Адалдық
Адалдық
07.04.2015 10:43
5670
0
Мұхитдин Исаұлы

Иә, ел жатып қалғалы қашан. Қақпа алдына шығып айқайлап айтсам да әлде біреудің тыңдамақ тұрмақ оянбасы да белгілі. Тек осы ауылдың иттері ғана үріп иесіне деген өздерінің адалдығын танытқаны болмаса. Ешкім сөзімді естімесі айдан анық болса да ескі әдетіме көшіп әңгімеге басталық. Иә, әңгіме адалдық жайлы болмақ.

Адалдық, опашылдық адамның бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Өмірде кейде мұндай қасиеттер жаман мінезді адамдардан да кездесіп жатады. Мысалы біреу әлдебір күнә жасайды. Алайда оның күнә екенін білсе де айыға алмайды. Тәубе етеді, қайта жасайды. Осылайша Алладан жарлық келгенге дейін сенделіп жүреді де қояды. Оны атам қазақ: «Е, байқұсқа Алла ынсап бермеген соң қайтсін, осы жүргені жүрген» дейді. Әйткенмен ол пенде Аллаға деген адалдығы мен опашылдығын танытар болса әрине Құдай Тағала көмектесер еді. 

Ілгері бір заманда осындай күнаһар бір адам болған. Өзі шарапқа құмар маскүнем еді. Ел оған қанша айтса да қоямын дейтін де ертеңіне қайта бастайтын. Жұрт одан безер болған еді. Күндердің бір күнінде тағы да шарапқа тойып толқын ұрған қайықтай теңселіп келе жатады. Күн да ұяла батып ымырт жамыла бастаған шақ еді. Бір кезде бұлдырап келе жатқан көзі жерде жатқан әлде бір қағазға көзі түседі. Қағаз бетіндегі жазу бұған таныстай көрінді. «Иә, таныс сөз, таныс қой маған». Бір жапырақ қағазды көтеріп қараса бетінде үлкен әріптермен «Алла» деп жазылған екен. Есін жия алмай келе жатқан ол бірден есін жиғандай қағазға бір жан жағына бір қарайды. Қағаз беті шаң тозаң еді. Әлгі мас тілі әрең күрмеліп: «Я, Алла! Өзім қанша күнә батсам да сенің ұлы есіміңді бұлайша жерге тастай алмаймын. Шаң тозаң ете алмаймын» деп қағазды жеңімен сүртіп тазалайды. Теңселе үйіне әрең жетіп әлгі қағазды төріне іліп қояды. Сол түні әлгі адам бір ғажайып түс көреді. Түсінде: «Сен Алланың есімін тазалап, шаң жерден алсаң Алла де сені күнәдан тазалады. Сен оның есімін төріңе ілсең Ол да сенің мәртебеңді жоғарыға көтерді» деген дауыс естиді. Ол таңертең оянғанда мүлде басқа адам болып оянады. Осы күнге дейінгі ғұмыры бұныкі емес секілді. Бір түнде әулиелік шыңға жеткен еді. Сол әулие содан кейінгі өмірінде салихалы ғұмыр кешіп халықты тәрбиелеп өмірден өтеді.

Иә, солай. Құдай Тағала өзіне сәл ғана адалдық танытқандарды далаға тастамайды. Өйткені Алланың бір сипаты "әл-Уафи" Опашылдық еді. Біз кейде өзімізді қатты бір рет ренжіткен адамды екінші қайта дос ете алмай жатамыз. Ал Хақ Тағала? Өзіне қаншама қарсы шығып күпірлік етіп бір күні қайта шынайы тәубаға келсе кешіруге, дос болуға әзір тұрады. Біз пенделер солай бола алмай жатамыз. Соның бірі мен едім. 

Менің туып өскен аулым Отырар төбенің маңайындағы ауылдардың бірі еді. Қысы қатаң болмаса да ызғарлы жел қара суық, жазы бітпейтін арыстанның желі еді. Сол бір бітпейтін желмен алысып әрлі берлі ауылдың жанынан тоқтаусыз арсылдап гүрсілдеп пойыз біз білмейтін әлде жаққа кете баратын. Үйде бір мысық пен итіміз болатын. Мысығымыз бір күні көп бала туды. Бір күні ағам екеуміз әжемнің бұйрығымен марғауларымен қосып қапқа салып байлап жүк пойызға салып жібердік. Құтылдық деп бір бірімізге қарасақ та пойыздың артынан жоғалғанға дейін қарап тұрдық. Ішімізде әлде бір жасырын қимастық сезім тұла бойды тулатып жас болып іркіліп тұрды.

