Әбу Ханифаның түр-тұлғасы мен ерекше сипаттары
Әбу Ханифаның түр-тұлғасы мен ерекше сипаттары
06.04.2015 12:39
3268
0
www.muftyat.kz
Алау ӘДІЛБАЕВ, теолог, PhD доктор

Әбу Ханифа сапалы матадан тігілген киім киетін. Әрдайым әтір қолданатын. Алланың таза әрі адал еткен ризықтарын пайдаланатын.

Әбу Ханифа көрген кісінің көзі тойғандай көрікті, ұстамды, киген киімі жарасымды, әр ісінде ұқыпты болатын. Басынан қара түсті «қалансуасын» [1] тастамайтын. Бірде Куфа қаласында Әбу Ханифаның киім киісі мен үстінен аңқыған әтірдің хош иісінен көңілі жадыраған Ибн Мұғир: «Куфа мешітінде адамдарға пәтуә беріп отырған, басында қалансуасы бар шейхті көріп, айналамдағылардан «Бұл кім?» деп сұрадым. Олар: «Имам Әбу Ханифа» деп жауап қатты. Мен Әбу Ханифаны осылай таныған едім», – дейді.

Әбу Ханифа сапалы матадан тігілген киім киетін. Әрдайым әтір қолданатын. Аллаһтың таза әрі адал еткен ризықтарын пайдаланатын. Ол достарының да жақсы киінгенін қалайтын. Адамның өңін ашатын сапалы сәнді киім таңдауына көмектесетін. Намаз оқитын кезде Алланың құзырында тұрғанын терең сезініп, әрдайым ең әдемі киімдерін киіп, жұпар аңқыған иіссу себетін.

Баласы Хаммад әкесін былайша сипаттайды: «Әкемнің түр-тұлғасы келіскен сымбатты, үстінен хош иіс аңқып тұратын. Оның келе жатқанын алдымен үстіне сепкен әтірдің иісінен сезуші едік», – дейді.  Әбу Ханифа Алла алдында да, адам алдында да адал еді. Бір кісідей жомарт, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Алда-жалда қолына ақша түсе қалса, алдымен білім жолында жүрген кедей шәкірттерінің  барлық қажеттіліктерін өтеуге тырысатын. Бір күні шәкірттерінің бірі: «Ұстаз, бұлай киінуіңіздің сыры неде?» – деп сұрайды. Сонда Имам Ағзам: «Барлығы маған қарап білімге талпынсын деп жақсы киінемін, әйтпесе, бұл  мені күнәға жетелер жүк емес пе?», – деген екен.

Бір күні Әбу Ханифа үсті-басы алқам-салқам біреуді көреді. Оның қолына мың дирхам ақша беріп тұрып: «Үсті-басыңды дұрыста, жөні түзу киім ал» деп құлағына сыбырлайды. Бірақ, әлгі адам: «Маған бұл ақшаның қажеті жоқ, мен онсыз да баймын» деп ақшаны алмай қояды. Сонда Әбу Ханифа: «Сен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла берген нығметін құлының бойынан көргісі келеді»[2] дегенін естімеп пе едің?» деп таза, жинақы киініп, халыққа үлгі болардай мұсылман болуға насихаттаған.

Аңқылдаған ақ көңіл еді. Аз сөйлейтін, аз күлетін, көп ойланатын. Сөйлескенде орта жолды ұстанатын. Өзіне сауал тастамайынша, тіл қатпайтын. Әрбір істі тиянақты істейтін. Біреулермен пікір таластыра қалса, қарсыласы оған ауыр сөздер айтса да, сабырлы қалпынан айнымайтын.  Бір күні халифа Харун әр-Рашид жанындағылардың Әбу Ханифаны сөз етіп отырғандарын естіп: «Алла Әбу Ханифаға мейірімін төксін. Басқаларының көздерімен көре алмағандарын ол ақыл көзімен көреді»[3] – деп Әбу Ханифаға лайықты  бағасын берген-ді. 

