Ысырапшылдық мұсылман жолы емес
Ысырапшылдық мұсылман жолы емес
29.05.2018 09:14
2704
0

Қазақта ғасырлар тезінен өткен, тірі адамның да, марқұмның да пайдасы, мүддесі үшін жасалатын, ұрпақ үшін тәрбиелік өнегесі бар салт-дәстүр жақсы қалыптасқан. Өкініштісі, соңғы уақытта торқалы той мен топырақты өлімнің ара-жігін ажырата алмайтын халге жеттік. Ысырапшылдық, мұсылманға жат әрекеттер жиі кездесуде. Көпшіліктің көкейіндегі осы мәселелер төңірегінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілі, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлымен сұхбаттастық. 

 

- Қасиетті Ораза айындағы тілек-дұға, ниет қабыл болсын! Жолдас Қоспақұлы, жалпы, қазіргі уақытта мұсылман баласына тән, имандылық жолымен атқарылатын істерде көпшіліктің наразылығын тудыраттар жайттар жиі кездеседі. Мәселен, жақында көпшілікке белгілі бір адам дүниеден көшкенде қонақасына 250-300-дей адам жиналып, балалары дәмхана жалдады, жерлеуден кейін 700-800-дей адамға ас берілді, шапан, тақия, орамал, т.б. таратылды. Жалпы, кісісі өлген қаралы үйдің осыншалық деңгейде шашылып, шабылуы дұрыс па? Бұл жайлы шариғат не дейді?

- Дұрыс сауал. Расында кейбір жағдайы жақсы азаматтар марқұмның қонақасын, т.б. дастарқан мәзірін шектен асырып жасайды, «итің жаман» десе намыстанып шыға келетін қазақ, «біз пәленшекеңдерден кембіз бе?» деп одан да асырудың жолын іздейді, шамасы келмесе, несие алады. Иә, жаңа өзіңіз айтып өткендей, біздің жақта 250-300-дей адамға қонақасы беру, жаназа асы, үші, жетісі, қырқы, жылы, зират көтеру, қырқына дейін тағы дастарқан үзілмей кісі күту, тақия, орамал, шапан тарату деген бар. Мұның бәрі - қыруар ақша. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп Абай ақын айтқандай, кісісі өлген отбасы жоқтау айтып, қайғыруға мұршасы да болмай, мал, тамақ іздеп, келгендерді асқа қалай тойғызам деп есі шығатын күйге жеттік. Бүгінгі таңда қай ел болмасын етек-жеңін жиып, қиындықтан шығу, ысырапқа жол бермеу, шығынды орнымен шығару сияқты әртүрлі жолын қарастыруда. Ал біз әлі сол дарқандық дейтін ойсыз, уайымсыз қалпымыздан шыға алмай жүрміз. Шашылуға бейім тұрамыз, бірақ дәл осы жерде одағайлық жасайтынымызды ойланбаймыз. Мәселен,  қонақасы туралы айтайық. Қонақасы – қонаққа арналған дәм, мәзір. Яғни, кісі өлгенде алыстан келген ағайындарға жайылатын дастарқан. Бірақ бүгінде бұл дастарқанға ауыл адамдары, көрші-қолаң мен келем деушілердің бәрі қатысатын болған. Шынында қазір қаралы үйге көңіл айтып келетіндер жұбатушы емес, қонақ сияқты болып келетін жайлар жиі кездесіп отыр.

Ажал айтып келмейді, өмір қандай ақиқат болса, өлім де хақ. О дүниелік болған адамды мәңгілік мекеніне құрметтеп шығарып салу - отбасының, ағайынның парызы. Енді «Осы міндет қалай атқарылып жатыр деген?» сұраққа келсек, кей жерлерде қазіргі күні той мен өліктің дастарқанының айырмашылығы болмай қалды.

Шариғат бойынша, адамы өліп, қаралы болған үйге салмақ салмау мақсатында ағайын-туысы немесе көршілері дастарқан жасауы мұстахап амал болып табылады. Жағфар (р.а.) бақиға аттанғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жағфардың отбасына тамақ апарыңдыр. Жанұясының басына іс түсті (жаназа істері мен уайым)» - деген. Қаралы үйдің тұрмысы ауыр болса, олардың қарызға батып ас беруі дұрыс емес. Мүмкіндігінше ол үйден ас шығартпау керек. Өздері жақындарынан айырылып, қайғырып отырған үй иелеріне ас дайындатып, қонақ күткізіп қойған  дұрыс емес. 

