Бір сәттік патшалық
Бір сәттік патшалық
29.07.2015 12:55
2389
0
Мухитдин Иса

          Алла мен ақыретті терең танымаған пенде қашан да дүние мен мансапқа құмар болады. Әуелі қора қора малым болса екен дейді. Малы болса биік мансапқа қолым жетсе екен деп арман етеді. Осылай күн кешіп ақыретте Алланың алдындағы есебін ұмытып кетеді. Есебін ұмытқанда әрине тәкаппарлық пайда болады. Дүние мен мансап Алланы ұмытқандарды осылайша тәкаппарлықпен мас етеді. Әлде бір нәубет басына келмейінше ешбір насихат әсер ете алмайды. 

Ілгеріде Бәһлул деген әулие кісі болған. Ол жарықтық Харұн Рашидтің заманында ғұмыр кешкен еді. Ол оның сарайына емін еркін кіріп жүретін. Бір күні сарайға кірсе патшаның тағының бос тұрғанын көреді. Ол жайлап қасына барып сүт пісірім уақыттай отырады. Аздан соң оның тақта отырғанын байқап қалған күзетші сарбаздар бұған жүгіріп келіп сүйреп тақтан түсіреді. Жай сүйреп қалмай тоқпақтап, балағаттап түсіреді. Осы оқиғадан шай қайнатым уақыт өткенде сарайға Харұн Рашид кіріп келеді. Ол тақтың бергі жағында Бәһлулдің еңкілдеп жылап отырғанын ә дегеннен байқайды. Аң таң. Жанына келіп жылауының мәнісін сұрайды. Сонда әулие жарықтық: «Қалай ғана жыламайын?! Сен келмей тұрып мына тақта біраз отырып едім. Сонда бір сәттік патшалығым үшін мұншама таяқ жедім. Көк ала қойдай болып сабалып отырысым мынау. Ал сіз қаншама жылдан бері осы тақта отырып келесіз. Сіздің басыңызға келетін қасіретті ойлап сізді аяп жылап отырмын. Мені қойшы бір сәт қана отырдым. Ал сіз?!» деп жауап берген екен. 

Иә, солай. Судың да сұрауы болса бір елге патша болудың, мансап пен байлыққа иелік етуідің қаншалықты сұрауы барын сіз есептей беріңіз. Иә, осы жерде кейбір мансабы мен байлығы жоқ адамдар өзінің ақыретте есебі жеңіл болады деп ойлауы мүмкін. Бірақ әрине бұл өте жаңсақ пікір. Өйткені жер бетіне келген әр бір пенде – патша. Әр пендеде дүние мен мансап бар. Алла Тағала әр бір адамға жер беті емес мынау тірексіз тұрған жеті қабат аспанды бағындырып, қол қусыртып қызмет еттірді. Соны көрмей кей бейбақ «менде арман көп, патша неге болмадым, неге дүнием аз?» деп шағымданып, Алланың бергеніне разы болмайды. Ал өзінің жер бетіне халифа патша болып жаратылғанын есінен шығарады. Шексіз байлық өмір мен уақытын, басындағы бақ пен бақытын алмастай тасқа шағады. Тіпті кейбір патшада ақыл болмайды, жарлыда ақыл болады. Ал ақыл таусылмас қазына, мызғымас тақ. Осы ақыл мен ерікті Хақ Тағала жер менен көкке, тау мен тасқа, адамнан өзге тіршілік атаулығы бергенде бәрі де басына алып қашқан. Егер солардың бірі бір сәт адам болса сол үшін әлгі әулие секілді таяқ жейтін еді. Жауапкершіліктің өтелмеуі тозақта отын болуымен өтелетінін білген олар әрине ондай тақтан қашпақ. Тек адам ғана сол тақтан бас тартпаған. Ендеше бізге келгенде әр бір пенде халифа патша болғандықтан ақыретте бір ғұмыр тақта отырғаны үшін есебін бермек. Әйткенмен біз пенделер біреу тоқсанға келіп торқалы тойын жасаса «Е, жарықтық, Алла ұзақ жасатқан екен. Бізді де солай жасатсын» деп іштей тілек айтамыз. Сол ақсақалға қызыға да қызғана да қараймыз. Ал өмір тақта қанша отырсаң сонша ақыретте есеп беретінімізді ұмытамыз. Иә, әйткенмен пендеміз.

Бәрібір «Я, Алла иманды, пайдалы ұзақ ғұмыр бер» деп дұға етеміз. Алла өмірлеріңізді ұзақ етсін! Уәссәләм.

Мұхитдин Иса   

"Ал, қане "дәмнен" алыңыз!..   

Алланың рақым таңы   

«Ал жүрегім «Алла» деп соқса не болар еді?..»  

 Адалдық  

 Режеп айы  

 Амал мен ниет 

Аманаттың төл иесі 

Бір қоғамға бір шырпы... 

Мұсылманға қажет үш қасиет

0 пікір