Теңдессіз жомарттық иесі
Теңдессіз жомарттық иесі
26.12.2015 10:56
2265
0

Жомарттықтың ең шынайы үлгісін Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзінен ғана көретініміз анық. Өйткені Ол нағыз жомарттықтың теңдессіз иесі болатын. Өзінен гөрі өзгені ойлап, һәм «үмметім, үмметім» деп жүретін де Сол. Басқаша айтқанда, өзіндегінің бәрін басқаға түгел беріп жіберу, өзіне зәрредей де нәрсе қалдырмау – Оның қолынан келетін. Себебі, Ол үмметіне келгенде, еш нәрседен аянып қалмайтын, сол үмметі дегенде, қамқорлық жасағысы келетін де тұратын. Бұл Пайғамбарымызға (с.а.с.) ғана тән қасиет. Сөйтсе де, әлгі жомарттықты Пайғамбарымыздан (с.а.с.) өзінен үлгі етпекке әркімнің де мүмкіндігі бар. Тіпті сол Пайғамбарымыздай ұқсап бағуға таласы жоқ емес. Тегінде, «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген жай айтылмаған.

Бірде Айша анамыздың (р.а.) үйіне әлдебір пақыр келіп, өзінен жейтін бірдеңе сұрайды. Алайда, Айша анамыздың (р.а.) үйінде де мандытып ештеңе жоқтұғын, тек бір наннан басқа әрине. Осыған қарамастан ол қызметкеріне:

- Оған нанды берші! – дейді.

Ал қызметкері болса:

- Кешке ауыз ашатын ештеңе жоқ! – дейді.

Бір қызығы, Хазіреті Айша (р.а.) өзінің де аузы беріктігіне қарамай:

- Сен нанды оған бере бер! – деді.

Оқиғаның арғы жағын қызметшісі былай деп жеткізеді:

- Хазіреті Айша айтқан соң, нанды оған беріп жібердім. Кещкісін біреу бізге піскен бір үзім қой етін беріп жіберіпті.

Хазіреті Айша (р.а.) мені шақырып:

- Ал, жей ғой! Бұл сенің наныңнан да дәмдірек! – деді.

Хазіреті Айшаға жомарттық мәселесіндегі бұл пейіл Хазіреті Пайғамбарымыздан (с.а.с.) дарыған болатын. Шын мәнісінде, бұл Айша анамыздың (р.а.) өз пейілі мен жомарттығының Пайғамбарымызға (с.а.с.) ұқсап бағудан туған ізгі ниеті еді. Ендеше біз де Пайғамбарымызға (с.а.с.) лайықты бір үммет болуды ойлап, Оған ұқсап бағуға тырысқымыз келсе, тек жомарттық ғана емес, Оның бар үлгі-өнегесін тұла бойымызға сіңіруге бейіл болайық!..

Ғ. ТАСҚҰЛ

0 пікір