Соңғы жылдары облысымыздағы мешіт имамдары, дін жанашырлары, қадірлі ақсақалдардың ақыл-кеңесі, солардың қолдауымен дүниеден өткен адамның артын күту «жабдық өткізудегі» ас мәзірі ұсынылған болатын. Осы арқылы бұл мәселе ретке келіп, жабдықтағы ысырапшылық біршама саябырсыды. Облысымыздың барлық өңірінде дерлік осындай мәзір бірауыздан қабылданып, белгіленген тәртіп бойынша атқарылуда.

- Иә, бұл дер кезінде қолға алынған сәтті іс болды. Жалпы, кісісі қайтыс болған үйде ас дайындау, ас ішудің өзі медициналық тұрғыдан алғанда дұрыс емес қой.

- Ислам дінінің өзі осыған үндейді. Яғни, бұндай жағдайға жол берілмеуі тиіс. Кісі қайтыс болғанда оны жерлегенше үйде тамақ даярланбайды, дастарқан жайылмайды және дастарқанға  салаттар, жеміс-жидек, сусындар қойылмайды. Бұл тәртіпті біз енгіздік. Халық бұған келісті, мейлі үйде, мейлі мейрамханада болсын осы ережені ұстап келеміз.

- Мәйітті жерлеу рәсімі кезінде оқылатын Құран алынып тасталды. Бұл қандай себеппен жасалды? Біреулер мәйітті үйден алып шыққанда оқылатын Құран, жаназа Намаз марқұмның көзі тірісінде оқымаған Құран, Намазы, бермеген садақа-пітірі үшін, солардың орнын толтыру үшін жасалатын еді дейді...

- Біз бұл жерде ең бірінші Құранға сосын сүннетке бағынамыз. Сүннет деген – пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) іс-әрекеті. Пайғамбарымыз көзінің тірісінде жерлеуге, басқа да амалдарға қатысқан. Сонда Пайғамбар мәйіттің жамбасы қара жерге тигенше Құран оқымайтын, оқытпайтын болған. Ал біздің адамдарымыз Дәлел шығарамыз, Құран оқытамыз деп Құран мен Жаназа намазды араластырып жіберді. Мәйіт шығарылған кезде тек Жаназа намазы ғана оқылады. Бұл мұфтият бекіткен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітапта баяндалған. Зират басында мәйіт жерленгеннен кейін ғана Құран оқылады. 

- Қазір күнде, үші, жетісі, қырқы, жылында, кей үйлер 700-800 шелпекке дейін пісіреді. Сондай-ақ садақаға деп әйелдерге орамал, ерлерге тақия, шапан таратылады. Ол әр жерде қалады. Оған жұмсалатын қаражатты неге балалар, қарттар үйіне, жетім-жесірлерге, хоспистерге бермейміз? Осы мәселе қолға алынса дейді көпшілік.

- Менің байқағаным, көпшілік ысырап-шылдыққа қарсы. Бірақ бәрібір «ел не дейді?» деп қымсынады. Астындағы соңғы атын сойса да, халқымыз торқалы той мен топырақты өлімнен қалмайды. Әр нәрсенің шегі мен шеті болатыны секілді той мен жаназаның өзіндік ерекшелігіне, орындалу барысына, атқарылуына сәйкес айырмашылықтары болу керек. Алайда соңғы уақыттары қуаныш пен қайғыда жүзеге асатын қос рәсімде бірқатар ұқсастықтар байқалып жүр. Тіпті, «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген пәлсапалық сөз бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің негізіне айналған.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырып, орынсыз шығындарды Алла Тағаланың жақсы көрмейтінін айтумен келеді. Той-томалақты былай қойғанда, бүгінде өлік жөнелтудің өзі де шаш-етектен ысырап болып тұр. Осы орайда, дүние мәселесін ысырып қылғанша, орынсыз шығындар жөніндегі ақыреттегі сұрауды ойлау керек деген ақыл айтар едім. Діни басқарма даярлаған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында Ғұламалар кеңесі бекіткен пәтуалар жинақталған. Көпшілікке таныстырылған жаңа еңбек ел аумағындағы сан ғасырлық жерлеу ғұрыптарын ескеріп, шариғат талаптары арқылы жаназа рәсімінің ортақ тәртібін ұсынды. Бұл кітапты шығарудағы негізгі мақсат – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа жол бермеу, шариғатқа қайшы әдеттерге тосқауыл қою. Одан өзге жаңа жинақта респуб-лика бойынша ас беру кезіндегі ортақ дастарқан мәзірі бекітілген. Өйткені облыс, аудандар былай тұрсын, көрші жатқан ауылдарда қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салу әр түрлі екен.