Әбу Ханифаның дәулетті болуы да оның өмірінде маңызды рөл атқарған. Дін мен білім жолында шәкірттерінің басына қандай да бір іс түссе ешқашан аянып қалмайтын. Шәкірті имам Мұхаммед осы Әбу Ханифаның мектебінен тәлім алып, кейіннен әйгілі ғалым, мүжтәхид болды емес пе? Алланың берген байлығын дін жолында жұмсап, білімнің мәртебесін үстем еткен ғалымдардың бірі еді.

Әбу Ханифа тақуалықты ту етіп өмір сүрді. Мұхаммед ибн Хаммад ибн Мүбәрак «Әбу Ханифаның өмірбаяны» атты кітабында Иазид ибн Кумайттың мына бір әңгімесін келтірген: «Әбу Ханифаға бір кісі келіп: «Алладан қорық!» дейді. Сол-ақ екен, Әбу Ханифаның өңі боп-боз болып кетеді. Жел өтінде қалған күзгі жапырақтай қалтырап үнсіз тұрады да: «Алла саған разы болсын. Бұл сөз адамдарды қалай тәубесіне келтіретінін білсең ғой!» деп ризашылығын білдіріп, рахметін айтқан екен».

Әбу Ханифа таза мұсылман отбасынан тәрбие алған. Кішкентай кезінен Құран жаттап өскен. Бұрын-соңды өткен мұсылмандардың арасында Құранды ең көп оқығандардың бірі десек, қателеспеген болар едік. Кейбір адамдардан бұл кісінің ораза айында Құранды алпыс рет  хатым еткені риуаят етіледі[4].

Өзіне ұсынылған қазылық пен қазына басшылығын қабылдамауының негізгі себебі де осы терең тақуалығынан туындаған-ды. Өйткені, басшылардың заңсыз әрекеттерін көріп, оған көз жұма алмады. Ақиретте берілетін жазадан гөрі, осы дүниенің жазасын артық санап, ақыры жәбір-жапаның нәтижесінде шейіттіктің шәрбатын ішкен-ді.

Мінезі өте жұмсақ болатын.  Иазид ибн Харун былай дейді: «Әбу Ханифадан асқан биязы адамды көрмедім. Мыңдаған ғалымнан білім алдым, ілім үйрендім. Аллаһтың атымен ант етейін, Әбу Ханифадан асқан тақуа, тілін жамандықтан қорғай алған ешкімді көрмедім».

Ахмет ибн Мансұрдан естігенін Абдур Раззақ былай деп әңгімелейді: «Әбу Ханифа өте жұмсақ мінезді адам еді. Бірде мешітте бірге отырған едік. Бір адам келіп әлдебір мәселе жайында Әбу Ханифадан пәтуә сұрайды. Әбу Ханифа оған түсіндіріп береді. Сонда әлгі адам: «Хасан Басри былай деген еді» деп, Хасан Басридің көзқарасын айта жөнеледі. Сонда Әбу Ханифа: «Хасан Басри бұл жерде қателесті» дейді. Осы оқиғадан кейін көп өтпей Әбу Ханифаға бір адам келіп: «Әй, пәленшенің баласы, Хасан қателесті деп жүрген сен бе?» деп ай-шайға қарамай айқайға басады. Сонда Әбу Ханифа сабырлы қалпын сақтай отырып: «Хасан Басри қателесті, ал Ибн Мәсғуд дөп басты» деп әлгі кісінің сұрап келген мәселесін дәлелдерімен, тәптіштеп түсіндіріп береді. Иә, Әбу Ханифа көзі өткір зергердей ғалымдардың көзқарастарын салыстыра отырып, дұрыс шешім қабылдай алатын, талғамы биік, тағлымы мол ғалым еді.

[1]  Бас киім, тақия
[2]  Бағдади, «Тарихул-Бағдат», 13-т., 361-б.
[3]  Курт, Ауни, «Имам Ағзам Әбу Ханифа хайаты», Анкара, 32-б.
[4]  әз-Зәхәби, «Манақиб», 22-б.

 

Ұқсас материалдар

Имам Ағзам Әбу Ханифаның түр-тұлғасы мен ерекше сипаттары

Әбу Ханифаның зеректігі

Әбу Ханифаның тағылымды өсиеттері

0 пікір