Қазіргі діни-ахуал: мәселелер және оларды шешу жолдары
Қазіргі діни-ахуал: мәселелер және оларды шешу жолдары
17.02.2016 16:56
3115
0

Осыған қатысты мен бүгін күрделі басты төрт тақырыптың бетін ашып, талдау жасағым келіп тұр. Зайырлылық формасы немесе дінге қатысты жаңа заң. Радикалдық ағымдардың қоғамның тұтастығына кері әсері Ханафи мәзһабытың дамытудың жобасы мен бағыты Христиан миссионерлерінің қатері дін қоғамның негізгі бес тірегінің бірі тіпті ең негізгісі. Оның басты мақсаты - әділдік. Құран да жалпы төрт тақырыптан тұрады. Тәухид, пайғамбарлық, ақырет, әділдік. Осының төртіншісі әділдік болса қалған алғашқы үшеуінде де осы әділдік жатыр. Мысалы әлем, жаратылыс жаратқан Біреудің меншігі. әл-Фараби да ол жайында: «Әлемді жоқтан бар еткен бір ықпал себеп бар. Бұл себеп, барлық әлемнен жоғары тұрған әрі ең алғашқысы. Оны бар еткен басқа бір себеп жоқ. Ол өздігінен бар. Ол кәміл де толық»,- дейді. Міне бір қоғам жұмыр жерді, ондағы байлықты, ілімді өзімдікі деп өздеріне табынса немесе көсемдері мен данышпандарын пұт етіп табынса онда ол қоғамда әділдік жоғалғаны. Біреудің затын заңсыз біреуге телу нағыз зұлымдық. Ендеше әлемнің иесін тану әділдік. Міне пайғамбарлар да осы зұлымдықты жойып, әлем кімнің меншігі екендігін таныту мақсатымен жібіріледі. Әділ заңдар жиынтығын жеткізіп, қоғамда теңдік орнатады. Үшіншісі ақырет. Онда да әділдік бар. Егер ақырет болмаса бұл жалған дүние зұлымдыққа айналар еді. Мінекей ендеше қоғамда илаһи дін болмаса мемлекеттік жүйе де сол діннен қалыс қалса немесе мойындамаса онда мұндай елде әділдік орнау қиын. Иә, белгілі бір әділдік бар болғанмен толық деу мүмкін емес. Ағылшын философы және әлемтанушы Карл Поппердің: «Әлдебіреулер «әділдік» деген - бір таптың екінші таптың үстінен сөзсіз билігі, деп мәлімдейтін болса, онда мен әділетсіздтің жақтасымын»,- деуінде осындай терең мән жатыр. Осыны жақсы білген тарихта да қазіргі таңда да әлемдегі барлық алпауыт мемлекеттер өздері зайырлы мемлекетпіз дей тұрса да діндеріне ең бірінші мән берген. Әсіресе әлемде өз салмағын күн сайын көрсетіп отырған Америка құрама елдердің ұзақ жасауының түпкі сыры дінге көп көңіл бөлгенінде жатыр. Олар  көп заңдарын Османлы мемлекетін алған. Әлі күнге дейін жаңа заңдарын ислами шариғат заңдарынан алып отырады. Зайырлы деген термин Францияда қалыптасқанмен олардың мектептеріндегі дін дәрістерін тікілей шіркеу басқарады. Ал біздің қазақ елі сол елдерді салыстырып, өзінің Ата заңына «зайырлы» деген сөз қосқан. Әрі «Мемлекет дiн мен дiни бiрлестiктерден бөлiнген»,- дейді. Сөйте тұра артынан «Дін істер комитеті» кейін оны кеңейтіп «Дін істер агенттігін» құрады. Мұның арты «Дін істер министірлігі» де жетуі мүмкін. Сонымен қатар «дінаралық диолог» деп әлемдік және дәстүрлі діндерді елімізге шақырып біз мұсылман ел болып сіздерді шақырып отырмыз дейміз. Мұның бәрі біздің Ата заңдағы «зайырлылық» деген ұғымға ашықтама, комментарий берілмеуінде жатқан еді. Біз зайырлымыз. Бұл анық. Бірақ қандай зайырлымыз. Қай жағынан зайырлымыз. Қандай елдің зайырлығы. Кешегі Совет үкіметі секілді дінсіз зайырлы ма, әлде осынау байтақ даланы қасық қанын төгіп, жаннан безіп көзінің қарашығындай сақтап келген байырғы халқы мұсылман қазақ деген елдің зайырлығы ма? Міне еліміздегі соңғы жылдары ушыққан діни ахуалдар және басқа да себептермен билік қазақ елінің қандай зайырлы ел ашып көрсетті. Я, кешегі қайта өзгерген «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы заңының кіріспесінде: «ханафи бағытындағы исламның және православиелiк христиандықтың халықтың мәдениетiнiң дамуы мен рухани өмiрiндегi тарихи рөлiн танитынын»,- деп жазған.