Қазіргі уақытта дін мен салттың, міндет пен құрметтің арасында түсінбеушіліктердің салдарынан қабір жөнінде әр алуан пікірлер қалыптасуда. Әр адамның қайтыс болған жақындарының алдында міндеті бар екені даусыз. Ол – қазаға ұшыраған адамның қарыздары болса қайтарып, арулап ақтық сапарға шығарып салу. Мұны шариғат та, салтымыз да міндеттейді. Қазақта ағайынның басы торқалы той мен топырақты өлімде бірігеді дейді. Сол себепті, қайтыс болған адамның өмірдегі жақындары ештеңесін аямай ақтық сапарын ұйымдастырады. Осы шарада, әрине, қара жамылған жақындарына ақтық сапарды ұйымдастыруда белгілі бір нұсқау беру оңай емес. Дегенмен, қазіргі кездегі әлеуметтік жағдайдың өзгеруі, адамдардың деңгейлерінің әртүрлі болуы аталмыш мәселеде әртүрлі ұстанымдарға итермелеп отыр. Бұған азаматтардың діни талаптар мен қағидаттарды толық білмеуі, өліге жасалған құрмет қай бағытта болуы керектігіне мән бермеуі де әсер етіп отыр. Дәстүрлі қазақ қоғамында бертінге шейін,  мүрдені оңаша бөлмеге жатқызып, бергі жағына перде ұсталады. Сол жерде үлкен кісілер, үй иелері, туысқандары молданың қатысуымен кезекпен келіп отырып, шариғат уағыз, қайтыс болған кісі туралы жақсы естелік әңгімелер айтылып отыратын. Осы жағдай күндіз де, түнде де кісі жерленгенше жалғасатын. Бұл уақытта үйде тамақ пісірілмейді, ас ішілмейді. «Мүрде жатқан үйде даярланған ас адал болмайды» дейтін көнекөз қариялар.

 Жаназа шығарылып, мүрдені алып кеткен соң, бөлме жуылып, тамақ даярланады, дастарқан жайылады, одан бірінші болып, бейіттен келген сүйекшілер дәм татады, Құран оқылады. Қазақ дәстүрі бойынша  қаралы үйде тек жаназа намазы оқылып, қазан көрші үйлерде көтерілген. Қазір мұндай жағдайлар кездеспейді. Ең сорақысы, қазалы үйдің қазанын әңгіме ететіндер де кездеседі.

- Садақаны мешітке берген дұрыс па әлде мешіт алдындағы мүсәпірлерге берген сауап па?

- Асыл дініміз исламда садақа, зекет туралы тағылымдар мол кездеседі. Шариғат бойынша әл-ауқаты жоғары мұсылмандардың садақа беруі яки бермеуі өзінің еркіне қалдырылған. Алайда аят-хадистерде жоқ-жітік пен кедей-кепшікке қарайласудың сауабы мол екендігі айтылады.  Қазақ халқы садақа шығаруға аса мән берген. «Малым - жанымның садақасы, жаным - арымның садақасы» деген аталы сөз бар. Демек, малды жаным үшін, жанымды арым үшін құрбан етем деген бұл аталы сөздің астарында зор мағына жатыр. Бұған қарап ата-бабаларымыздың көзқарасының соншалықты берік болғандығын байқаймыз.

