ТОПЫРАҚ БОЛ, ГҮЛ ӨССІН
ТОПЫРАҚ БОЛ, ГҮЛ ӨССІН
18.05.2015 11:02
3597
0
Абдусамад Оқан, PhD докторанты, исламтанушы

Немесе
Мүмін құрма ағашына ұқсайды 

Қасиетті Құран Адам баласының «تراب» топырақ, «طين» балшық, «صلصال» құрғақ топырақтан жаралғандығы жайлы (Әли Ғимран, 95; Әнғам, 2; Хұжыр, 26; Мүминун, 12; Рум, 20; Рахман, 14; Фатыр, 11) бірнеше жерде кеңінен тоқталған.

Алла тағала: «Ол күллі затты аса шебер жаратты. Адамның жаратылысын балшықтан бастады. Содан соң оның нәсілін арзымас судың негізінен (мәниден) жаратты»[1] десе, Алла елшісі (с.ғ.с): «Ақиқатында Алла Адамды (а.с) жер бетінің барлық топырағының жиынтығынан жаратты. Содан кейін Адам балалары ақ, қызыл, қара түсті, жақсы және жаман, жұмсақ және қатты болып жер бетінің әртүрлі топырағынан жаралған»[2] деген.

Ибн Кәсир: Алла тағала Адамды (а.с) топырақтан жаратқан. Демек, сендердің негіздерің – топырақ. Содан кейін шәһуат тамшысынан, одан кейін ұйыған қаннан, одан кейін кесек еттен, соңында адам бейнесіндегі сүйекке айналдырып, сүйекті етпен қаптады. Сосын жан бітірді. Адам баласы анасының құрсағынан әлсіз болып дүниеге келді. Уақыт өткен сайын қимыл-әрекеті, күш-қуаты кемелдене түсті. Бара-бара қалалар, қорғандар салды. Төрткүл дүниеге тарап, теңіздерде сапар шекті. Кәсіп етіп, мал жиып, түрлі мамандықтың иесі болды. Әркім еңбегіне қарай, ақыл-парасатына сай дүние және ақырет істерін игерді. Олар жақсы-жаман, бай-кедей және бақытты-бақытсыз болып әртүрлі дәрежеге бөлінді. Сол себепті Алла тағала: «Сендерді топырақтан жаратқандығы, одан кейін адам болып (жер жүзіне) таралуларыңның өзі де, Оның (құдіретінің) белгілерінің бірі»[3] деген[4].

Қазақ халқы «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетерсіздіктің белгісі» деп тегіміз болған Адамды (а.с) білу, ол Адам (а.с) жаралған топыраққа мән беру керектігін ұқтырса керек. Ислам ғұламаларының: «Топырақ бол, гүл өссін» деген қанатты сөзі де Адам баласының топырақтан жаралуы мен адам болып өмір сүруінің арасында тығыз байланыстың жатқандығын бірнеше мағынада талдап қарауға болатын сияқты бізше.

Топырақ – кішпейілдіктің символы. Неге дейсіз-ғой?! Біз көбінесе көзтартарлық көрініс, әдемі үй, жақсы машина, тағы басқаларға таңғала қарап жатамыз. Алтын-күміс, гауһар тастармен өмірдің байлығын өлшейміз. Алайда біз «бағалы» деп білген бұл нәрселеріміз, тіпті өз жаратылысымыз, ішкен-жеген тамақтарымыз, киген киімдеріміз, жер асты, жер үсті байлықтарымыз, т.б барлығы да топырақтан шығады. Соған қарамастан біз көп мән бермейтін, әрдайым табанда тапталып, ескерусіз жататын топырақтың өзіне емес өзгеге, (өзінен шығатын) күллі жаратылыс атаулыға тіршілік сыйлап тұратыны ақиқат еді.

Демек, мағынаға толы Адам баласының топырақтан жаралуы дана Абайдың: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»[5] деп айтқанындай кішпейілдікті ту етіп, өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүру құлдық жолы.

