Ырымға сенуге бола ма?!
Ырымға сенуге бола ма?!
04.10.2016 10:14
6513
0

Ислам діні әлемдік монетистік дін, ол адам баласын ешбір серігі жоқ бір Аллаға сенуге шақырады. Сондықтан хақ дініміз-Ислам құлшылық қылуға әлемде өзінің серігі, теңдесі жоқ, құдіретті күш иесі жалғыз Алла Тағала ғана лайық екендігіне илануға, сол үшін төмендегі иманның негізгі шарттарына иман келтіруге үгіттейді:

-Алланың жалғыздығына иман,

-Алланың жаратқан періштелеріне иман,

-Алланың адамдар үшін түсірілген кітаптарына иман,

-Алланың жіберген пайғамбарларына иман,

-Ақырет күніне жақсылық жамандық Алладан болатындығына ,

-Өлгеннен кейін қайта тірілетіндігімізге сену болып табылады.

Алла Тағала тарапынан жіберілген барлық пайғамбарлар таухидды насихаттаған, пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммед(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мекке қаласында   он үш жыл бойы бір Аллаға сенуге шақырды, яғни «Лә иләһа иллалла» (Алладан басқа тәңір жоқ) деп Мекке қаласындағы нешетүрлі пұтқа табынушыларды одан арылуға шақырды. Өйткені арабтардың ертеден келе жатқан ежелгі наным сеніммен қалыптасқан ұғымдары сондай болған. Ежелгі наным сенімдер фетишизм, тотемизм, анимизм, шаманизм, магия. Бұл наным-сенімдерге қысқа ғана  тоқталар болсақ:

Фетишизм- діни білімі таяз адамдар өз ой қиялдарымен кез келген затқа табынады. Мысалы әртүлі кейіптегі тастар, мүсіндер зергерлік бұйымдар оны тұмар қылып тағып алу тағы басқадай заттарға жол болады деп сену мысық алдыңнан кесіп өтсе жолым болмайды деп сену. Африкалықтар осындай өздері табынып сиынып жүрген нәрселерінен жолы болмай қалса оны лақтырып тастап басқасына табынады екен және оны ерекше қадірлеп, қасиетті деп құрметтейді. Осындай іс әрекеттер жасырып жабары жоқ біздеде көрініс тауып жатады. Бұлақтың басына шүберек байлау, мойнына тасбих тағып алу, өлген адамның басынан нан айналдыру немесе үйден адамдар жиі қайтыс болса шеге қағу, таға қағу немесе қабірдің топырақтарына аунап шипа тілеу-осылар фетешизмнен болады.

Анимизм- деген ол жан мен рухтар туралы ой қияли түсінік алу, адам өлген соң жаны басқа біреуге қонады немесе басқа жануарға қонады дегендей пікірде болу.

Тотемизм- Адамдар өздерінің ата тектерін бір жануарлармен немесе өсімдіктермен ерекше байланысты деп түсіну,сол сенімі арқылы сол жануарды немесе өсімдікті ерекше қасиет тұту.

Шаманизм-  кейбір адамдардырухтар қолдаған, оның аруағы бар адам деп ол біреулерден қорқып жүреді. Шындығында ол олай емес, ислам қағидасы бойынша ол адам жынмен байланысқан адам болып есептелінеді, осы жыны оған біреу туралы және болашағы туралы барлық нәрсені баяндап жеткізіп тұрады. Ол жын бір шындыққа тоқсан тоғыз өтірігін қосып жеткізеді сол арқылы адамдарды тура жолдан тайдырып адастырады. Адам қалай адасып қалғанын білмей қалады. Кейде ол жын оны қысқанда ол адам өзіне ие бола алмай жынданған адамның тірлігін жасайды. Ондайларды кейде бақсы деп те атайды.

Магия-бұлда жын мен шайтан арқылы сиқырлық жасау, бал ашу әртүрлі жамандықтар жасау неше түрлі заттармен сол арқылы адамдарға зұлымдық жасайды. Осымен айналысқан адамға ахиретте Алланың қатты азабы күтіп тұрғанын есінен шығармасын.

Алла  Тағала пендесі өзіне сеніп сиынып жүрсе онымен бірге болады, егер ол сенетін табынатын басқа бір нәрсе тапса Алла оны өзінің назарынан алып тастайтындығын ұмытпауымыз керек. Алланың назарынан құр қалсақ жаңағы табынып сиынып жүрген нәрсемізбен басымыз айналып ауырады екенбіз, сосын кейін өлгендеде соған сеніп өледі екенбіз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Қаласам пендемнің барлық күнәләрін кешіремін, бірақ маған серік қосқанды маған басқа бір нәрсені ортақ қосқанды кешірмеймін»,- деген. «Ал кім Аллаға серік қылып ортақ бір нәрсе қосса расында ол өте қатты адасады»,- деген «Ниса» сүресінің 116-ыншы аятында.

Сол сияқты ортамызда көрініс беріп ел аузында: «туған-туыстарымыз өмірден өткен соң қайта айналып келіп үй босағасынан сығалап қарап тұрады екен»,-деген сөз, не болмаса шелпек пісіріп: «үзбей, жыртпай, теспей пісірдім, осыған арнайы Құран оқып беріңізші»,-деп те айтып жатады. Міне осы сияқты дұрыс түсінік қалыптаспаған ырым-тиымдар мен жоралғылар, көптеп кездеседі. Мұндай көріністер біздің діни біліміміздің таяздығын көрсетеді. Қазір ҚМДБ (Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы)-ның ғұламалары кеңесі, Muftiyat.kz  діни танымдық порталы,  ҚМДБ-ның пәтуа және шариғат бөлімінің Fatua.kz порталы, ҚМДБ-ның әр облыстағы өкілдіктерінің діни-танымдық портал-сайттары түсінбей жүрген кез-келген сұрақтарға жауап бере алады. Сонымен қатар «Ислам және өркениет» газеті, «Иман» журналымен қоса жыл бойы ҚМДБ-ның сараптамасы арқылы ондаған діни-танымдық кітаптар мен оқулықтар жарық көруде. Ізденген жан осылар арқылы өзіне күмән туғызған кез-келген сұрақ, сауалдарына тыңғылықты жауаптар таба алатыны хақ.

Қорыта айтқанда, өз ойымызға не келсе соны ырымдап, дін деп түсінсек үлкен қателікке ұрынатынымызды есте сақтайық.. 

 Алла Тағалаға иман келтірген  асыл да хақ сенімімізге дақ түсірмей ақырға демімізде «Лә иләһа иллалла!»,- деп айтып өмірден иманмен өтуді барлығымызға  нәсіп етсін.

Абилдабек Хайрол     

                            Екібастұз қалалық мешітінің наиб имамы 

0 пікір