Тіпті бұрынғы малды, дәулетті байлардың өзі садақасына, зекетіне бір қора мал шығарып, талай адамды кедейліктен құтқаратын болған. Тарихта мұндай дәлелдер көптеп кездеседі. Бұл бабалар жомарттығының өлшемі болса керек. Садақа берер кезде тек қана Алланың разылығын көздеу, яғни ықыласты дұрыстау, сондай-ақ, садақа бергенін міндетсінбеу, мүмкіндігінше мұқтаждарға беру және берген соң қайтып алмау – садақа берудің әдептері. Осы әдептерді ұстану әркімнің сауабын еселей түседі. Садақа жасау туралы шариғат мәліметтері мынадай: садақаны қолы ашық, нәпсісі тізгіндеулі адам жасайды. Садақа сөзінде «бекіту» мағынасы бар. Қалтасынан садақа жасаған адам жүрегінде иманның бар екенін амалмен бекіткен болып саналады. Садақаны жасыру ықыластың дұрысталуын қамтамасыз етеді. Берген садақасын қайтып алу - шариғатта тыйым салынған лас әрі жиіркенішті амал. Тіпті, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Садақасын беріп, оны қайта алған адамның мысалы, құсып, құсығын қайта жеген ит секілді» – деген.

Ең маңызды садақа – өзің мұқтаж бола тұра өзіңнен де мұқтажырақ кісіге берген садақа. Кейде адам баласы садақаны атап айтқанда жаны қиналғанда, қандай да бір апат не қайғы-қасіретке тап болғанда, баласы ауырса немесе әлдебір сынақтың алдында беруді дұрыс көреді, алайда, бұл тек жаны қиналған адамның беретін қайырымдылығы емес. Жағдайымыз жақсы кезде де Алланы жиі еске алсақ, қиналғанда да Алла бізді соғұрлым тезірек есіне алып, жәрдем береді.  Садақаны мешітке берудің де сауабы мол, өйткені мешітті ұстап тұруға және басқа кісілерге көмек беруге мүмкіндік туады.

- Астана жақта ас бергенде тойдағыдай асаба басқаратын болыпты (Бізге де жетуі бек мүмкін). Мешітте, басқа да жерлердегі жаназа аста көпшілік шулап, әңгіме-дүкен құрып, астан кейін тойдан сарқыт алғандай қалған тағамды салып алатын әдет бар. Бір-екі үлкен бәйбішеден: «Бұл дұға оқылған ас, марқұмға сауабы тиеді, садақасы, сондықтан алу керек» дегенін естідім. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Кісі дүниеден қайтқанда бала-шағасы, артында қалған туыстары  о дүниеге абыроймен шығарып салуды ойлайды. Сондықтан көпшілікке діни талаптар мен қағидаттарды имамдардан сұрап біліңдер, өліге жасалған құрмет тек Алла ризашы-лығы үшін деген бағытта ғана болуы керек дегенді қайталап айтқым келеді. Қонақасы, мешітте жайылған дастарқан үстінде әңгіме-дүкен құру, дастарқаннан «сарқыт» әкету, қара жамылып отырған шаңырақтан  пайда көрем деу, оларды шығындау дұрыс емес. Керісінше, ондай отбасыға қол ұшын беру ләзім. Бүгінгі күні қайтыс болған адамды жерлеу рәсімімен айналысатын, арнайы салттық қызмет көрсететін  бюролар мен агенттіктердің ресми сайттары жұмыс істейді. Онда түрлі бейіттердің фотогалереялары, көрсетілетін қызметтің прайс-парақтары, тіпті, олардың қызметтеріне жүгінген адамдардың да түрлі пікірлері бар. Оларға қарасақ, қазіргі кезде өлудің өзі әжептеуір ақша, бейіттің өзі бизнеске айналды. Сіз айтқан асаба да - соның бір көрінісі.

- Жолдас қажы, қайсыбір жылы шетелден келген бір мұсылманның «Сіздерде тірілерден гөрі өлілер бақуат екен, зират тұрғызуға осыншама қаражат шығару деген ақылға сыймайды» дегенін естіп едік. Бізде зират көтеру ісі де бәсекеге айналып кетті...