Осыған зер сала қарасаңыздар: Православияны былай қойғанда «ханафи бағытындағы исламның.., халықтың мәдениетiнiң дамуы мен рухани өмiрiндегi тарихи рөлiн танитынын» деген жеке бір мағынаны ұғамыз.

Дінсіз қоғам жоқ. Бұл ел қазақ елі болып қалудың бірден бір жолы өз құндылығына қайта оралуы. Ал оның қайнары - Ислам діні. Соның ішінде Әбу ханифа мәзһабы. Егер билік Имам Ағзам мәзһабына ерекшелік танымайтын болса жаңа толқын ұрпақ бәрібір байырғы жұртының дініне тартатын еді. Бірақ бір мәзһаб емес, әр түрлі мәзһабқа, ағымдарға қарай ойысар еді. Ал мұның ақыры құлдырауға, жоғалуға соқтырады. Қазақ елінде сәләф секілді радикалдық ағымдарды былай қойғанда сунниттік өзге мәзһабтың қазақ еліне кіруі ел ішінде талас тудырады. Дін болғанмен қазақ мәдениеті, құндылығының көпшілігі жоғалады. Таудан аққан көшкін судың қанша алдын алсаңыз да сіз оған бөгет бола алмайсыз. Оның бірден бір жолы өзінің ғасырлық арнасына түсіру. Иә, Аллаға шүкір кешегі жарылыс жасап елді дүрліктірген радикалдық ағымдардың бүгінде беті қайтты. Әйтсе де түгелдей жоғалды деген сөз емес. Тіпті жоғалған күннің өзінде соларға ұқсас өзге де жат ағымдардың шығуы тосын емес. Сондықтан билік осыларға тағы да мән беріп, көптеген іс-шаралар жасауы қажет. Ендеше, билік қазақ елінің әр түрлі секталар мен радикалдық ағымдарға жол бермейтін өзінің мың жылдық ата-бабасының ұстанға ханафи мәзһабын ұстанғандығын айқын мойындаған екен, олай болса билік осыны іспен дәлелдеуі керек. Сол үшін де мұны Діни басқармаға артып қоймай билік пен қоғамның барлық саласын осыған жұмылдыруы қажет. Сіздерге мынаны баса айтқым келеді. Іште және сыртта белгілі күштер қазақ елінің ханафи емес белгілі бір сәләфи, шиит, тәблиғ секілді радикалдық бағытты ұстанатын ел етіп танытқылары келеді. Сондықтан елдегі олардың белсенділері қайткен жағдайда да тізгінді ханафидің қолынан алуға жан салуда. Ал елде осылай дүрбелеңнен болуы сыртқы күштер үшін аса қажет нәрсе. Өйткені елдегі Ягова секілді секталар ел сахнасынан қалыс қалып, еркін әрекет етіп Ислам дініне шошыған халықты өзіне оңай тартып, ел тізгінін қолына алуға жол ашылады. Ендеше біз осыған жол бермей, батыл қадамдар жасағанамыз абзал. Биліктің ханафиды ашық мойындағаны осыны терең түсінгендігінің белгісі деп ойлаймын.

Ендеше бұл жерде ең басты неден бастау керек деген сауал туындауы мүмкін.

