Бүгінгі қоғамдағы уахабистер салған ылаң: «амал мен иман» тартысы
Бүгінгі қоғамдағы уахабистер салған ылаң:  «амал мен иман» тартысы
21.09.2016 15:55
897
0

Біз қазақ мұсылмандары өзге де түркі халықтары секілді діни танымда Имам Матуриди ақидасындамыз. Ақида немесе діни таным өте маңызды. Себебі діни таным біздің ұлттық, өркениеттік болмысымыздың мәні, өзегі. Діни таным, адамға оны қоршаған мәдениет қабаттарының барлық құндылықтарына діни сана ретінде фитра, милли ерекшелік, дүниетаным, әдет, салт, құқық, мораль, болмыс ретінде нақтылану мен айқындалуды, «МЕН» ретінде қалыптастырады. Қазір кейбір қазақтар бұқаралық ақпаратта, әлеуметтік желілерде осы «Мен» деген болмыстың мазмұны болған Матуриди ақидасы мен діни тәжірибемізді мансұқтап ашықтан ашық наразылықтарын айтатын хәлге жеттік. Матуриди ақидасы ахли суннадан емес, бидғат пен ширкті көріктейтін таным деп пәтуа беруде.
Сондықтан, Матуридидің ақидасының негізгі тақырыптық желісі туралы қысқаша талдауды жөн көрдім. Сонымен Матуриди калам ғылымы тұрғысынан иман мен амал және үлкен күнә туралы не дейді?
Үлкен күнә туралы. Мұсылман адам өзінің істеген үлкен күнәсі себепті иманнан шықпайды да куфрге кірмейді. Бұл жерде Матуриди иман мен ислам тақырыптарын бөлек қарастырады. Мумин мен муслим арасында айырмашылық бар. Сондықтан үлкен күнә жасаған адам бұл пәниде шынайы мумин болып табылады. Бірақ ол адам өзінің амалына қарай яғни істеген үлкен күнәсіне қарай фасық, яғни арсыз, ахлақсыз мумин болғаны. Осы амалы арқылы ол жазасын тартады. Мұндай адамның ақыреттегі хәлі Алланың қалауындағы мәселе. Алла қаласа оны кешіреді, қаласа жазаландырады. Ұстаным осы. Сондықтан қасыңдағы бауырыңа оның амалына намаз оқымадың, ораза ұстамадың ..т.б. қарап кәпір болдың, кәпірсің деудің өзі күнә. Ол жағын Аллаға қалдырып, өзіңнің хәліңе қарағаның ең абзалы. Сосын мен осы амалды толық дұрыс жасадым деп үмітке беріліп, сауап санап кету де ол менмендікке апарады. Сосын мына амалды бұрыс жасадым деп үрейге беріліп, қорқып өмір сүру де адамдық менді жояды. Исламда (ифрат пен тафрит ) екі жағалау, бір орта бар, осы психологиялық қайшы жақтар, ақыл мен нақылды түсіндіруде диалектикаға апарып соғады. Сондықтан мұсылман хәлі диалектика емес тұтастыққа, яғни тек үміт немесе тек қорқу ғана емес, (Абайша айтқанда ақыл мен жан, Мен өзім) екеуін тұтас, үміт пен қорқу арасында, ешбір жағалауда қалып қоймай өзін бақылауды үйренгені абзал.Себебі адамның ішкі сыры ол иман оны Алладан басқа ешкім біле алмайды.

Сондықтан Матуриди амал мен иманды ажыратып түсіндіреді. Амал иманның бөлінбес бөлшегі емес, амал иманнан тыс парыз. Біз Матуриди танымындағы мұсылмандар «әл хамду лиллахи мұсылман» деп толық, күмән күдіксіз тілмен айтамыз. Инша аллах мұсылманмын деу басқа ұстаным. Сондықтан иманға да шартсыз, күдіксіз қараймыз. Шынайы муминмін деп шексіз, шүбәсіз айтамыз. Яғни жүректің беріктігі мен ықтиярын, тілмен жеткіземіз. Матуриди танымы сондықтан муминнің иман етуі таухидтен, тәсілім болуын исламның шеңберінде қарастырады. Амал иманның бөлінбес бөлшегі болмағандықтан, амал істеу арқылы иман артпайды, амалды тәрк етумен де немесе күнә істеумен де иман кемімейді. Яғни иман адамның Алламен қатынасын анықтайды. Амал болса, адамның қалауы мен еркіне, таңдауына қатысты мәселе. Тәсілім, жауапкершілік қуатына қарай күнәхар болса, жазасын тартады, бірақ, жауапкершілігін елемей немесе қашса, күнаға біліп, «туғиан психологиясымен» асылықпен барса, сөз басқа, иманынан айрылады. Мұнан тыс, иман мәселесінде, Матуридиде, барша мұсылман, мумин имандарында өзара тең, бірінің иманы басқасынан артық не кем деген салыстыру жоқ. Мәселе ниетте, яғни амалда ғана. Сондықтан осы екіараны дұрыс түсініп алсақ, барша мұсылман мумин, барша мумин де мұсылман болып шығады. Матуриди танымында Алламен қорқыту жоқ, онда махаббат, рақым, мейірімге бағыттау бар. Мысалы Алла өзінің аяттарында игілік, жақсылық жасағандарды жұмағымен мукафаттауға сөз берсе, ол сөзсіз орындалады. Ал егер жамандық, куфр жасағандарды тозағымен азаптаймын десе, өзінің рахметі мен аяушылығы негізінде кешірім жасауы бек мүмкін дейді.