- Ол рас. Зират көтеру бәсекеге айналды. Алайда, қайтыс болған адамды қара жерге тапсырған соң зиратын алтынмен аптасақ та,  бес қабатты күмбез тұрғызсақ та, бай да, жарлы да Алланың алдында тең екенін ұмытпауға тиіспіз. Шариғат бойынша Пайғамбарымыз қайтыс болған адамды жерлеу рәсімінде топырақ үюді түйенің өркешіндей ғана биік етуді ұсынған. Түйе өркешінің биіктігі дегеніміз – 2-3 жасар баланың түрегеп тұрғандағы биіктігі. Үйілген топырақ биіктігі сондай мөлшерде болуы тиіс. Сосын кейінгі ұрпақ үшін марқұмның кім екендігі жайлы тақта тасқа аты-жөнін жазып қоюды бұйырған.

- Кейбіреулер марқұмның суретін де салғызып қояды. Бұл дұрыс па?

- Жоқ. Бұл - шариғатқа қайшы жағдай. Зират басындағы құлпытасқа, аты-жөні жазылған белгіге қайтыс болған адамның суретін салғызу мүлдем дұрыс емес, ол - күнә. Қайталап айтайын, Алланың алдында кедей де, бай да бірдей. Оның тіршілігінде жасаған жақсылы-жаманды ісі, берген қайыр-садақасы, еккен ағашы, тұрғызған көпірі, т.с.с халықтың, ұрпақтарының игілігі үшін жасаған ісі таразыға тартылады. Бұл дүниедегі ұрпақтары, туыс-туғандары алтынмен аптап жасаған күмбезі о дүниедегі марқұмның күнәсін жеңілдетуге ешбір қатысы жоқ. Бұл тірілердің жарысы, жасаған ысырабы болып есептеледі. Марқұм иманды болсын деп тілесеңіз, Аланың рақымын, Пайғамбардың шапағатын сұрап, Құран оқып, дұға бағыштаңыз. Хадистің екі ұлы төресі бар дейді: оның бірі - Амалдың қабыл болуы, екіншісі – адамның ұрпағына берген тәрбиесі. Садақа берсеңіз, жарлы-жақыбайға дастарқан жайсаңыз, «Алла разылығы үшін» деп шын ниетіңізбен жасаңыз. Адамдардың алдында абыройға ие болам, байлығымды, барлығымды көрсетем деген ниетпен жасалған іс дұрыс болмас. Ислам дінінде шектен шыққан іске Алланың разылығы болмайды дейді. Мәселен, о дүниелік болған адамды шектен тыс жоқтау, егіліп жылап, көз жасын төгу... бағзыда далалық-тәңірлік ғұрыпта әйелдер шашын жайып жіберіп, беттерін тырнап жоқтау айтқан. Бұл ғұрып кей жерлерде әлі де бар, сақталған. Бұл Ислам дініне қайшы. Алланың ісіне тәуба деп, сабырға келу ләзім. Сондай-ақ жаңа айтып өткен қаржыны желге шашып, қымбат кірпіш, тастан сәулетті зират көтеру, күмбездеу, марқұмның суретін салу, жүздеген адамға шашылып-төгіліп ас беру, шапан, тақия, т.т. тарату секілді ысырапқа жол берілмеуі керек. Оның орнына, расында да асқа, тиын-тебенге зәру болып отырған жарлы-жақыбайға, балалар, қарттар үйіне көмек беріңіз. Міне, өлі үшін де, тірі үшін де нағыз сауап сол болмақ.

- Үлкен жолдардың бойында қаза болған адамдарға «ескерткіштер» көп қойылады. Бұл дұрыс па? Кей адамдар сол жерге барып Құран оқиды...

- Апат болған жерге белгітас, ескерткіштер қою шариғатта жоқ. Қаражат шығарып, ондай белгі қойғаннан гөрі марқұмға оның атынан сауап үшін садақа беруге болады. Осы жерде опат болды деп, белгі-ескерткіш қою, тасты құшақтап жылау, ол жерге барып Құран оқу дұрыс емес. Ата-ана, жақын-жуық дүниенің қай шетінде қайтыс болса да, оларға арнап оқылған Құран, дұға бәрібір жетеді.

