«Ал жүрегім «Алла» деп соқса не болар еді?..»
«Ал жүрегім «Алла» деп соқса не болар еді?..»
10.04.2015 17:19
3346
2

(Түнгі әңгіме)
- Ұстаз осы жай ғана тілімен «Алла» деп айтқан адамдардың да алар сауабы бар ма әлде жүрекпен айту қажет пе?
- Е, шәкіртім, несін сұрайсың? «Алла» деген қашан да құр қалмайды. Әлгі перғауынның өзі тілі ғана иманға келгенмен соның өзін босқа шығармай ішкі тілеген қабыл етіп мәйітін осы күнге дейін сақтатып әрі адамзатқа ғибрат қылып қойған жоқ па? Ілгеріде өзіңдей бір жас жігіт болыпты. Ол да сен секілді кедей көрінеді. Сенің кедейлігің шәкірттігіңде ғой. Ал ол дүниелік тұрғыдан пақыр болыпты. Атадан қалған киіз үйі де жұлым-жұлым болып су өтсе керек. Әйткенмен жастың аты жас қой. Ғашықтық сезімді өлшеп болмайды. Бір күні ол сол елдің патшасының қызына ғашық болыпты. Бірақ қолдан келер не шара? Патшаның қызы тұрмақ байдың да қызын алуға оның әл-дірмәні қайда? Ақыр соңында жүрегіне әмірі жүрмеген соң сол елдің бір әулиесіне ақыл сұрап барыпты. Әулие жарықтық оның мұңын үнсіз тыңдап болған соң:
- Е, шырағым! Ғашық болу екінің біріне нәсіп бола бермейді. Ақыры болары болған екен ендеше менің ақылыма құлақ сал! Сен мына шаһардың кіре беріс жеріндегі жол жиегінде күндіз-түні отырып ал да, ешкіммен тілдеспе! Әрлі-берлі жөн сұрап, халіңді білмек болғандарға бар-жоғы: «Алла» деп дауыста-дағы жөніңмен отыра бер - дейді. Ғашық жастың басқа шарасы бар ма?! Әулиенің айтқанын екі етпей жол жиегінде отырып алып, өткен-кеткенге бар-жоғы не сұраса да «Алла» деп жауап беріп отыра береді. «Алла» сөзінен өзге ләм-мим демейді. Әлгі әулие күндіз жас жігіттің азығын әкеліп беріп тұрады. Осылай күн де, апта да ай да бір-бірін қуалап, жер дөңгелей береді. Мұндай ғажап оқиға мұсылман ел ішінде жатсын ба?! Әңгіме желдей есіп «Ойпырмай! Пәлен жерде бір жас әулие бар. Жарықтық-ай, әулие десе әулие. «Алла» дегеннен басқа ләм-мим демейді. Біз ғой жасымыз алпысқа келсе де «дүние», «әйел», «мансап», «сәйгүлік» дейміз. Ал мына зіңгіттей жігітті қарашы! Нәпсісі сазандай туласа да асауға құрық салғандай тәрбиелеп ақыретті ойлап «Алла» деп отырғанын» деп ауыздарын бір ашып, бір жұмып аңыз етеді. Аңызақ аңыз ел ішінде ғана тұрсын ба? Күндердің бір күні бұл әңгімені патша да естіп «шіркін болашақ күйеу балам осындай болар ма еді?» деген ойға да қалады. Ақыры мән-жайын білмек болып сол жігітке барып «Сен кімсің? Қайдан келдің? Қандай дертің бар?» деп сұрайды. Бірақ жігіт «Алла» деп отыра береді. Ол кеткен соң әулие келіп: «Байқа, саған «күйеу балам бол, қызымды берейін» дегенге дейін дүниелік бір нәрсе сұрап сөйлеп кетуші болма!» деп қатаң ескертеді. Күндердің бір күні патша тағат таппай әлгі жігітке қайта келеді. Патша оған:
- Ей, жас жігіт! Сені қинаған не нәрсе? Қандай дертің бар? Қаласаң маған күйеу бала бол! Менің жалғыз қызым бар еді. Соны саған лайық көріп отырмын. Қызымды ал» - деп ішкі сырын айтады. Сонда әлгі жас жігіт:
- Жоқ, Патшам, маған енді сенің қызыңның қажеті жоқ. Мен өзге бір ниетпен «Алла» деп айтып едім, ниетім «Алла» болмаса да сол сөзді айтқаным үшін маған Алла Тағала осы елдің патшасын аяғыма алып келіп, мендей пақыр түгі жоқ кедейге қызына күйеу еттірмек болды. Ал енді мен басқа бір дүниелік емес «Алланы» сол Алла үшін айтсам онда кім білсін қандай жағдай боларын? Бір сен емес күллі дүниені идіріп алдыма әкелмесіне кім кепіл? Бірақ маған дүние де мансап та емес, сол Алланың өзі керек. Соған лайық құл болуды қалаймын. Мен бұдан былай Алланың ғана атын айтып, Алланы ғана іздеймін. Мен Алланы сүйдім» деп қызға деген ғашықтығы жоғалып Аллаға ғашық болып Соның жолына түскен екен.
Иә, шәкіртім! Бұл жалғанда Алланы тапқандар несін жоғалтады дейсің?! Өзіңді қаламаған қыздың көңілін қайтесің? Ал Алланы жоғалтқандар нені тауып, неге қол жеткізеді дейсің?
- Ұстаз! Әңгімеңізді ұқтым да бірақ осындай мысалдар қазіргі өмірде де кездесуі мүмкін бе?
- Әй, өзің әлі бала екенсің ғой. Әрине. Осыдан аттай жиырма жыл бұрын мен де өзіңдей шәкірт болдым. Бір ағайымыз бар еді. Өзі жиырма бес жыл сол күнге дейін «ғылыми атеизм» деген пәннен сабақ беріп келіпті. Қып-қызыл дінсіздің атасындай еді. Дәрісте, дәлізде онымен қаншама рет тартыстық. Өз басым көп тартысатынмын. Бір күн ол маған: «Сонда осынша ғажайыптың бәрін Мұхамедке кім үйретті, ұстазы кім?» деп сұрады. Мен «Хазіреті Мұхаммед пайғамбар алайһис-саламның ұстазы – Алла» деп жауап бердім. «Мүмкін емес, мүмкін емес» деп басын шайқап кете барды. Бірақ соның бір жақсы әдеті бар еді. Қай уақытта дәрісте бір шәкірт жақсы сабақ айтса: «Әп, бәрекелде» деп қатты дауыстайтын. «Бәрекелде» дегені «Бәрәкә Алла» дегені ғой. Яғни Алланың берекесі. Бірақ оны ол түсінбейтін. Бірақ айтатын. Һәм құшырланып айтатын. Содан әлқисса оқу бітірер жылы бір күні үйіне бара қалдық аяқ астынан. Есікті қағып едік асығыс жетіп шықты. Бізді көріп: «Өй, сендер екенсіңдер ғой. Біреу келіп қалды ма деп намазымды жартылай тастап шықсам» деп қалды. Сөйтсе тілін кәлимаға келтіріп жасырын намазға бастапты. Сол ағайымыз сол намазынан кейін көп ұзамай қайтыс болды. Жиырма бес жыл дінсіздікті насихаттап бірақ ақырында иманды болды. Жатқан жері жаннат, Алла рақым етсін!

Ей, шәкіртім-ай! Мен сендерге Құран тәпсірін оқып ертелі-кеш есіктеріңді қағамын. Ал сендер менен қашасыңдар. Ал анау өмір бақи атеизмнен дәріс берсе де «әп-бәрекелде» дегені үшін Алла оған иманды нәсіп етті. Иншалла ақыретке солай кеткен шығар. Ал сендер Алланың Құранын терең білсеңдер Хақ Тағала сендерді екі дүниеде де жерге қаратады деп қорқасыңдар ма? Келіңдер! Бір күн болса да дүниелік мансапты жиып қойып: «Алла» делік. 

 

Ұқсас материалдар

"Ал, қане "дәмнен" алыңыз!..

Алланың рақым таңы

«Ал жүрегім «Алла» деп соқса не болар еді?..»

Адалдық

Режеп айы

2 пікір
  • Ерхан
    13.04.2015 08:03
    Бəрекелді! Еңбектеріңізге Аллаh разы болсын.
  • Админ
    14.04.2015 09:11
    Амин. Айтқаныңыз келсін Ерхан. Иә Расымен де Мұхитдин ағаның жазбалары ерекше.