Алланың рақым таңы
Алланың рақым таңы
21.04.2015 12:39
2959
0
Мухиддин Исаұлы

Таң атып келеді. Осынау ұйқыға кеткен ел тәтті ұйқысын қимағандай қимылсыз қалыпты. Әз пайғамбар алайһиссаламның мүбарак сөзінде айтылғандай «ұйқы - жарты өлім» не болмаса «өлім - ұйқының бауыры».
Әйткенмен пенделер ұйқысын неге қимайды? Ұйқыны таңмен салыстырып бола ма? Таң атысымен айнала қап қараңғы болса да әуелі уақытпен қоңырау сағатын қойғандай құстар сайрай бастайды. Сайрады дейміз ау задында ол Алланы зікір ете бастайды. Таңғы зікір. Жалпы жер бетіндегі пендеден басқа тіршілікте Алланың «түнгі» және «күндізгі» деген екі тіршілік иелері бар. Күн батқан айналаны тыныштық басқан кезде сол тіршілік иелерінен сан түрлі көк шегіртке тәрізді сан түрлі жәндіктер сазды шырылға бастайды. Оған басқа жәндіктер азан қазан болып әуеннің ырғағын бұзбайын деп үнсіз қосылып барлығы түн жамылып Алланы ұлықтап, Оны жаратылыстан пәктеп, зікір етеді. Қап қараңғы түн мен осы бір жәндіктердің әуендерінің арасында ғажайып тылсым бір үндестік бар. Осы бір ғажап әуенге кейде таудан соққан әлде бір біз көрмейтін ғайып аспаптың шегіндей уілдеп маңдайың мен көңліңді сипап келіп жапырақтарды пернелердей тербеп басып, сыбдырлатып оған ағаштардың бұтақтары қосылып ағаш пен шөп біткен бірге ырғала қосылып һәм бұларға тау сарқырамасы мен бұлақ сыңғыры да бірігіп барлығы бірге Алланың ұлықтағанда қара аспандағы жарқыраған сансыз жұлдыз одан сайын жарқырап тіпті кейбір осынау Аллаға деген махаббатқа шыдай алмай күйіп жанғандай немесе осынау ғажап ұлықтауды жанынан тыңдамаққа жетпек болғандай ағып құлап жатады. Мұндай кезде осының бұлай күйіп құлауы Аллаға деген махаббаттан шейіт болған сүйікті құлына ұқсайды. Ендеше түн қараңғылық емес Алланың басқаша жарығы. Залдың жарығы өшірілген театр сахнасы іспетті. Алланы зікір еткен осынау тіршілік пен ғалам жұмыр басты пендені қалың ұйқыға бас қоюға емес аздап тынығып алған соң қайта оянып сол ғажап әуенді әрі қарай жалғастыруға шақырады. 
Ал құла таңның атысы ол да өзінше көз тоймас сахна. «Күндізгі» деп аталатын Алланы зікір ететін құстар ұйқы ашар сағаттай сайрай бастайды. Ұйқы ашар мазаңды алады. Ал бұлар «жаңа» өмірдің қадірін сездірте оятады. Олар бір ғажабы біз секілді кейде таңғы намазға ұйықтап қалғандай Алланың ұлықтауынан жаңылысып ұйықтап қалмайды. Тіпті бұларда әншілердің кейде қарлыққан дауысы тәрізді қарлығу, ырғақтан жаңылысу деген болмайды. Бұған тіршілік біткен қосылып барлығы бірге Алланың атын жаһанға жар салып осынау сарғайған таңды қарсы алады. Ұядай болған сара ала таң көкжиегінен көп ұзамай Күн аппақ алып аққудай бұдан әрі төзе алмай Алланың пәктігі мен ұлылығын, рақым мен шапағатын паш етіп көкке қанатын жайып жер бетіндегі Құдай Тағаланың құлдарына жазылмаған жаңа парақтай жаңа өмірдің қақпасын айқара ашады. Сонда түнімен көз жасын төккен Алланың тақуа құлдары мына ғаламат ғұмырды, мына атқан таңды мақшардың тылсым таңындай көңілдері Аллаға деген махаббат пен біз білмейтін ғайып қуаныш пен шаттыққа тұнып қарсы алады. Ал тәубаға келмеген пенделерге келсек оларға да Хақ Тағала түнде тәубаға келуге шақырып, таң арқылы өмірлерін сәбидей қайтадан бастауға шақырады.