- Кейбір атақты, өнер адамдары дүниеден өткенде тірісінде қызмет еткен мекемеден шығарып, қоштасу рәсімдері жасалады. Музыка ойнап тұрады. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Марқұмның атақ-абыройына қарай көпшілік қоштассын деген ниетпен әлгіндей жасаса, оның ешбір айып-шамы жоқ. Тек ол жерде адамның шабытын, сезімін қоздыратындай музыка ойнамауы, ән шырқалмауы, басқадай да Ислам дініне жат әрекеттер жасалмауы тиіс. Адамдар кезегімен марқұм жайлы жылы лебіздерін білдіріп, еске алып, құрметтеп жатса, ол дұрыс. Жай ғана тыныш, қаралы музыка қойса да жетеді.

- Қазір - Ораза айы. Көптеген отбасылар Ауызашар дастарқанын жайып, 25-30 адам шақырады. Солардың арасында тек бірді-екілі адам ғана ауыз бекіткен болып шығады. Мұның мәнісі қалай?

- Әлбетте, ауыз бекітпеген адам Ауызашар жасаса – сауап. Егер әйелі ауыз бекітпей, ері ғана бекітсе, 30 күн бойы жұбайы асын әзірлеп, сәресісін беріп, күтсе, ол әйел де ауыз бекіткен болып саналады. 30 күнде 30 адамға ауызашар дастарқан жайылса, ол іс – үлкен сауап. Мәшһүр Жүсіп мешітінде жекелеген адамдардың, кәсіпкерлердің көмегімен Ораза басталғалы бері күнде қаншама адамға ауызашар рәсімі жасалады. Бұл бізде дәстүрге айналған. Міне, бұл – сауапты іс. Ал отбасында Ауызашар жасағанда ауыз бекітпеген адамдар да келсе, оның еш айыбы жоқ. Қайта олар ауыз бекітудің парыз екендігін, діни уағыз секілді имандылық әңгімелер тыңдайды. Бұл - Алла разылығы үшін атқарылатын тәрбиелік мәні бар сауапты іс. Әрі бұл қайыр-садақа болмақ. Жалпы, ауыз бекітудің үш шарты бар: мұсылман болу, балиғат жаста болу және ақыл-есі дұрыс болу керек. Ауызашар дастарқанын мақтан үшін емес, Алла разылығы үшін деп беру керек.

- Ауызашарда су ішіп, құрма жеу керек. Осы құрманың пайдасы жайлы ислам дінінде не дейді?

- Құрма пальмасы – жер бетіндегі ең қасиетті, игілігі мол, пайдасы орасан зор ағаштардың бірегейі. Құрманы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылманға ұқсатқан. Себебі, шын мұсылман қарапайым болғанымен, айналасына пайдалы келеді емес пе?! Құрма да сол секілді: жапырағы түспейді, жеміс беруін үзбейді. Иә, құрма – Алла мейірімінің ғажап бір көрінісі, адамзатқа сый етілген мәртебелі жеміс. Құрма – жеміс атаулының мырзасы, әрі тағам, әрі дәрі, әрі шырын, әрі қуат көзі...

Алла Елшісінің: «Құрманың жартысымен болса да садақа беріп, тозақтан сақтаныңдар» (Бұхари, Муслим) деген хадисін естігенімізде, аз мөлшерде болса да садақа берудің қаншалықты маңызды екенін ұғынамыз. Құрма – қатерлі ісік (рак) ауруына қарсы заттарға бай. Бұл ағаш Иса  пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) босанған кезде Мәриям анамызға пана болған. Құранның аяттары ең бірінші құрма ағашының жапырақтарына жазылған. Мәдинадағы алғашқы мешіт құрма діңдері мен кірпіштен соғылған. Ислам әлемінде құрманың орны ерекше. Құран аяттарында құрма пальмасы бірнеше рет аталған. Әрі он бес жерде құрманың Алла Тағала тарапынан адамзатқа берілген сый екендігі айтылады.