Әуелі Әбу Ханифа мәзһабына қатысты нақты ғылыми базалар әзірлеу ләзім. Қазақ елінің мың жылдар бойы осы бағытты ұстанғанын дәлелдеуі керек. Біздің қазақ дала жұлдыздары атанған әл-Фараби, әл-Кердери, әл-Жәнди, әт-Таразилар тек біздің ғана емес мың жылдар бойы күллі Ислам әлеміне жұлдыз болғанында дау жоқ. Ендеше біз солардың аттарын, қолжазбаларын тауып оны қазақ тіліне аударып мектеп пен жоғарғы оқу орындарына енгізіуіміз қажет. Ғылыми базалардың бірі ретінде Нұр-Мүбарак универсиетіне көп көңіл бөлу керек. Оны діни мәселелердің фәтуасын беретін және соны халықтың мойындайтын деңгейге көтеру ләзім. Болашақ қазақ елінің ғұламаларын сол жерде дайындау мақсатымен Исламтануға қатысты докторлық бөлімдерін ашу қажет.

Екінші, бүгінгі таңда әлем әлемдік дағдарыстың негігі түп төркіні өсімде, пайызда жатқанын біліп мойындай бастады. Әлемде өсімсіз банктер өркен жая бастады. Ал өсімге тиым салған бірде бір Ислам діні. Ал әлемде ислами банктердің ең мықтылары Малазияда мықты дамыған. Сондықтан Нұр-Мүбарак универсиетінде Ислам экономикалық факультет ашылып, Малазиядан ғалымдар тартуы қажет. Сонда универспеттте тек діни мамандан емес, ислами эконмисттер де әзіленедеді.

Үшінші айтар мәселе Дін істер агенттігі. Олар тіркеумен ғана айналыспауы керек. Елдегі түрлі секталардың іс қимылын жіті бағалауы керек. Ал ол үшін олардың штатын көбейтіп, аймағын кеңейту керек. Бір кездері осы агенттік діни комитет болып тұрғанда Алматыда ең алғашқылардың бірі болып жұмыс істеген болатынмын. Сонда санымыз үш адам болатын. Ал діни бірлестіктің сексен пайызы осы Алматыда тіркелген болатын. Сонда  үш адам жаяу жүріп қандай іс атқармақ. Сондықтан олардың санына да сапасына, қаржысына да көңіл бөлуі қажет. Атынан ат үрікпесе де мысы басым болуы қажет.

Төртінші осыған қарай Дін істер агенттігі мұсылмандар Діни басқармасымен бірге етене жұмыс атқару қажет. Қала мен ауылда мешіттердің салынуына көп көңіл бөліп жерінің орналасуы мен салынуына  мән беру қажет. Мысалы, Алматы қаласын алайық. Ескі Алматы қаласымен салыстырсақ қалада бір-ақ мешіт бар. Ол - орталық Мешіт. Ал Абай мен Фурманов даңғылында Әуезов, Бөгенбай, Қабанбай т. б басқа көшелердің ешбірінде мешіт жоқ. Түнгі барлар секілді түрлі ойын-сауық пен түрлі секталардың ғимараттары бар. Ал мешітке келгенде орын жоқ. Бөгде елден Алматыға келіп аралап көрген жолаушы бұл қала кімнің қаласы деп ойлайды? Ал қаланың ішінде мешттің көп болуы қаладағы діни шиеленістің көп мәселесін шешуге арқау болады. Өйткені жастар студенттен мешіт имамының насихатына қатты мән береді. Алайда осындай кішігірім болсын мешіттердің жоқтығынан әсіресе студенттер әр түрлі секталар мен радикалдық ағымдардың жетегінде кетуде. Көктебенің басына пәлен миллионға шығындап мұсылман қазақтың мақтанышы дегеннен қарағанда соның орнына қала ішіне бірнеше мешіт салған жөн.

Бесінші, мемлекет мешіттерге арнайы қорлардан қаржы бөлдіріп, имамдар мен мешіт қызметтеріне айлық бөлуі қажет. Аты аталған заңнан кейін бұл ешбір заңға қайшы емес. Үлкен қалалардағы мешіттерде халықтан садақа түскенмен ауылды жерлерде садақа жоқтың қасы. Үлкен қалалардағы мешіттер де түскен садақасы өзінен артылмайтындықтан ауылдарға көп көмектесе алмайды. Мешіт үлкен болған сайын жылу мен жарығына да көп шығын қажет еттіреді.

