, ең ауыры - арам жолға мал жұмсау. Екіншісі - рұқсат етілген нәрселерге шамадан тыс шашылу. Екеуі де дұрыс емес. Екеуі де - бекер мал шашпаққа жатады. Айналасында қаншама мұқтаж жан жүргенде байлықтың буына мастанып, ақшасын арамға шашу қаншалық ауыр күнә болса, еңбекпен тапқан адал табысын орнымен жұмсай алмау да соншалықты кесірлі. Осы орайда Абай атамыздың мына бір өсиетін де жадымыздан шығармауымыз керек. Ол кісі "Қуанбаңдар жастыққа" деген өлеңінде

Адалдан тапқан тыйынды

Сал да сақта қапшыққа.

Қолдағынды қорғап бақ,

Мал арзан деп аптықпа, - деп, тапқан адал табысымыздың берекесін алмай, үнемдеп ұстауға шақырады. Діннің өзінде садақаны рухани ахуалына қарай беруге үндейді. Себебі, бір нәрседен әсерленіп, қолындағы малын садақа қылып жіберіп, ертең өзіне керек боп қалғанда өкінетіндей болса, берген садақасы да, оның сауабы да босқа кетіп, бекерден-бекер күнә арқалап қалуы, бүйте берсе өзі біреуге алақан жайып қалуы мүмкін. Мұндай адамды ешкім мақтамайды да, жақтамайды да. Қайта, «Өзі жарымағанның сарқынын ішпе», - деген сөзге қалады.

Қарап отырсақ аталған бес дұшпан да күнәсінан бөлек, соңында адамның қадір-құрметін кетіріп, абыройдан жұрдай ететін нәрселер екен. Ешкім де өсекші-өтірікші, мақтаншақ, жалқау, ысырапшыл-даңғаза адамды сүймейді. Ендеше, осы айтылған кесірлерден қазіргі қазақ баласы тіптен ат тонын ала қашуы керек. Себебі, қазіргі заманда, бос сөзбен ісі жоқ, өтірік сөзді аузына алмайтын шыншыл да сенімді, жеткен жетістігіне мақтанбайтын қарапайым, күндіз-түні тыным таппайтын еңбекқор, адал табысын жөнімен жұмсайтын үнемшіл адамның ғана жолы болып, асығы алшысынан түсетінін көріп жүрміз.

Ал, бұл дұшпандардан бойды аулақ ұстаудың, бар болса одан құтылудың жолдарын сөз етсек ұзап кететін түрі бар. Қысқаша қайырсақ, «Есті адам әрдайым өзін есепке тартып, бойындағы мінін санап, соны жоюға тырысып, адамды жарыққа шығаратын білім-ғылымның соңына түсіп, өзін бір сәтте қалт жібермей бақылап тұрған Алласын есінен шығармай, ертең Алланың алдына барып бүкіл ісіне есеп беретінін біліп, есепке тартылмас бұрын өз-өзіне есеп беруді үйренсе, бұл бес дұшпанның зарарынан аман болары анық».

 

Серіков Қуаныш Файзоллаұлы,

(«Әбу Бәкір Сыддық» медресеснің ұстазы)

0 пікір