Бұл жемістің құрамындағы нәрлі заттар қанға жылдам түсіп, ағзаға жеңіл сіңеді әрі тез қорытылады. Құрма бактерия, микробтар мен паразиттерді тасымалдамайды, бұл жеміс аса қатерлі, өлім халіне душар ететін ажалды-амеба микроағзасына қарсы ең жақсы «күрескер» болып табылады.  Құрма – ғарышкерлер үшін таптырмайтын тағам әрі дәрі, сонымен қатар икраға қарағанда анағұрлым пайдалы. Бұл жемісті аш қарында жесе паразиттерді жояды. Қатты шаршаған адам құрманы жегеннен кейін жарты сағат ішінде күш-қуаты оралады, сергектік пайда болады. Құрма – ешқандай химиялық қоспаларсыз, табиғи қалпында ұзақ сақталатын жеміс. Ол қараңғы әрі 0 градус салқындықта егер бетін мықтап жапса, мұздатқышта тұтас бес жыл бойы сақтауға болады. Қабығы кристалды қант тәріздес болған әрі өңезденіп кеткен құрманы сатып алмаған жөн. Құрманың сыртын жуу керек, асқазаны бұзылған адамдар сыртқы жұқа қабығын алып тастап жегені дұрыс.

- Қазір мұсылмандар мешітте неке қиғызады. Ислам діні бойынша неке қиғаннан кейін «Мәһр» сыйлығы жайлы айтылады. Шариғат алдында «Мәһр» уәде етілгеннен кейін оны сыйлау азаматқа парыз саналады. Енді мынаған назар аударыңыз: әлеуметтік желілерде осыған байланысты бір оқиға жарияланды. Неке қиғызғанда қалыңдық «мәһр» сыйлығына пәтер, қымбат авткөлік сұрапты. Сол жерде жігіт некеден бас тартқан екен. Исламда осы сыйлықтың мөлшері бар ма?

- Иә, Мәһр – үйлену кезіндегі ер кісінің әйелге осы атпен беретін, яки кейіннен беруі көзделген  дүние не ақша. Исламда сатылуына не болмаса пайдалануына тыйым салынбаған барлық нәрсені мәһр ретінде беруге болады. Көлік, үй, бағалы заттар, т.б. бәрі осыған жатады. Мәһрдің ең жоғары мөлшеріне келетін болсақ, Ислам оған ешқандай шек қоймайды. Жігіт қызға ат басындай алтын, түйе салмағындай күміс беремін десе - өз еркінде. Бұл сыйлықтың ең азына келсек, Әбу Ханифа бойынша он дирхам күміс немесе соның құны. Яғни екі қойдың құнындай. Ал жеке пайданы көздеп, әлгіндей қымбат дүние-мүлік талап ету дұрыс болмас.

- Енді бір мәселе, мешітте неке қидырғандар кейде ажырасады. Ондайда мешітке барып, некебұзар жасау міндет пе? Ол адамдар басқа біреумен қайтадан отбасын құрарда тағы мешітте неке қидыратынын көріп жүрміз. Мұның мәнісі қалай?

- «Неке (үйлену) – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», - деген Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз хадисінде. Ал енді ажырасу Исламда «талақ» деп аталады. «Талақ» сөзі Ислам шариғаты терминологиясында күйеудің аузынан шыққан немесе әйелдің сұранысымен қазы айтқан, ажырасуды ашық немесе астарлы түрде бейнелейтін белгілі бір сөздермен ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық байланысты үзу дегенге саяды. «Талақ – Алла Тағала жек көретін халал іс» деген қағидатты да естен шығармағанымыз жөн. Алла Тағала Құранда талаққа үш рет қана жол берілетіндігін айтады. Бұдан біз мынадай нәтиже түйеміз: Ислам ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салмаған және рұқсат та бермеген. Құранда былай делінеді: «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» (Ниса сүресі 19-аят) - деп, үстірттіктен тыйып, ойлануға шақырады. Жаратушы Иеміз «Ал енді күйеуі оны (үшінші рет) талақ етсе, ол әйел бұдан былай, басқаға үйленбейінше оған халал емес» (Бақара сүресі 230-аят), - деп, талаққа шек қойған. Демек, ерлі-зайыптыларға үш талақ мүмкіншілігі беріледі. Әйелін үш рет талақ еткен ер адам жұбайын қайта ала алмайды. Қайта үйленулері үшін әйел басқа бір еркекпен тұрмыс құрып, онымен қосылып, ол адам оны талақ етіп, әйелдің күтетін етеккір мерзімі (иддә) бітуі тиіс. Міне, сонда ғана бірінші күйеуі ол әйелді жаңа мәһрмен жаңа неке арқылы өзіне ала алады. Талақ Алла тарапынан күйеуге ғана берілген құқық.