Сондай-ақ, бізде көбінесе сөз бар да іс жоқ. Бізде заң деген шіркін көз тоймас. Ал орындалуға келгенде кежегеміз кері тартып тұрады. Сондықтан осы заңның іске асылуына көңіл бөлінуі қажет.

Алтыншы, елдегі діни алауыздықтың алдын алу және радикалдық ағымдарды түп тамырымен жою үшін мектепке дін дәрістерін енгізу қажет. Қазіргі кезде мектепке енгізген діндер тарихы сабағы өте аз сағат. Әрі ол дін дәрісі емес. Бұл көп болса елге басу айту ғана. Сондықтан осыған қосымша «Қазақ елінің дәстүрі мен құндылықтары немесе имандылық не болмаса қазақ ғұламалары тәрізді сабақтар қойып өз ата-бабаларының кім және қандай мұсылман болғанын таныту қажет. Қазақ елі қазірде әлемде суициттен үшінші орында тұрады екен. Соның көбісі мектеп жасындағылар. Кешегі Совет кезінде мектепте «Оқы, оқы және оқы» деп Құраннан ұрлап дінсіздік діни моралдық дәрістер беріп адамгершілікке тәрбиеледі. Ал бүгінде олар діннен мүлде мақұрым қалды. Суицитте соның салдарынан десем қателеспеймін.

Жетінші, діни насихаттағы ең басты күшіміздің бірі БАҚ. Оның ішінде телеарналар. Телеарналарда Жапонның хандар тарихи, Корея мәдениеті, Түркияның дінсіз режиссер түсірген тіпті балапандарға арналған Қытайдың мәдениеті мен тілін ашықтан ашық үйреткен мултьфилмдер мен телесериялдар көрсетіліп, жас ұрпақтың күннен күнге діннен де өз тарихынан да аластатылуға жағдай жасалады, ал дін мен ділге жақсы жағдай жасалмайды. Олардың басым көпшілігі діни насихатты емес, көбінесе өз беделін көтеру мақсатымен тек діни шиеленістерді ғана елге көрсетеді.

Сегізінші, бұл тұрғыда елдегі партиялар да ат салысуы қажет. Мысалы Нұр-Отар партиясын алайық. Олар ауылға жастарды жұмысқа жіберуі туралы жобалар жасады. Өте орынды. Бірақ неге солар дінге көңіл бөлмейді. Неге мысалы Нұр-Мүбарак универсиетінде бітірген жастар бірі шығыста болса батысқа, елі батыста болса шығысқа барып қияндағы бір ауылға барып мешітте имам болуда. Осыларға да жағдай жасап оларды мектеп дін сабағынан дәріс бергізіп, үй бергізсе болмай ма? Ауылда бір дәрігер қандай маңызды болса имам дәл сондай тіпті одан екі есе маңызды. Сондай-ақ, басқа партиялар да дінге көңіл бөлулері қажет.

Тоғызыншы соңғы айтар сөз бір жағынан осылай насихат жасалса екінші жағынан елдегі секталар әсіресе соның ішінде христиан миссионерлерін ел ішіндегі іс-әрекеттерін тоқтатуға да күш салуымыз қажет. Проваслиялық шіркеуді де осыған шақыру қажет. Олардың бәрі адал жолмен емес адамдарды арбаумен, дүниемен тб. Жолдармен өздеріне тартуда. Осылардың осы арам қылықтарын әшкерелеп елге таныту қажет. Әсіресе Дін істер агенттегі оларды қайта тіркеуде асықпай салқынқандылық танытуы абзал.

Құранда Алла Тағала: «Естерің ауып қайда кетіп бара жатырсыңдар?» дейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, күн ертең бұл өмірден өткенде жатқан жеріңіз сыз болып, артта қалған ұрпағыңыздың бірі сүйегіңізді өртеп, енді бірі молаңыздың басында шарап ішіп еске алып, қасиетті ата-баба аруағының қарғысы алмайын демесеңіз, қоғамға көңіл бөліңіз демекпін.

 

Мұхитдин Исаұлы

 

"Абай-ақпарат"

0 пікір