Бұл күннің мұсылманы қандай?!
Бұл күннің мұсылманы қандай?!
17.10.2015 12:25
1785
0

Бір күні Алла елшісінің құзырына біреу кіріп келді. Бұл - Әбу Һурайра болатын. Ол Пайғамбардың жанына келіп: «Пайғамбарым! Бірнеше күннен бері нәр татпадым. Күнде аш күйімде ауыз ашпай ораза ұстап жүрмін» дейді. Ақиық Елші айналасына көз жүгіртті. Бірақ оны үйіне қонақ қылартай шамадағы ешкім көрінбеді. Бір уақытта Аллаһ Елшісінің өте жақын адамдарының бірі - Әбу Талха орнына тұрып: «Уа Аллаһтың Елшісі! Оны мен үйіме қонақ етейін» деді. Одан кейін оны ертіп, үйіне апарды. Бірақ барлық дүниесін Ислам жолына сарп еткен бұның да үйінде тіске басарлық азық та қалмаған еді. Анда-санда ғана ошағында қара сорпа қайнатын. Бұл да сол күнге сәйкес келіп жары Үммі Сүлейім балаларына аз ғана сорпа қайнатып жатқан болатын. Қайнауға да аз қалып, балаларын тамаққа ыңғайлаған кезі еді. Осы шақта шаңыраққа отағасы бір кісімен келіп, қонақ төрге жайғасқан соң ерлі-зайыптылар оңаша шығып бір-бірлерімен: «Бұл түні сорпаны Аллаһ Елшісінің қонағына ішкізейік. Біз бүгін ауыз ашпай-ақ ертең ауыз бекітіп кешке дейін шыдай тұрармыз. Балаларды да көңлін аулап, жатқызалық. Таңертең бір жолын табармыз» деп сөйлеседі. Одан кейін өз араларында былайша жасамақ болып келіседі: Қазір сорпаны әйелі әкеліп дастарханға қоя бергенде байқамай сол жердегі шырақты сөндіріп алады. Сол кезде үй иесі қонаққа асқа қараңыз деп алдырта бастайды. Қонақ ортадағы тостақтан қасықтап алып ішіп отырғанда үй иесі де қасығын тостаққа батырады да бос күйінде қайта шығарып, алып отырған болып көрінеді. Өйткені сорпа екі адамды тойдыратындай сорпа емес болатын. Ерлі-зайыптылар дереу келіскендерін іске асырады. Көп ұзамай таң да атып, бамдат намазына жамағат жиналып, Аллаһ Елшісі намазға тұрғанда бұл екеуі де сол жамағаттың арасында тұрады. Намаз оқып біткен соң Хақ Пайғамбар жамағатқа бұрылып отырды да Әбу Талха мен Әбу Һурайраға қарап: «Түнде өздерің жайлы аят түсетіндей нендей нәрсе істеп едіңдер? Сендер хақында мына аят түсті: «Өздері таршылық көріп отырса да, өзгелерді өздерінен артық санайды» (Хашыр, 59/9) . Бухари.

0 пікір