Мұның дәлелі – Адам ата (а.с) мен Хауа ананың өмірінде тыйым салынған ағаштың жемісін жеуден болған[6] жазатайымдық ісінің жүз беруі еді. Алайда, қолымен істегенін мойнымен көтеру пайғамбар сүннеті екенін білген Адам (а.с) тәубесіне келіп, Жаратушысынан кешірім сұрап, адамға тән кішіпейілдік танытуымен кеңшілікке ие болса, Ібіліс Аллаһтың: «Адамға сәжде (құрмет) қылыңдар»[7] деген әміріне қарсы шығып, қателігін танудың орнына мен-мендігі арта түсті. Бұл ісі оны Алла тағаланың азабына ұшыратып, лағынетіне ұрындырды. Адамзат өмірінде алғаш көрініс тапқан бұл оқиға бізге кішпейілдік Пайғамбар жолы, тәкәппарлық Ібіліс жолы екенін ұқтырады.

Топырақ – қияметтің хақтығын растайды. Бүкіл өсімдіктердің күзде қурап топыраққа айналуы, келесі жазғытұрым бойларына жан кіріп, топырақ қойнауынан тіршілік есігін қайта ашуы мәңгілік ақырет өмірін растайды. Шортанбай Қанайұлы:

Атамыз Адам пайғамбар,
Топырақтан жаралған.
Мұсылман, кәпір, халайық,
Сол Адамнан таралған.           

Ұрлық пенен қорлықтан,
Өтірік, ғайбат, зорлықтан,
Бойыңды тартып тек жүрсең,
Көрмессің деген залалды. 

Белгісі деген бейіштің,
Жазғы салқын самалды.
Тәркі деген тамұқтың,
Қысқы суық амалды[8] - деп,
Адамның (а.с) топырақтан жаралғанын, адамзаттың сол кісіден таралғанын айта келіп жазғы әдемі көріністі Жұмаққа, ызғарлы қыстың суығын Тамұққа теңеген.

Яғни, бұл «егістік алаңы» болған дүние өмірі әркімге – тамыры топырақты терең бойлаған өміршең ағаш тәрізді.     

Жер бетінде көптеген жаратылыстар жылдар, ғасырлар өтуімен топыраққа айналып, жоғалып кетеді. Соның ішінде кейбір ғасырлар бойы жемісін беретін құрма ағаштары да бар. Міне, бұл мүмін құлдың ұқсасы. Абдуллаһ ибн Омар: Алла елшісі (с.ғ.ғ): «Ақиқатында мұсылманның ұқсасы болған жапырағы түспейтін бір ағаш бар. Маған оның қандай ағаш екенін айтыңдаршы? – деді. Әркім ойына келген сахараның түрлі ағаштарын айтып, құрма ағашынан ауытқып кетті. Сол кезде менің (Абдуллаһ) ойыма құрма ағашы келді. Бірақ, (жасы үлкендер тұрғанда) айтудан ыңғайсыздандым. Содан кейін олар: Уа, Алланың елшісі! Ол қандай ағаш – десті. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): Ол, құрма ағашы – деді»[9] деген.

Қасиетті Құранда: «Расында Мен жер жүзінде халифа жараттым»[10] деп адам баласын Өзінің жер бетінде халифасы етіп жарату сыры да – сауабы қияметке дейін таусылмайтын келелі іске лайық өмір кешу болса керек. Себебі, қиямет күні ізгі амалы болмаған жан: «Әттең, бүйткенше топырақ болып-ақ қалсамшы»[11] деп  бұл дүниеде, соңы топыраққа айналып кететін өзге хайуандардың қатарында немесе топырақтың өзі болмағанын аңсайтындығ айтылған. Яғни, адам баласының Алла разылығы үшін істеген ісі ғана өзге жаратылыстан үстем етіп, абыройын асқақтатпақ. 

[1]Сәжде, 7-8 аят.
[2]Әбу Дәуіт, Термизи.
[3]Рум, 20-аят.
[4]Мұхтасар Ибн Кәсир, 2-том, 262-бет.
[5]Абай шағармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 123-бет.
[6]Бақара, 36-аят.
[7]Бақара, 34-аят.
[8]Он ғасыр жырлайды, 200-201 бет.
[9]Шархү ән-Нәуәуй ғәлә Мүслим, Китәбү сифатил қияма, 63-хадис.
[10]Бақара, 30-аят.
[11]Нәбә, 40-аят.

0 пікір