- Еуропалықтар секілді қазір кейбіреулер азаматтық некемен де отбасын құрады. Бір жағдайларда біреулер күнәлі болмайық деп, жасырын неке қидырады. Жалпы, білуімізше неке дегеннің өзі басының бос емес екенін жұртқа жария ету ғой. Бұл жайлы не айтар едіңіз?

- Азаматтық неке деген әйел мен ер адамның ерікті түрде бір-біріне лайықты екендігін сынау мақсатында некесіз қосылып, ата-ана, тума-туыстарына хабар бермей, бірнеше ай немесе бірнеше жыл бірге тұруын айтады. Кейбіреулер оны «еркін махаббат» немесе «іс жүзіндегі неке» деп те атайды. Азаматтық неке шариғатта некесіздікке жатады. Азаматтық зина деп те атауға болады. Себебі азаматтық некеде неке қиылмайды. Үлкен күнә болып саналатын зинаны осылайша «ерлі-зайыпты болуға дайындық» деген желеумен өздерінше адал көреді. Харамды қанша адал көрсең де, ол адал болып кетпейді. Шариғи тұрғыдан азаматтық некенің мынадай зияндары бар. Азаматтық неке зинаға жатады. Ал зина шариғатта үлкен күнә болып есептеледі. Алла Құран Кәрімде бұл жайында: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» дейді. Некесіз ұрпақ дүниеге келеді. Яғни, әлгі күнәні жасап жүргендер бір-бірімізге лайық емес екенбіз деген шешімге келсе, әрі әйелдің аяғы ауыр болып бала дүниеге келсе зинақордың баласы және әкесіз тірі жетім болып өседі. Дүниеге келген сәби әкенің баласы болып есептелмейді, зинақор әйелдің баласы болып саналады. Отбасылық жауапкершілік болмайды, негізінде ер азаматқа отбасын адал табыспен бағу, қамқор болу міндеті жүктеледі. Ұл-қыздың тәрбиесі, үй шаруашылығы әйелдің еншісінде. Ал азаматтық некеде мұндай жауапкершіліктің иісі де жоқ. Олар бар болғаны бір-бірін сынау мақсатымен бір шаңырақтың астында есеппен өмір сүреді. Азаматтық неке жетесіз нәсілдің қалыптасуына септігін тигізеді. Себебі қазақ жұрты өзінің тегін, ұлтын білмейтін ұрпақты жеті атасын білмегенді «жетесіз» деп атаған. Бұл айтылған мәліметтер азаматтық некенің шариғи үкімінің харам екендігін көрсетеді. Жасырын неке деген де дұрыс емес. Неке – расында да, бұдан былай басының бос еместігін жария ететін діни рәсім. Осыны ұмытпағанымыз жөн.

Жалпы, біздің міндетіміз жоғарыда сөз болған мәселелерде Ислам діні бойынша атқарылатын жағдайды халыққа түсіндіру, насихат айту болып табылады. Кім қалай жасаймын десе де, еркі өзінде, ең бастысы Ислам дінінің талабы орындалуы тиіс. Дінімізде артық-ауыс дүние, қаражат шашу, бірдеңені шектен тыс жасау қабыл болмайды. Сондықтан әрбір мұсылман баласы үнемшіл болып, Алланың ақ жолымен жүрсе, жүрегінде иманы болса, ұрпақтарын ізгілікке тәрбиелесе – міне, сол сауап. Ұрпаққа қалдырған дүние, мал, мүлік оған пайда әкелмейді. Ұрпағыңызға жақсы тәрбие беріп, дұрыс жол сілтесеңіз, міне, Алла алдындағы сауапты ісіңіз сол болмақ!

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан –

Сая МОЛДАЙЫП.

 

 

0 пікір