ҮШ БИДІҢ КӨҢІЛ АЙТУЫ
ҮШ БИДІҢ КӨҢІЛ АЙТУЫ
21.05.2020 09:15
1451
0

ХІХ ғасырда Ұлытау өңірін дара билеген Ерден Сандыбайұлы (18081862) дейтін атақты шұбар балақ шонжар өткен.  Ердекең ел қорғаған батыр, аға сұлтан, дуанбасы болған адам.  Бағаналының төрт босағасының бірі атанған Сандыбай бидің баласы. Өз заманында  ол орыс билеушілерімен де, ұлт-азаттық қозғалысын басқарған Кенесары ханмен де тіл табысып, жақсы дипломатиялық қарым-қатынаста болған.

Бірде батырдың Бәйменді дейтін баласы дүниеден өтіп, Ердекең бойын көтере алмай, жер бауырлап жатып қалады. Ерденнің еңсесі түскені жайлы хабар алты алашқа тарайды. Содан батырға көңіл айту үшін арғын Шоқай би, қыпшақ Досбол датқа, атақты би бағаналы Қарамең де келеді.

Үшеуі келіп сәлем берсе Ерден сәлем алмақ тұрғой басын көтермейді.

Сонда Қарамеңде би:

Ей, Ерден, хан емес, қара едің ғой,

Қарадан туған нар едің ғой,

Кешегі Сандыбайдың заманында,

Мына мен бар едім ғой,

Сен жап-жас бала едің ғой,

Бір баласы үшін,

Ерден бүйтіп бүгіліп жатыр деген,

Сырттан қарағанда, ар еді ғой, – деп бір тоқтайды.

 Ерден басын көтермей жата береді. Сонда Шоқай би:

Ау, шырағым, Ерден!

Кеткенің бе, кердең,

Әкең Сандыбай да өлген,

Оны мына Шоқай көрген,

Көтер басыңды! – дейді. Ерден былқ етпейді.

 Сонда Досбол датқа:

Уа, Ерден өлмесе қайда кетті,

Бұрынғының кәрісі,

Пайғамбар, шадияр, бәрісі,

Өлген жан қайта келмейді,

Өлім жолдың ең алысы,

Ей, Ерден басыңды көтер жерден,

Қолыңды әкел бермен, – дейді.

 Осы сөзден кейін Ерден басын көтеріп, үш биге қарап былай депті:

Өлген жанды қайтарам деп,

Жатқаным жоқ,

Әкем Сандыбай да өлген,

Оны қолымнан көмгем,

Айтылатын сөз айтылмай,

Келетін сендер келмеген соң,

Наз ғып жатқыным ғой… – деген екен.

Бұдан кейін Досбол шешен үшеуінің атынан:

Бәрекелді, Ерденжан,

Қадамыңа нұр бітсін,

Жақсы атан басқа ұрса да, бақырмайды,

Жақсы жылқы жетелесең тартынбайды,

Туғанына ел қуанды,

Қойына алып көр жұбанды,

Балаң шапағатшы болсын! - дейді.

 

0 пікір