Сахабалар деп кімді айтамыз?
Сахабалар деп кімді айтамыз?
13.09.2019 11:59
233
0

 Пайғамбарымыздың (с.а.с) тұсында өмірін Құран Кәрім мен хадис үйренуге арнап, дініміздің құндылықтырын көзінің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізуде аянбай еңбек еткен бір топ сахабалар болған. Олар халыққа Құран Кәрім аяттарын пайғамбарымыздан (с.а.с) үйренгендеріндей түсіндіріп, діни үкімдер шығарып, бұқараның руханиятына ықпал етіп отырған.
  Ендеше, «Сахаба деп кімді айтамыз?» - деген сұраққа нақты жауап табу үшін сахаба сөзінің тілдік және терминдік  мағыналарына тоқталайық.
  Тілдік мағынасы: «Сахаба» сөзі араб тілінен с.х.б. түбірінен туындаған көпше түрдегі есім сөз, жекеше түрі – «сахаби».  Сахаба (етістігі) серік, жолдас, дос болу және сұхбаттасу деген мағына береді. Мейлі аз, мейлі көп сұхбаттасқан адамға осы есім беріледі.
  Шариғаттағы мағынасы: Жалпы алғанда, пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с) көрген әрбір мұсылманды сахаба деп атаймыз. Бірақ бұл анықтамаға  қатысты кейбір көзқарастар да бар. Әл-Бұхаридің пікірінше, пайғамбармен сұхбаттасқан, яки оны көрген әрбір мұсылман оның сахабалары болып табылады.
    Бұл пікірді Ахмад ибн Ханбал да қуаттап, пайғамбармен бір жыл немесе бір ай немес бір күн, яки бір сағат сұхбаттасқан немесе оны көрген әрбір мұсылманның пайғамбарымыздың (с.а.с) сахабаларына жататындығын айтқан.
Кейбір хадис ғалымдарының көзқарасы бойынша, пайғамбарды көріп, одан бір хадис немесе бір сөз жеткізген адам ғана сахаба атанады.
Табиғин имамдардың бірі – Сағид  ибн әл-Мусәйябтың бір риуаятында: «Сахаба – пайғамбармен бір немесе екі жыл бірге болған немесе сонымен  бірге бір не екі соғысқа қатысқан адам», – деп  те келген.
  Ғалымдардың пікірі бойынша, сахаба болу үшін балиғатқа толу шарт емес. Бірақ кішкентай сәбилер пайғамбарымызды көрсе сахаба болып табылмайды.
  Сол секілді мухадрамундарды да сахаба анықтамасына қосқан пікірлер бар. Йәхия ибн Осман ибн Салих әл-Мысридің жеткізуі бойынша, пайғамбарымыздың(с.а.с) дәуірінде өмір сүрген  әрбір мұсылман оны көре алмаса да сахаба болып есептеледі.
Бұл тұрғыда Ибн Хажар әл-Асқаланидің : « Сахаба дегеніміз- мұсылман болып  пайғамбармен кездескен, дұрыс пікірлерге  қарағанда исламнан шығып, қайта ислам дінін қабылдаса да, мұсылман адам болып дниеден өткен адам»,-деген анықтамасын нақты әрі толыққанды анықтама ретінде қабылдауға болады.
  Бұл жердегі «Мұсылман болып» сөзі пайғамбарымызбен (с.а.с) кездескен кәпірлердің және пайғамабармен (с.а.с) иман келтірмей тұрып жүздескен, бірақ Алла елшісі(с.а.с) дүниеден өткеннен кейін иман келтірген адамдардың сахаба қатарына жатпайтындығы көрсетеді.
  Сол секілді «кездесу» сөзі де  өзге анықтамалардағы «Сахаба-пайғамбарымызды көрген адам»  деген сөздерге қарағанда нақтырақ. Өйткені «көрген адам» дейтін болсақ, Ибн Умму Мактум секілді зағип жандар сахаба қатарына кірмей қалады. Сондықтан пайғамбарды көзімен көрмей-ақ жүздескен адамдар сахаба бола алады.
  Ал Әбу Зубәйб Хуайлид ибн Халид әл-һазали секілді пайғамбарды дүниеден өткеннен кейін денесі жерге тимей тұрып көрген адамдар сахаба қатарына кірмейді.
«Мұсылман болып дүниеден өткен адам» сөзі пайғамбарымыздың (с.а.с) тұсында мұсылман болып, кейін діннен шығып кәпір күйінде дүниеден өткен  адамды анықтамадан шығарады. Мысалы, Ұбайдуллаһ ибн Жахш, Ибн Хатал.
«Исламнан шығып, қайта ислам дінін қабылдаса да» сөзі бұл мәселеде түрлі пікірдің бар екендігін білдіреді. Әл-Әшғас ибн Қайыстың оқиғасы аталмыш мәселенің дұрыстығын көрсетеді. Ол-мұсылман болып, кейін діннен шыққандардың бірі. Бірақ Әбу Бәкір әс-Сыдық заманында оған тұтқынға түсіп, соның ықпалымен исламды қайта қабылдаған.
  Әбу Бәкір оның қайта исламға келгенін  қабылдап, қарындастарының біріне үйлендіреді. Содан кейін оны ешкімде сахаба емес деп айтпаған.
  Дегенмен, пайғамбар тұсында мұсылман болып, кейін діннен шығып сосын пайғамбарымыз(с.а.с) дүниеден өткеннен кейін мұсылмандықты қайта қабылдағандардың сахаба немесе сахаба емес екендігі турасында ғалымдар арасында келіспеушіліктен кездеседі. Әш-Шафиғи мен Әбу Ханифа: «Діннен шығу амалдары зая қалады» деген қағида мен өзге нақты дәлелдерге жүгіне отырып: «Діннен шығу алғашқы сұхбатты жоққа шығаратындығына күмән жоқ. Курра ибн Майсара мен әл-Әшғас ибн Қайыс сахаба сипатын жоғалтқандар. Бірақ пайғамбардың(с.а.с) көзі тірісінде қайта мұсылман болған адамның жөні бөлек, оның қайта сахаба атануына ешбір кедергі жоқ»,-дейді.
  «Сахабалық адам баласынан басқа ақыл иелеріне тән бе?» - деген  мәселеде түрлі көзқарастар бар. Көпшіліктің пікірлеріне сүйенер болсақ, жындар бұл санаттан тыс қалмайды. Өйткені пайғамбарымыз (с.а.с) оларға да жіберілгені белгілі, әрі  жауапкершілік жүктелгендіктен олардың арасында  иман келтіргендері мен қарсылық көрсеткендері бар.
  Пайғамбарымызбен(с.а.с) кереметтері арқылы жүздескен кейбір әулиелер мен пайғамбарымызды (с.а.с) түсінде көрген жандар сахаба болып табылмайды. Өйткені бұндай көріністер шынайы өмірде жүзеге аспағандықтан дүниелік істерде үкім бола алмайды.

 

 

0 пікір