Хазіреті Ибраһим пайғамбар алайһиссалам өзі асқан бай болса да қонақсыз ас іше алмайды екен. Егер қонақ болмаса жол торуылдап жолаушы күтіп алдынан кездескені бай болсын, пақыр болсын қарсы алып үйіне қонақ етіп қатты күтеді екен. Иә, бұл күндегі атам қазақтың қонақжайлылығы осы атамыздан қалған. Күндердің бір күні бұған алпысты алқымдап, жетпісті тақымына басуға таяған бір қария жолаушы кездеседі. Үйіне әкеліп құманмен қолына бөліп бөліп шым шымдатып су құйдыртып, жаңа сүлгіні тәбәрік етіп сүрткізіп төрдің төріне шығарып алдына дастархан жайдыртады. Әрине Ибраһим пайғамбардың дастарханы кімнен кем болсын?! Мал сойдыртып, қазан жағып, ас қайнатып алдына неше түрлі дәмді ас қойдыртады. Көп ұзамай жаңа сойылған ет те қайнап үлкен табаққа салдыртып алдына қойған хазіреті Ибраһим:
- Ал ақсақал қария, қанекей Алланы ұлықтап, Оған шүкір етіп дұға етіп, мадақтап мына келген асқа бата беріп жіберіңіз. Қанша дегенмен жолаушы адамсыз. Жолаушының батасында қайыр мен береке бар дейді.          Әлгі қария жолаушы сонда:
- Жоқ, бата бермеймін, дұға да қылмаймын дейді.
- Неге олай дейсіз?
- Өйткені мен Аллаға сенбеймін, сенгім де келмейді дейді.
- Қалайша? Мына жасыңызға келгенше Алланы танымаған қандай адамсыз? Жасыңыз жетпіске келгенше тіліңіз кәлимаға келмеген бе?
- Онда сенің шатағың қанша? Сенбеймін деген соң сенбеймін - деп қасарысады.
Хазіреті Ибраһим дастарханды былай қойып қайтадан ас пісірім уақыт әлгі қарияға Алланың барлығы мен бірлігін түсіндіріп бағады. Ақыр соңында:
- Осы жасыңа дейін аман алып келгенге сен қалай шүкіршілік етпейсің?-дейді.
- Құдай бар ма, ол мені осы күнге дейін аман алып келді ме ол жағы маған бәрібір. Сенбеймін де шүкірлік етпеймін де дейді. Осы кезде хазіреті Ибраһим ашуға мініп:
- Олай болса, жоғал үйімнен. Аллаға сенбеген күпірде қасарысқанға менің беретін ет тұрмақ бір жұтым суым да жоқ. Кет!-дейді.
- Кетсем кетем дейді де әлгі жолаушы орнына тұрып есіктен шығып кетіп қалады. Хазіреті Ибраһим ашуға булығып не істерін білмей отырған шақтай Алла Тағаладан уахи келеді:
- Ей, Ибраһим! Сен әлгі құлымды үйіңе қонақ етіп шақырып алып артынан неге қуып жібердің?. 
- Уа, Жаппар Ием! Ол саған күпірлік еткен адам екен. Қанша айтсам да қырсығып, күпірлігінен қайтпады.
- Ей, Ибраһим! Ол құлым маған жетпіс жылдан бері күпір етіп келеді. Бірақ мен сабыр етіп одан ырыс несібемді үзген емеспін. Ал сен болсаң оның екі ауыз сөзіне сабыр ете алмай, қонағыңды қуып шықтың. Бұл саған жарасатын қылық па? Бүгін Мен оған сенің қолыңмен ризық беруді қалап едім. Ал сен шыдай алмадың дейді.
Хазіреті Ибраһим сонда ғана есін жиып әлгі жолаушының артынан өзі жүгіріп кешіріп сұрап, үйіне алып келіп қатты құрметтеп ат міндіріп, шапан жауып жібереді. 
Иә, дәл мына атқан таң да, келген жаңа өмір де ендеше тәубаға келмегендер үшін де Алланың берген сый сияпаты. Алла Тағаланың рақымына қараңыз? Жер бетінде қаншама имансыздар Аллаға күпір етіп, пайғамбарына тіл тигізсе де Ол оларға деген ризығын үзген емес. Рахман сипатымен Арш пен ғаламды басқарып тіршілік біткенге оның ішінде күпірлік еткенге де күнә жасап тәубаға келмегендерге де ризық несібесін беріп келуде. Ал біз мұсылмандар мына құла таң өмірде имансыз тұрмақ көбінесе мұсылман бауырларымыздың кейбір іс әрекетін көріп төзімділік таныта алмай жатамыз. Уәссәләм.

 

Ұқсас материалдар

"Ал, қане "дәмнен" алыңыз!..

Алланың рақым таңы

«Ал жүрегім «Алла» деп соқса не болар еді?..»

Адалдық

Режеп айы

0 пікір