Содан аттай бір ай өткенде әлгі мысығымыз марғау балаларын ертіп үйге қайтып келді. Әбден қажыған. Бірақ бәрі дін аман. Сол кездегі іштегі жасырын қуанышты көрсеңіз. Әрине біз адалдық таныта алмадық. Балаларын ауылға таратып жібердік. Мысық ананың өзі ғана қалды. Кейде астың қалдығын тастағанда қорадағы ит екеуі таласып қалатын. Әрине ит пен мысық тату болмас. Заман өтіп бір күні біз қалаға түбегейлі көшетін болдық. Молда атам ауылдың хат газетін тарататын. Атын ерттеп мініп сонау совхоздан таситын. Ол сонда кетіп қалды. Сонда жатып айдың аяғына дейін ауылға келіп кетіп тұратын болды. Ал біз көлікке барлық жүк пен аздаған малды тиедік. Тек көлікке баяғы итіміз бен мысық симай қалды. Қалаға керек емес деп шешіпті. Ол екеуі осыны сезді ме айналсоқтап кетпей қойды. Иттің қыңсылғаны мен мысықтың мияулағаны әлі күнге дейін құлағымда тұрғандай. Ауылдағы достарым естелікке асықтарын, сақаларын әкеліп беріп жатты. Ал итім мен мысығымның беретін ештеңелері жоқ еді. Біз көшкенде мен жүк көліктің артында едім. Ит көпке дейін бұрқыраған шаң арасында жүгіріп бірте бірте ақ шаңға көміліп қалып қойды. Аздан соң ит тұрмақ ауыл да шаңға көмілген еді. Әрине ағамыз екеуіміз іштей түсінісіп бір бірімізге қарап жүкпен бірге теңселіп кете бардық. Бір жағынан ауылға деген қимастық, екінші жағынан...

Бір айдан соң астындағы қанша жыл мінген атын сойып етін арқалап қалаға молда атам келді. Аттың сойылғанын естігенде тағы да көңілім қуарды. Сәби кезде еңбектеп астында жүрсек та бізді теппейтін еді. Жалынын талай тарайтын едік. Бір шелек суды мықшыңдап әрең апарып ішінде болмашы бір тал болса оқыранып ішпей қоятын. Үй іші жесе де апам қанша ұрысса да ағам екеуіміз етін жемей қойдық. Ал әлгі ит пен мысықты сол күйі көшкен жұртта қалыпты. Бірақ атам сөз арасында соларға қатысты көргенін айтып қалды. Көргені былай болған еді. 

Молда атам біз кеткен соң совхозға аттанып кетеді. Сол жақта бір апта он күндей жатып қалады. Ақыры бір күні жиналған ауылдың хат пен газетін қоржынға салып атын қамшылап сары даланы шаңдатып келе жатады. Атам кеп қалар деп біз талай там төбесіне шығып қарайлайтынбыз. Төбесі ұзақтан қарайғанда жүгіріп алдынан шығатынбыз. Қызыл алма, керзі етік тәрізді сыйлық әкелетін. Шамасы молда атам ауылдың төбесі көрінгенде «кешегі немерелерім алдымнан шығатын еді, енді олар қайда, мен қайда» деген де шығар. Осындай оймен келе жатқан. Ауылға бір екі шақырымдай жер қалған. Әне ауылдың ұзақтан менмұндалап биік құбыры көріне бастады. Әне біздің үй, қоржын там. Бір кезде не көрсін! Алдынан немерелері емес үйдегі баяғы қалып кеткен ит пен мысық шығады. Бір екі шақырым жол жүріп алдынан шыққан. Екеуі бірге, бұрынғыдай талас жоқ. Бір бірін сүйемелдеп, бір бірін жетекке алған. Атам көргенін аяқтап: «Е, жарықтық! Ит пен мысықта да осындай адалдық болады екен ау! Алып келгенде болар ма еді?!» деп бір күрсініп алды. Бірақ оны молда атам (анасы) әжемізге айтуға бата алмады...

Иә, мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Алланың адалдығы, пенденің қараңдығы. Өзімізге сонша адалдық танытса да біз сол ит пен мысыққа адалдық таныта алмадық. Пендешілік еттік. Бізді иесі санап артымызда қанша жүгірсе де біз оларды айдалаға тастап кеттік. Ал Алла Құран кітабында өзінің діні үшін қашқан жеті әулиесіне адалдық танытып солармен бірге жүргені үшін Қитмир деген итті жұмаққа кіргізетінін айтады. Ит екеш иттің пейілін осылай бағаласа ардақ етіп жаратқан пендесі Өзіне жақын болуға ниет білдірсе, артынан жүгірсе күнә жасады екен деп күн ертең мақшарда айдалаға тастап кете ме? Өлсе тірілтпей осы жер деген көшкен жұртқа тастап кете ме? Рақым ет деп құзырына барсақ теріс айнала ма? Жоқ, әрине. Ол бізді қанша күнәһар болсақ та жан алқымға келгенге дейін тәубаға, кәлимаға келуді күтеді. Өзін іздеуді, Өзіне дос болуды күтеді. Бірақ көп пенделер сөйте тұра Одан қашады. Оны іздеп мешіттерге бармайды. Қағбаға бармайды, жетім мен жесірге бармайды. Оны іздеп науқас пен жарлыға бармайды. Казиноға қашады, біреуді қызғануға қашады, өсекке, жала пәле жабуға қашады. Біреуді жаншып өсуге, мансапқа қашады. Намазды тастап, нәпсіқұмарлыққа қашады. Өзі мұсылман, жүрегі ақыретті қалайды. Алайда санасы дүниені қалайды. Иә, солардың бірі мен әрине. Адалдық қайда, опашылдық қайда? Уәссәләм. 

Қой үйге қайтайын. Біреу-міреу оянып кетсе «мына молда жынданып айкезбе болыпты» деп жүрер.

 

Ұқсас материалдар

"Ал, қане "дәмнен" алыңыз!..

Алланың рақым таңы

«Ал жүрегім «Алла» деп соқса не болар еді?..»

Адалдық

Режеп айы

0 пікір