«...Әдепсіз қылық жасауға ұялдым»
«...Әдепсіз қылық жасауға ұялдым»
07.11.2015 10:34
1913
0
Мухитдин Иса

- Ұстаз осында екенсіз ғой. Ел жатып қалғанға сіз де ме десем? Ұстаз осы Пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктің белгілері қандай?

- Алла елшісі алайһис-сәләмға деген сүйіспеншіліктің белгісінің ең әуелгісі әрине салауат келеді. Кім көп салауат айтса соғұрлым жақын болмақ. Екіншісі оның сүннетімен ғұмырын әшекейлендірмек. Сүннетін сыңғырлаған бұлағы бар баққа айналдырмақ. Тағы бір белгісі мынау. Пайғамбарымызға кімде кім тіл тигізсе мұны өзіне немесе ата-анасына тіл тигізгендей сезінбек. Бұл ең төменгі белгісі. Қай бір жылдары бір мұсылман телеарнада бір дінтанушы шығып Пайғамбарымыз алайһис-салам жайлы айтып арасында сынап отырады. Сонда басқа бір елден бір әулие қария кісі телефон шалып әлгі Исламтанушыны қатаң ескертеді. Бірақ ол әрине тыңдамайды. Шамамен бір аптадан кейін сол елге әлгі қарияның шәкірттері әлгі Исламтанушыны іздеп келеді. Оған келіп сол түні ұстаздарының қайтыс болғанын айтады. Себебін сұрағанда «Ұстазымыз сізден кейін түнімен ұйықтай алмады. «Қалайша бұл менің Пайғамбарымды сынай алады? Қалайша тіл тигізеді?» - деп ашу мен ызадан, намыстан өрт болып жанды. Ақыры таңға таяу шыдай алмай көз жұмды» дейді. Мына сөзді естігенде әлгі Исламтанушы сең соққандай күйге түседі. Аздан соң ғана есін жиып Алла елшісіне иман етеді. Сонда ғана оның иманы орнына түседі. 

Ал Алла елшісі алайһис-сәләмға тіл тигізгенде үнсіздік таныту не болмаса «тілі жаңылысқан шығар» деп жақсыға жорығандай болу имансыздықтың белгісі.

Және бір белгісі мынау деп айтуға болады. Бірде бір шәкірт ұстазынан Пайғамбарымызды түсінде көргісі келетінін және сол үшін де не істеу керектігін айтады. Сонда ұстазы "жатарыңда тұз жеп жат" дейді. Солай жасайды. Бірақ түсінде түнімен су көреді. Ішіп жатыр, ішіп жатыр. Таң ертең ұстазына су көргенін айтады. Ұстазы "міне дәл осылай Пайғамбарға шөлдесең көресің" дейді.

Тағы бір белгісі мынау. Бірде Имам Мәлік мешітте уағыз айтып жатады. Уағыз Алла елшісі алайһис-сәләм жайлы еді. Уағыз бітіп мінберден түскенде қасындағы шәкірттеріне уағыз айтып жатқанда шаян шағып алғанын айтады. Сонда шәкірттері:

- Ұстаз! Шаян шағып алғанның тым болмаса түр-түсі өзгереді. Сізден ондай ешбір белгі көрмедік қой дейді. Имам Мәлік:

- Алла елшісі алайһис-сәләм жайлы сөз қозғап тұрғанда оқыс қылық жасаудан ұялдым – деп жауап береді.

Міне шәкіртім, сүйіспеншіліктің нақ белгісі осы. Сол имамдарды кейіннен талай мұнапық шаяндар шағып дінге күйе жақтырмақ болды. Бірақ олар қашанда сабыр сақтап, әдептіліктен аттамады.

0 пікір