Матуридиде амал мен иман қатынасындағы ең басты өлшем ол рухтың ақиқатына барып тіреледі. Рух Алладан келген жаухар. Амал иман емес. Сондықтан амал иманның мазмұны емес. Бірақ амал иманның нәтижесі дегенмен, мәнінде екеуі екі бөлек. Сондықтан Матуриди амалдарды парыз ретінде қабылдау, сенуді басқа мәселе, ал парыз екенін біле тұра орындамауды басқа мәселе ретінде қабылдайды. Мысалы парыздарға сенбегендер кафир, ал парыздарға сеніп, яғни иман етіп, бірақ орындамағандарды күнәхар мумин ретінде анықтаған. Бұл мәселеге Матуриди дін және шариғат арасындағы өлшемдерді де қосады. Екеуі екі бөлек танымдық мәселе. Мысалы намаз, ораза, зекет, қажылық амалдары иманның емес, исламның ұстанымдары, принциптері. Мұны да Құрандағы «иман етушілер мен салих амал жасаушылар» арасына ажыратып көрсеткен аяттармен негіздейді.

Шындығында амалдар иманға қатысты болса, пайғамбарлар да, барлық тағаттарын толық орындай алмағандықтары себепті, ешкімнің иманы кемел болмас еді. Сол сияқты, бір ғана күнә істеген адамның да иманы толық болмай қалады. Иман деген уәжіп амалдарды орындау, харамнан қашу болса, ешкім шынайы мумин екендігін айта алмайтын еді. Сондықтан Матуриди бойынша, исламға кірудің шарты, амал емес, Алланы тасдық, бекіту, тану.
Адамдар парыз амалдарын тәрк ету арқылы мумин сипатынан айрылмайды. Бірақ тасдықы мен бекітуден кетсе, иман сипатынан айрылады. Бұл жерде Матуриди теория мен практика қатынасындағы реттілікті де негізге алады. Муминдердің иман сипаты амалдан бұрын болуы деп түсіндіреді. Яғни мумин, Алланы тану, сену, қабылдау содан кейін барып муслим сатысы келеді. Осы жерде адамдардың парыздарды орындауы олардың иман етулерінен туындайды, болмаса, имандары парыз амалдарды орындаудан туындамайды. Бұл жерде Матуридидің адамдағы ақыл мен еріктің, қалау мен ниеттің, дүние мен ақыреттің, сынақ пен жауапкершіліктің ара жігін көрсетуге деген әрекетін көреміз. Адам Алланы тасдикта өзара тең, иманы тең, бірақ амалда тең емес. Иман Алланың алдындағы адам жауапкершілігін арттыратын қуат. Кеше кеңес өкіметі кезінде қанша жерден сол иман, жауапкершілік болғанменен, истата, яғни мүмкіндік берілмегендіктен, амалдарға орын берілмеді. Бірақ кеңес идеологиясы, адамдардың иманына ықпал ете алмады. Ішанара аксиологиялық шабуылдамен діни санаға сызат түсіргені болмаса. Сол сияқты амал мен иман айырмасына Матуриди, кедей адамның зекет беруі (парыз амал) міндет емес, бірақ, зекеттің парыз екендігіне иман етуі шарт екендігін алға тартады. Қысқасы бүгін қоғамда салафилік идеологиямен уланғандар, Матуридидің амал мен иман арасын ажыратып көрсетуін ширк, бидғат деп, одан да тереңірек «ахли сунна» қатарынан шығарып үлгерген неомуфтилер шығып жатыр. Айтарым, Матуридидің амалды иманнан бөлек көрсетуі, амалды тәрк ету деген сөз емес. Бұл адам санасы мен илахи сынақ үшін де, адамдық ерік пен Алланың әділеттілік сипаты арасындағы ортақ сұхбатты паш ету үшін де шарт болатын. Матуридидің осы ұстанымы бүгінгі зайырлы ел ұстанымына да жауап беретін адамды, адамдық өлшемнен ажыратпайтын ең басты платформа. Матуридидің бұл жердегі негізгі мақсаты «мұсылман болудың ең төменгі шартының амал емес, иман екендігін көрсету арқылы, үлкен күнә істегендерді такфирлікпен күстаналау науқанына» қарсылық деп түсінемін. Сондықтан, біздің ақидамыз бойынша, иман амалдың себебі, ал амал иманның қалыптасуының себебі емес. Өйткені, салдар себептің орнын баса алмайды.

Дереккөзі: автордың фэйсбуктегі

 парақшасынан алынды

0 пікір