ТҰСАУКЕСЕР ЖАСАУДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?
ТҰСАУКЕСЕР ЖАСАУДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?
03.08.2022 10:58
2152
0

Қазақ халқы ерте заманнан бүгінгі күнге дейін балаға, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Мысалы, сәби дүниеге келгенде Шілдехана өткізілсе, қырық күннен кейін тағы да қырқынан шығару шарасы өткізіледі. Сәби есейгенше оның құрметіне 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылса, соның негізінде халқымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген деген тұжырым жасауға болады. Себебі, халқымыз баланы бақыттың бастауы дейді. 20-дан астам іс-шаралардың бірі – тұсау кесер деп аталады.
Тұсаукесер – бала өмірінің үлкен белесі. Өйткені бала бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, қадам басқан кезде, тұсауын кеседі. Тұсаукесердің түпкі мақсаты – ба¬ланың қуанышын бөлісіп, алғашқы қадамына жақсылық тілеу. Яғни, сәбидің жүр¬геніне қуанып, оны ағайынмен бөлісіп және көпшілік алдында балаға игі тілектер айту. Халықтық түсінік бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер тойы да сүндет той секілді әрбір қазақ шаңырағында ерекше дайындықпен міндетті түрде аталып өтілетін дәстүрлі қуаныш.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ халқы тұсаукесерде ала жіп қолданған. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындаған. Бұл – тіршіліктің нышаны. Түсіне білсек, мұның мағынасы тым әріде жатыр. Қарап отырсақ, өмірде барлығы жұп-жұп болып жаратылған. Өмір сынақ мекені болғандықтан, ол ылғи қатар келіп отырады. Айталық, қараңғы мен жарық, ыстық пен суық, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық тағы басқасы. Бұлар қатар жүреді, бірінсіз бірі болмайды. Осының барлығын мінсіз жаратқан бір Алла ғана жалғыз.
Көбінесе қазақтар баланың тұсауын ала жіппен, қылдан ескен шыжыммен немесе ішекпен кеседі. Мұның мәні мынада: қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен – осы тұсауы кесілген күннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырындылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді.
Тұсаукесер күні арнайы белгіленіп, қонақтар шақырылады. Жиналған көпшілік арасынан көбінесе жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті қасиеттерімен көзге түсетін қағылез, пысық адам таңдалып алынып, нәрестенің тұсаукесерін соған тапсырады. Тұсау кескен адамға сәбидің тұсауына байланып, арнайы «тұсау кесер» сыйлығы беріледі.
Қалай десек те, өзіміздің ата-бабамыз қаншама жылдардан бері істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, жақсы ниет, мықты тәрбие жатыр. Шариғат түсінігінде да жақсы бастаған істі жақсылыққа балап, игіліктен үміт ету – тәфәул жасау үрдісі бар. Балаларға қамқорлық жасап, тәрбиелеумен қатар олар үшін Алладан дұға тілеуді де ұмытпаған жөн. Алла ата-ананың өз перзенті үшін жасаған дұғасын сөзсіз қабыл етеді.
Қарап отырсақ, қазақ халқы «Тұсаукесер» салтын бала өміріндегі әрбір кезеңінің әр қадамының сәтті болуы үшін жақсы ниетте жасаған. Тіпті қиылған ала жіпті ағайындар «сондай күнге біз де жете берейік» деп алатын болған. Тұсаукесер дәстүрі сәби өміріндегі келесі бір кезеңнің басталғандығын білдіреді. Аяғын тәй-тәй басқан бүлдіршіннің жолы ашық болып, келешекке нық қадам басып, көп сүрінбеуіне үміт ете жасалатын жоралғы. Шариғатта мұсылмандар жақсы көрген игі дәстүрлер де жағымды саналады.
Тұсау кесер сәті алдында жиналғандар кең дала, таза ауаға шығып, үсті түрлі тәтті дәмге толы бала-шағаға арналған дастарқан маңына, қызық тамашаға жиналады. Тойдың негізгі жанкүйерлері – балалар алыстан жаяу жарысқа жіберіледі, озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы бар дәмге ие болады, оған арнайы сыйлық беріледі.
Бұдан соң, «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» т.б. тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде «Тұсаукесер» жыры шырқалады:

Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Қаз-қаз, балам, қаз балам.
Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін,
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық,
Қаз-қаз, балам, жүре ғой...

Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!

Міне, осыдан бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды, қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады.


Арқар Серікбек

 

0 пікір